Бұрынғы өткен заманда Қасым атты хан болыпты. Ханның өзі хандығын елден асырса да басында бір қайғы болыпты.
Бір баланың жоқтығынан хан алты әйел алса да бала көрмепті. Бір күні хан халқын жинатып, ақ бата алып, қажыға жүреді. Хан бірнеше күндей жол жүріп, Алатау деген тауға келіп түнейді. Түнде көзі ілініп кетсе, түсінде үш пері келіп: «Хан, басыңды көтер, еліңе қайт, барғаннан кейін әйелің екіқабат болады!» – дейді де ғайып болады.
Хан ұйқыдан басын көтеріп алса, ешкім жоқ. Сонымен хан еліне қайтады. Еліне келіп, арада бірнеше ай өткеннен кейін, кіші әйелі жүкті болады. Бір ұл табады, хан ұлдың атын Пырақ қояды.
Пырақ он жасқа келгенде, жақсы-жаманды ажырататын болады. Хан Пырақты атқа міндірейін деп, қол астындағы халқын жинатып, үлкен той істемек болады. Барлық тойға керекті нәрселерді даярлап, халқына хабар береді. Алыс елде екі досы бар екен, оған да хабар береді. Досы атпен келуге алыс болған соң, бір ағаш ат істетеді. Ол ағаш аттың оң құлағын бұраса, ұшатын, сол құлағын бұраса, қонатын болады. Сөйтіп, досы тойға ағаш атпен ұшып келеді.
Хан досын алыстан келген мейман деп, қарсы алып, үйге кіргізеді.
Сол уақытта далада ойнап жүрген Пырақ: «Жаны жоқ ағаш атқа қалай мініп келді?» – деп тамаша қылды. Ағаш атқа мініп көріп, бір құлағын бұрап қалғанда, ағаш ат аспанға ұша жөнеледі. Халық дереу Қасым ханға хабар береді. Хан шыққанша, бала аспандағы бұлтқа кіріп көрінбей кетеді.
Хан баладан айырылып, жиналған жұртты тарқатады. Не істерін білмей сасқан бала ағаш аттың екі құлағынан қос қолдап ұстап алады. Оң құлағын бұраса, ағаш та жоғарылай түседі, сол құлағын бұраса, ағаш ат бір қаланың шетіне келіп түседі.
Ағаш атты сол арадағы бір үлкен тастың астына тығып, жаяу қалаға келеді. Қалаға келіп, бір үлкен қораға кірсе, қораның ортасында шам жанып тұр екен. Шамның жанына барса, қасына бір кемпір келіп: «Әй, балам, түн ішінде не қылып жүрген баласың?» – деп, аты-жөнін сұрап, үйіне апарып тамақ береді. Тамақ береді де: «Балам, сен бұл жаққа бір жаманшылық болып келіп қалыпсың. Енді сен маған бала болғын!» – дейді.
Пырақ: «Мақүл, шеше, бала болсам болайын»,– дейді. Сонымен кемпір төсек салып беріп, баланы жатқызады. Таң атады, бала ұйқысы қанып тұрады. Кемпір баланың тамағын беріп, қолына ақша беріп, базарға жұмсайды. Бала базарға барып қайтып келе жатса, бір сұлу бала самауыр қайнатып, шай сатып отыр екен. Пырақ баланың аты-жөнін сұрайды. Бала бастан-аяқ жайын айтады. «Мен ханның баласы едім, бір ханның қызына ғашық болып, содан осы жерге келіп, шай сатып отырмын», – дейді бала. Пырақ: «Сен ғашық болсаң, сол қызды іздеп бармай, мұнда шай сатып отыруың қалай?» – дейді. Сонда самауыршы бала: «Менің ғашық болған қызым жанында қырық нөкері бар, осы дүкеннің басында отыр», – деп қызды сыртынан Пыраққа көрсетеді.
Пырақ қызды сыртынан көріп, туған, тұрған жерін біліп, үйіне қайтып келеді. Кешке Пырақ кемпірді ұйықтатып тастап, баяғы тығып кеткен ағаш атын алып, хан қызының үйіне келеді. Ағаш атын тысқа қоя салып, ептеп есіктен сығаласа, қыз қырық нөкерімен ұйықтап жатыр екен. Бала үйге кіріп, ұйықтап жатқан хан қызының екі қабат шәйі орамалын ашып, бетінен сүйеді де үйіне қайтып кетеді. Күтушілер қыздың салмағын күніге өлшеп тұрады екен. Ертеңіне күтушілер қызды күндегідей өлшесе, салмағы бір мысқал артып қалыпты. Оны хан естіп: «Қызым жататын үйдің есігіне, табалдырығына бояу жағып қойыңдар, кімде-кім келсе, ертең ізінен мәлім болады. Із түссе, ертеңіне елді тінтіп қарап, киімі боялған адам дарға асылсын!» – деп жарлық береді. Ханның бұйрығы бойынша уәзірлері қыздың есігіне, табалдырығына бояу жағып қояды. Пырақ түнде тағы да ұрланып келіп, ұйықтап жатқан қыздың бетінен орамалын көтеріп бір сүйеді де үйіне қайтып келіп жатады. Ертеңіне қараса, үсті-басы бояу болып қалған екен. Сөйтіп отырғанда, үйіне бір диуана келеді. Пырақ бар киімін сол диуанаға береді. Күтушісі келіп, қызды өлшесе, тағы да екі-үш мысқал ауырлап қалыпты және табалдырықта біреудің ізі қалыпты. Хан естіп, қаһарланып, дереу жан-жаққа жасауыл шаптырып, елді қаратады. Бір жасауыл намазға жиналған адамдарға барса, баяғы бояу жағылған киімді киіп тұрған бір диуананы көреді. Көре салып: «Сен екенсің ғой!» – деп, диуананы ұстай алып, айтқан сөзін тыңдамай, дарға астырады.
Сол күні келіп жүрген кім екенін білейін деп, барлық қырық қызды ұйықтатып тастап, ханның қызы ұйықтамай ояу жатады.
Пырақ күндегісіндей үйге ұрланып кіріп келіп, бетінен сүйе бергенде, қыз қолынан ұстай алады. Сөйтіп, қыз аты-жөнін сұрайды. Пырақ бастан-аяқ басынан өткен істердің бәрін жасырмай айтып береді, қыз да балаға ғашық болады.
— Сен ертең де кел. Мен әкемнің қазынасынан ат басындай алтын, қой басындай күміс ділдә алайын, сонан соң екеуіміз қашайық! – деп, қыз сөз береді.
Пырақ түнімен қыздың қасында болып, таң алдында үйіне қайтып келеді. Күндіз үйінде болып, түнде уәде бойынша қызға келсе, барлығы даяр болған екен. Қызды дүниесімен ағаш атқа мінгізіп алып, екеуі ұшып кетеді. Ұшып отырып бір жерге келіп қонса, ол бір үлкен қала екен. Күніне үш ділдә беріп, бір үй тауып алып, екеуі тұра береді. Арада төрт күн өтеді. Пырақ сол қаланың ханымен танысуға көңілі кетеді. Әйеліне ақыл салады. Әйелі Пырақтың көңілін қимай: «Мейілің, шақырамын десең, шақыр!» –дейді.
Пырақ шақырып келеді. Әйелі неше түрлі тағам істеп, ханды әбден күтеді. Пырақ ханмен дос боламын деп, тартуға бір табақ ділдә әкеп қойып еді, қараңғы үй жарық болып кетті.
Үйінен хан ділдә алып шыққанын көріп қалып, қаланың қарақшылары ел тегіс ұйықтаған кезде, Пырақтың үйіне кіріп, барлық ділдә, ақшаларын ұрлап кетеді. Барлық ақшасынан айырылған Пырақ: «Қалай күн көреміз!» – деп қайғырып отырды. Пырақтың әйелі диуанаға берем деп, терезе түбіне жеті тиын алтын қойған екен, сол ақша есіне түсіп қараса, ақша орнында тұр екен. Әйелі ақшаны алып, Пыраққа: «Жаным, қайғырма, мына жеті тиынға базарға барып келгенінше жібек алып кел!» – дейді.
Пырақ базарға барып, жібек алып келеді. Ханның қызы жібектен дереу кілем тоқып, кілемнің ортасына өзінің суретін басып: «Апарып сайдағы лайға малып, сілкіп-сілкіп жіберсең, жарқырап шыға келеді. Содан кейін базарға алып барып сат, бірақ он бес сомнан кемге сатпа. Ақшасына тағы да жібек алып кел!» – деп Пыраққа береді. Пырақ кілемді апарып, лайға малып, сілкіп-сілкіп жіберіп еді, кілем жарқырап шыға келді. Бір қашқарлық он бес ділдәға алып, тағы үш кілемдік ақша берді. Пырақ он бес ділдәға жібек алып, қалғанын әйеліне берді. Әйелі жібектен тағы кілем тоқып, ақша алған қашқарлыққа апарып бергізеді. Әлгі қашқарлық кілемдегі суретке ғашық болып, Пыраққа: «Мен сізден оқысам бола ма?» – дейді.
Пырақ: «Болады, оқысаң, ертең менің үйіме келе ғой!» – деп кетіп қалады.
Ертеңіне қашқарлық үйіне барып, Пырақтың әйелін көргенде, талып қалады. Оны Пырақтың әйелі сезеді, бірақ күйеуіне сездірмейді. Пырақ қашқарлықтан:
— Неге талып қалдыңыз? – деп сұрайды.
Қашқарлық: «Қояншығым бар еді», – деп жауап береді. Қашқарлық Пырақтан біраз сабақ алып, кетерінде Пыраққа: «Әйеліңізбен менің үйіме меймандыққа келіңіз» – деп шақырады. Ертеңіне Пырақ әйеліне: «Меймандыққа барайық», – десе, әйелі: «Бармаймыз», – дейді. Ақыры әйелі бармаған соң, Пырақ шақырған жерге бармауға болмайды деп, өзі кетеді. Қашқарлық Пыраққа ішкілік ішкізіп, мас қылып, бір тамға апарып тастайды да қолындағы алтын сақинасын алып, Пырақтың әйеліне бір жігітті жібереді. «Мына алтын сақинаны көрсетіп, Пырақ шақырып жатыр десең, әйелі келеді», – деп, тапсырады жігітке.
Әйел алтын сақинаны көргеннен-ақ бір пәленің болғанын сезеді, жігітке білдірмей бір қанжар алып, қашқарлықтың үйіне келеді. Үйге кіре бергенде, жігіттер жабылып, әйелді Пырақ жатқан тамға кіргізіп жібереді. Әйел тамға кіріп барса, қараңғы тамда Пырақ жатыр. Дереу қанжарымен тамның бір жерін тесіп, Пырақты шығарып, енді өзі шығайын деп жатқанда, қарауылдар көріп қойып, әйелді ұстап алады. Айырыларда әйелі Пыраққа: «Сен үстіңді өзгерт те нан сатқын», – деп, ақыл айтады. Сөйтіп, қыз қамауда, жалғыз өзі бір тамда жата береді. Тамақ берсе, ішпейді.
Арада үш күн өткеннен кейін, қыз тамның терезесінен қарап отырса, нан сатып жүрген Пырақты көреді. Қыз бір жігітті шақырып алып, қолына хат жазып беріп: «Мынау хатты апарып берсең, анау сатушы нан береді», – деп, Пыраққа жібереді. Пырақ хатты алып, нанды беріп жіберіп, енді хатқа қараса: «Бүгін түнде тамыр болған ханның екі атын, екі қылышын сұрап алып, терезенің тұсына келіп тұрғын!» – депті.
Пырақ ханға барып екі ат, екі қылыш сұрап алып, түнде тамның түбіне келіп тұрып, ұйықтап қалады. Пырақ ұйықтап жатқан жерге адам жұтатын бір жалмауыз келіп, бір атқа мініп, ол да тұра береді.
Әлден уақытта қыз терезеден секіріп түсіп, бір атқа мініп, екі аттылы қашып жөнеледі. Таң атқан соң, қыз қасындағы аттылыға қараса, жуан келген қара жігіт. Қыз жігітке сыр бермей: «Қайда барамыз?» – дейді.
Жігіт: «Жүре бергін», – дейді. Сөйтіп жігіт қызды бір үлкен қораға алып барады. Қыз бір қорадан қамаулы малды, екінші қорадан көгендеп тастаған көп адамдарды көреді. Жалмауыз қызға екі қора толы малдарды, адамдарды көрсетіп, мақтанып далаға шығады. Даладан басында бір ілмек жіп салбыраған діңгек ағашты көріп, қыз:
— Мынау не? – дейді. «Ол - адамдарды дарға тартатын ағаш», – дейді жалмауыз. «Адамдарды дарға қалай тартады?» – дейді қыз. Ойламаған жерден екі атты, екі қылышты, сұлу қызды олжа ғып мастанған жалмауыз: «Мына тұзақты адамның мойнына былай іледі, сөйтіп жіптің анау ұшынан біреу тартады», – деп, мойнына кие бергенде, қыз жіптің ұшын тартып қалып, жалмауызды өз дарына асып кетеді. Одан кейін барлық көгендеулі адамдар мен малдарды босатып жібереді. Өзі еркек киімін киіп, бір Көкек деген қалаға келіп тұрады. Бір жылы Көкек елінің ханы өліп, оның орнына ақылды, сүйкімді әлгі жігітті халық хан қояды. Хан өзінің суретін бастырып, отырған тамның есігіне жапсырып қояды. «Кімде-кім осы суретті сұраса, маған айдап кел?» – деп тапсырады жасауылдарына. Жасауылдар бір күні қарап тұрса, бір қара жігіт келіп, суретті сүйе береді. Жігітті дереу ханға айдап келеді. Хан оны дарға астырып жібереді, ол баяғы жалмауыз екен. Арада неше күн өткеннен кейін біреу келіп, суретті құшақтап жатқан жерінен жасауыл айдап, ханға алып келеді. Хан ор қаздырып, оның ішіне жылан, тағы басқа түрлі бақа-шаянды толтырып, жаңағы адамды ішіне тастайды. Ол баяғы қашқарлық екен. Бір күні хан жатайын деп отырғанда, бір жасауыл бір жаман киімді мүсәпірді айдап әкеледі. Хан қараса, баяғы Пырақ. Сол арада хан Пырақпен құшақтасын көріседі. Киім киіндіріп, ертеңіне елін жинап, бастарынан өткен уақиғаларын айтады. Ағаш атқа мініп, елдеріне барып, әке-шешелерімен табысады.
Сөйтіп мұраттарына жетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі