Өлең, жыр, ақындар

Келін түсіру

Келін түсіру — отбасылық сән-салтанаттардың бірі, жанұядағы ер жеткен ұлдың үйлену қуанышы. Қазақ халқының түсінігінде келін түсіру — әр әулеттің, ата-ананың көптен күткен қуанышы саналады. Дәстүрлі қазақ қоғамында мұндай салтанатқа бүкіл ауыл болып дайындалған. Ауыл әйелдері жасаулы көштің алдынан шығып, шашу шашқан. Көш бастар түйенің бұйдасын ұстап, ауылға жетектеп енген әйелді “мұрындық ана” деп атап, оған арнайы сый берілген. Ауыл адамдары келінмен бірге келген төсек-орнын түсіріп, отау тігуге кіріскен.

Шаңырақты көтеру бала-шағалы, үрім-бұтағы өскен, елге беделді салиқалы анаға жүктеледі. Мұнымен жаңа түскен жас келінге “жағың түскенше жамандық көрме, осы абыройлы ананың жолын берсін” деген ырым көзделеді. Аттан түсіп, жеңгесімен бірге келген ауылдан хабар күтіп тұрған келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығып, шашу шашады. Шымылдықты келіннің бетіне жауып, бет-жүзін үлкендерге көрсетпей, қайын атасының үйіне алып кіргізеді. Келін үлкен шаңырақтың босағасын оң аяғымен аттай кіріп, тізе бүгіп сәлем береді. Үш рет иіліп сәлем берген келінге атасы: “Көп жаса қарағым, бақытты бол!” деп бата береді. Сонан кейін келінді от басына төселген тулаққа отырғызады. Ол — “жаңа түскен жас келіннің мінезі иленген тулақтай (тері) жұмсақ, биязы болсын” деген ырым. Келіннің қолына әйелдердің біреуі ішінде май құйылған ыдысты ұсынып, отқа май құйғызады. “От-Ана, Май-Ана, шапағатыңды жаңа түскен жас келінге тигізе көр, жарылқа!” дегізеді. Осы рәсім орындалып болған соң, келінді өзіне арнайы тігілген ақ отауға енгізіп, күйеудің шешесі тиын ақша, құрт, ірімшік аралас шашу шашып, бата береді. Оң аяғымен аттап кірген келінді сол жақтағы төсекке құрылған шымылдық ішіне кіргізіп отырғызады. Келінді қарсы алған жас келіншектерге білезік, сақина, жүзік, алқа, түрлі маржан тастар үлестіреді. Қонақтарға табақ тартылғанда, үлкендер жағы келінге арнап үлпершек, төс салып жібереді. Ол “ұл тап, төстей қайқайып жүріп қайын жұртыңа қызмет ет, майдай бат, судай сің” дегенді білдіреді. Келін сәлем етіп, тағамды қабылдап, өзі ауыз тиіп, жанындағыларға береді.

Тамақ ішіліп болған соң, ауыл адамдарына жаңа түскен жас келінді таныстыру, келіннің міндетін түсіндіру мақсатында ел жиылып, “Беташар” жыры айтылады. Беташар айтушы келіннің келген жеріндегі қайын ата, қайын енеден бастап туыстарының үлкен-кішілерін жеке-жеке таныстырып, келінге олардың әрқайсысына иіліп сәлем еткізеді. Жаңа түскен жас келінді ауылдың үлкендеріне таныстырғанда, олар көрімдікке, еншіге мал атайды. Түйеден бастап ешкі-лаққа дейін төрт түлік малды атап шығады. Ондағы мақсат — бүкіл ауыл-аймақ, ағайын-туыс болып, жаңа үйленген жастардың басына үй, алдына мал салып беріп, жас отауды ел қатарлы үй ету. Бұдан әрі беташардың екінші бөлімі “Айт, келін” басталады. Онда жаңа түскен жас келіннің үй шаруашылығындағы міндеті, атқаратын қызметі, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, үлкендерді, жолдас-жораны, қонақты сыйлауы сөз болады. Әдепті, өнегелі бол, өсек айтпа, үлкендерді сыйла, ерінбей еңбек ет деген сияқты өсиеттер айтылады. Беташар айтқан жігітке ат мінгізіп, шапан жабады. Ол тойдың бар қызық думанына ұйытқы болып, той басшысы (асаба) болып қызмет атқарады. Ал келінді сүйеп тұрған жеңгелерге көйлек, биқасап шапан кигізеді. Беташардан соң бүкіл ауыл жастары түнімен ұлттық ойындар ойнап, бөлек жиналып, әңгіме құрып, шежіре айтысады. Ертеңіне келін түсіру тойы басталады. Мұнда да қыз ұзату тойына ұқсас ат шабыс, аударыспақ, күрес, қыз қуу, теңге алу, көкпар сияқты ұлттық ойындар орындалады. Үйлену тойының ең жауапты кезеңі — қыз бен жігіттің некесін қию. Некені молда оқиды. Той иесі неке оқыған молдаға ақшалай немесе малдай сыйақы береді. Үлкендер отырған үйде ақындар айтысып, жыр-термелер айтылып, жас жұбайларға тағы да тілек тілеседі. Той өткен соң құда мен құдағиларға киіт кигізіп, түйе жетектетіп, ат мінгізіп, құрметпен шығарып салады. Келін түсіру дәстүрі қазіргі заманда да жалғасын тауып, өркениет жетістіктеріне сай дамып келеді. Келин ақылды болу керек жолдасын айтқанын тындау керек.

Жасаулы көшті қарсы алу

Ауыл әйелдері жасаулы көшті шашу шашып қарсы алған. Көш бастар түйенің бұйдасын жетектеп ауылға енген "мұрындық апа" атанып, тиісті сыйлығын алған.

Ақ отау тігу

Ақ отау күйеудің әкесінің оң жағына тігілген. Шаңырақ көтеруге жақсы атағы жайылған ана таңдалған. Отау тігілген соң жиһаздары жиналған.

Келіннің алдынан қыз-келіншектер шымылдық алып шығып, қайын атасының үйіне кіргізу

Жеңгесімен ауыл шетінде хабар күтіп тұрған келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығып, бүркемелеп, қайын атасының үйіне кіргізген. Келін оң аяғымен босағаны аттасымен тізесін бүгіп, үш рет қайын атасына сәлем берген. Атасы " Көп жаса қарағым" деп батасын берген. Жас келінді ошақ жанындағы жұмсақ тулаққа отырғызған. Ошақтағы отқа май құйған. "От ана, Май ана, шапағатыңды тигізе көр, жарылқа" деген. Қасындағы әйелдер "Оттай опалы бол" деп қолдарын отқа қыздырып, оның маңдайына тигізген.

Жас келінді ақ отауға әкелу

Күйеу шешесі шашу шашып, оң аяғымен табалдырық аттаған келінді сол жаққа тігілген шымылдық ішіне отырғызған. Қыз-келіншектерге сыйлық үлестірілген.

Беташар

Ауыл адамдарымен жаңа түскен келінді таныстыру үшін тал түсте "беташар" басталады.

Ойын-сауық жасау

Беташардан кейін ауыл жастары түнімен ойын-сауық жасап думанды кеш құрады.

Оқуға кеңес береміз:

Құда түсу


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз