Өлең, жыр, ақындар

Ана жүрегі

Кішкентай Мөлдір терезеге қарап, мал соңынан кеткен әкесін ойлап отыр. Ол әкесін жаурап қалатын болды ғой деп уайымдады. Соңынан барайын десе, «Үйден шықпа! Бауырларыңа бас-көз бол!» деп кеткен. Сөйтіп отырғанда, есік ашылып, үйге әкесі кіріп келді. Үстінен су сорғалап тұр. Өзі тоңып қалған сияқты. Бірақ көңілді. Қолында көтеріп алған әлденесі бар. Ошақтың алдына түсіргенде көрді, киіктің лағы екен!

— Әке, мұны қайдан әкелдің? — деп сұрады Мөлдір.

— Қызым, мамыр айының соңында осындай бір бұрқасын жүреді. Міне, бүгін сол жүрді. Киіктің мына лағы адасып қалыпты. Мен үстінен түстім. Қасқырларға жем болмасын, әрі сенімен ойнасын деп алып келдім, — деді әкесі.

Мөлдір құралайға қарады. Сүп-сүйкімді екен. Жалт-жалт еткен көздері қандай десеңші! Адамға әлдебір сезіммен жасқана қарайды. Ертесі әкесі Құралайды қораға апарып қамады. Әуелі емізікпен ешкінің сүтін берді. Содан соң алдына жем-шөп және су қойды.

— Қызым, қораның қақпасын ашушы болма. Әйтпесе, лақ шығып кетеді,— деді әкесі.

— Мақұл, — деді Мөлдір.

Қой біраз ұзады-ау дегенде Мөлдір қораға қайтып келді. Құралай жылап тұр екен.

— Құралай, неге жылайсың? — деді Мөлдір.

— Сен менің атымның Құралай екенін қайдан білесің? — деді киіктің лағы оған қарсы сұрақ қойып.

Мөлдір таңғалғаны сонша, аңырып тұрып қалды.

— Сен адамша сөйлеуді қайдан үйрендің? — деп сұрады одан.

— Мен періштелердің қасында қай тілде де сөйлесем болады, — деді Құралай.

— Мен періштемін бе? — деді Мөлдір одан сайын таңданып.

— Иә, сен періштесің! Күнәдан пәк адамдардың барлығы періште.

— Ал онда сенің періштемен ойнағың келе ме?

— Әрине, келеді. Бірақ мен анамды сағындым. Мені босатшы, періштем!

— Адасып қаласың ғой, досым! Әрі әкем маңайда қасқыр көп деген.

— Мені анам күтіп алады.

— Ол сенің мұнда екеніңді қайдан біледі?

— Біледі. Өйткені ана жүрегі алдамайды. Ол осы маңда мені күтіп жүр!

— Дала суық, оның үстіне, қасқыр да көп. Осында қала тұр. Қаласаң, үйге кіргіземіз. Жем-шөпті де керегінше береміз. Менің сенімен ойнағым келеді. Екеуіміз дос болайық! — деді Мөлдір.

— Мен анамды сағындым. Әр бала анасының бауырында болуы тиіс, — деді Құралай.

— Мен сені қимаймын... сағынамын, — деді Мөлдір.

— Сағынсаң, келіп тұрамын, періште қыз, — деді Құралай.

— Кетпеші, Құралай! Өтінем!

— Әне, аяқ дүрсілін естідің бе? Ол  — менің анам, — деді Құралай.

Мөлдір «жедел жәрдеммен» ауруханаға кеткен анасын ойлап, мұңайып қалды. Онсыз да анасын сағынып жүр еді. Әкесі: «Қамықпа, анаң саған бөпе әкеліп береді. Сен оның бесігін тербетесің. Өскенде ол саған қолғанат болады» деген. «Апамның әкелетін бөпесі адасып қалса ше? Ол да мына Құралай секілді жылайды ғой» деп ойлады Мөлдір. Оның жүрек тұсы шым ете қалды.

— Ендеше, анаңа бара ғой. Мені ұмытпа! — деді Мөлдір Құралайға.

— Мен сені және әкеңді ешқашан ұмытпаймын. Ол адал, жақсы адам. Мені ажал тырнағынан арашалап қалды. Қош, Мөлдір! Мен саған тағы ораламын, — деген Құралай қораның алдына шықты.

Ұзап барған Киік баласы қайтып келіп, Мөлдірдің қолынан, бетінен иіскеді. Мөлдір оның арқасынан сипады. Құралай ұзап барған соң тоқтап, соңына қарады. Мөлдір қолын бұлғады. Ол жылап тұрған болатын. Қырқадан бір Киік ойнақтап шыға келді. Құралай орғып барып, анасының бауырына тығылды. Киік-ана баласын мейірлене иіскеледі. Екеуі Мөлдірге ұзақ қарап тұрды. Сосын Киік-ана екі аяғын тік көтеріп, бұлғағандай болды. Сәлден соң Ана-бала екеуі қыр асып бара жатты. Мұңайып қалған Мөлдір артынша көліктен түсіп жатқан әжесі мен анасын көрді. Анасы бөпе көтеріп алыпты. Қуанған Мөлдір:

— Әже! Апа! — деп оларға қарай тұра жүгірді. Жүгіріп келе жатқанда құлағында «Ана жүрегі алдамайды» деген Құралайдың сөзі жаңғырды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Жасмин

Өте ризамын

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз