Өлең, жыр, ақындар

Ит (жеті қазына)

Жеті қазынаның бірі "Жеті қазынаның бірі" саналатын ит он екі мүшел жылдың бірі, жеті қазынаның бастысы. "Ит" сөзінің түрік тілдеріне ежелден төл атау екендігін ертедегі түркі жазба ескерткіштеріндегі деректері дәлелдейді ("Древнетюрский словарь", Л., 1969, 215-6.). Түрік тілдерінің кез келгенінде болса да "ит" сөзі дыбыстық құрамы жағынан бір-бірімен сәйкес келеді. Мысалы: татарша "эт", туваша "ыт", өзбекше "ит", түрікменше, қырғызша да "ит" (осы тілдердің сөздіктерінен). Түрік тілдерінің ішіндегі ең көне деп саналатын саха мен чуваш тілдерінен байқайтынымыз: сахаша "ит" ("Рус. -як. сл." М., 1968, 593-6.), чуваштар "йыта"("Чув. -рус, сл", М., 1985. 132-6.).Түркі тілдеріндегі дыбыстардың өзара сәйкестіктерін ескерсек, "а-и", "д-т" бірімен-бірі алмасу заңдылығы "адай" сөзінің түбірі "ад"- тың "ит"- ке дейін өзгермесіне лажы жоқ. Осы ұсынылып отырған аз ғана деректердің өзі-ақ "ит" сөзінің түрік тілдеріне ежелден тән екендігін қуаттай түскендей. (Хахастар итті "адай" деп атайды.)

Аңшы иті құмай тазы атауы тіліміздегі мәні, құпиясы ашылмаған нәрсе. Басқа түркі тілдерінің біразында бұл атаулар кездеседі. Құмай грифон тәрізді бейнеленеді және қиялдағы самүрыққа ұқсас құс деп танылады. Ал оның аң алатын тазы итпен байланысы аңыздарда оның бір ұядағы жұмыртқадан қаз, құмай ит шығады деген сюжетпен өрбітіледі. Құс тәрізді ұшқырлыққа қиялдай теңеген қазақтар өте жылдам жүгіретін тазы иттерді құмайы (құмайық) тәрізді "ұшатын" қасиетке ие ит деп теңеуден шыққан болуы мүмкін.

Қалай дегенмен жеті қазынадан ит тұқымы ойып түрып орын алған. Бірақ кез келген ит емес жүйрік алғыр құмай тазыны қазынаға ентізгеп. Жеті қазынаның қатарында жүйрік aт, қыран бүркіт, берен мылтық қатарлы ер жігіттің ажырамас серігі орын алған. Ердің қанаты — ат, ит — үйдің құлағы, тамағы мен киімін "асыраушы" — бүркіт, қорғанар қаруы — мылтық (бәлкім ертеректе садақ болуы ықтимал) қазынадан заңды түрде орын алған.

Ал қазынаның қалған үшеуін әркім әрқалай пайымдайды. Оның бірі кімге де болса қажетті ілім-білім немесе заттық түрі кітап жеті қазынаға енеді. Ал қалған екеуі талас тудыратын заттар. Жеті қазынаға халқына пайда келтіретін ер жігіт және ақылды, сұлу әйел енеді десе, біреулер шаңырақтың құты, ырыс несібесінің тұрағы - қара қазан мен байлықтың көзі, берекенің кепілі - диірмен енеді дейді. Қалай дегенмен әйел үйдің құт-берекесі десек,оның тұрағы қара қазан халықтың дәстүрлі таным- түсінігінде бір-бірімен астасып тұрған, символикалық жағынан ұқсас. Қара қазанның әбден тозығы жетсе де оны лақтырып тастамай итке итаяқ жасап береді. Бұл ит пен қазанның қазақ түсінігіндегі халық сеніміндегі құндылығы мен мән-маңызы тұрғысынан бір-біріне жақын ұғымдар және екеуі де құт пен берекенің тұрағына саналады. (Ол туралы "Соңғы түйенің жүгі ауыр" деген бөлімде арнайы баяндалады.)

Ит, яғни қолға үйретілген қасқыр бағзы заман аңшыларына мезолит дәуірінде (б.з.д. 13-7 мыңжылдықтар) серік болған. Сол бағзы дәуірдегі иттер қолға үйретілген қасқырдан бастау алады. Күні бүгінге дейін солтүстік халықтарында кейбір ит тұқымдарын (хаски, маламут) қасқырмен асылдандырып отырады. Сонан бері бүкіл әлем халықтарының көпшілігінің мифтерінде ит адамның досы, жанашыры, көмекшісі ретінде саналады. Қола дәуірдің кейінгі кезеңінде сиыр мен қой тәрізді құрбандыққа шалынатын жануарлар санатына ит те енген (Ә.Марғұлан). Сарайшық қаласының қазбасынан төрт иттің жерленген сүйек қаңқалары шыққан: екі ит қатар қыш камерада жерленген, бұлар ұялас тәрізді. Ал тағы екі ит жеке-жеке жерленген, XIV-XV ғғ. жатады. Жан-жануарлардың ішінде халқымыз атақты сәйгүлік жылқылар мен асыл тазы иттерді адамша жерлеуі ежелден келе жатқан дәстүр.

Әу бастағы міндеті адамдардың қоныс-мекенін күзету болған иттер уақыт өте келе аң аулауға жәрдемдесетін болған. Мал өсірудің күрт дамуымен қойшы, бақташы иттер тұқымы пайда болды. Ал солтүстікке жақын жүрттарда шанаға жегетін иттер, Оңтүстік шығыс Азияда ет үшін өсірілетін иттер шыққан. Таптық қоғам кезеңінде сарайларды күзететін қызметші иттер қажет болды және сол кезден итті сұрыптау күшейе түсті.

Ит тотемі матриархат кезеңінің культі. Біздің дәуірімізге дейінгі IV-VI ғасырларда ғұндар келгенге дейін ит бүкіл сақ, массагет тайпаларының, Орта Азия халықтарының зороастризмге дейінгі культі болған.

Ежелгі жартасқа сурет салу өнерінде сақтардың хайуанаттық стилі бастау алып қана қоймай, көп кездесетін бұғы ғана емес, елік, киік, қабылан бейнелерімен бірге аң аулау көріністері қазақ даласындағы аңшылыққа қатысты айшықты шығарма дерегі деуге болады (А.Медоев).

Ал Саймалыташта табылған ит қаңқалары жаңа тас дәуіріне жатады. Қазақ жерінен табылған ең көне ит сүйегі б.з.д. XIV ғ. дөп келеді және ол Бүйен қорғанынан (Қапал маңындағы) екі иттің цистада жерленген, кремация жасалған қаңқасын, бас және бірқатар сүйектері шыққан (Ә.Ақышев зерттеуі). Қазақстанның Сарыарқа аймағындағы екі мыңнан астам петроглиф ескерткіштері арасында аңшылыққа қатысты деректер молынан кездеседі: олардың кездесу жиілігінде пайыздық көрсеткіштер бойынша 5,9 пайызы арқар, киік, қарақұйрық, жыртқыштар 1,5-2 пайызды иеленсе, ал құс, бұғылар шамалы (0,11-0,22) болғанымен аң аулау көріністері біршама кең қамтылған. Оның тамаша үлгілері Кестелітас пен Зеңгіртауда (Новоженов В.А.). (Тараудың басындағы иллюстацияны қараңыз).

Б.з.д. I мыңжылдықтың ортасында Орта Азия мен оған жапсарлас жатқан аумақта итті жерлеу, итпен бірге жерлеу ғұрпы таралған. Хорезмдегі Жыңғылды қабірханасында ит басы, үйсін дәуіріндегі Шу бойындағы Қарғай бұлақтағы көмілген ит, Тоққала некрополіндегі оссуарийге салынған ит сүйектері қатарлы сан ондаған қазба деректері иттің бағзыда Орталық Азия өңірінде үлкен культке ие болғандығын көрсетеді. Мұндай көне ғұрып Днепр бойы мен Қырымға дейін таралғандығы белгілі болып отыр (Литвинский|Б.А.Литвинский]]). Ит ат тәрізді өліктің жанын қияметке дейін жеткізетін жәрдемші деп санаған. Айталық, тек Өзбекстан жерінде мезолиттен орта ғасырға дейінгі аралықтағы қырық археологиялық ескерткіштен екі мыңға жуық ит сүйегі табылған. Қола дәуіріндегі иттердің кемінде екі түрі орташадан жоғары бітімді болғандығы анықталып отыр және уақыт өте келе ірілене түскен. Олар мал күзетуге және аңшылықта, культте, әскери істе және сәнге арналған түрлері антикалық дәуірде де пайда болғанға ұқсайды (А.Р.Батирова).

Итке қатысты көне дерек Авестада аса молынан ұшырасады және ол кездегі адамдар ең қасиетті деп санаған хайуандарды итке теңеген. Айталық, құндызды "су иті", кірпіні "тікенекті ит" деп атаған. Адамның сенімді серігі, қорғаушысы, күзетшісі, адал қызметшісіне айналған иттің қасиетті хайуанға телінуіне байланысты, ежелгі адамның санасында ол жайында неше түрлі наным-сенім, ырым-тыйымдар жүйесі қалыптасқан. Әлемнің көптеген халықтарының сенім-нанымында ит о дүниемен байланыста қаралады, сондай-ақ өлімнің "хабаршысына" баланған. Көп жұрттардың мифтерінде ит өлім мен өмірдің шекарасы, екі дүние аралығы, жан мен тән дәнекері деген сенім бар (Литвинский Б.А.).

Қазақстанның ежелгі тұрғындары үй салғанда итті бауыздап, құрбандыққа шалып, табалдырыққа көмгендігі жөнінде археологиялық мәлімет бар. Бұл дерек Ақмешіттің салынуы туралы қазақ аңызымен төркіндес, яғни оның қабырғасына иттің қаланғандығы жайында әңгімеленеді. Қазақтар төрткөз, оржағал иттер туралы түсінігі үнділердің (веда) өлім патшасы Яманың иті деген сенімімен үндес. Зороастрлықтардың сенімінде ит пәле-жаладан, жын-періден қорғайды деген...

Әлемде иттің 400-ден астам түрі бір-бірінен дене бітімі, үлкен-кішілігі, жүн түктері, түсі, әрекеті, жаратылысы жағынан ажыратылады. Дегенмен оларды негізінен тұқымы мен тегіне қарай алты түрге топтастырады:

а) Біріншісі — денесі кесек, қарулы мықты бақайлы иттер. Оған көнедегі ассирия иттері, Орта Азия мен Кавказ иттері және кейінгі кезде пайда болған сенбернар мен Еуропа догтары, ағылшын мастифтері жатады.

ә) Аңшылыққа бейім иттер — спаниель, сеттер, пойнтер. Мұндағы пойнтер, сеттер тұқымдастарын иісшіл ақшы иттер (орысша легавая) тобына жатқызады және олар шынымен-ақ ауадан иіс қармап, оны тез сезетін иісшілдігі ғаламат дамыған. Ал басқа ит тұқымдары көп: олардың бір тобы ізшіл аңшы иттер (орысша гончие); келесісі — аяқтары быртық аңшы иттер (орысша ищейки); інге кіретін иттер.

б) Сұрыптау барысында пайда болған тазы текті иттер. Олар да аса күрделі, әрі аңшылыққа деген шартты рефлексі үйрету барысында жедел қабылдайтын ерекшелігі бар. Далалы өңірдің тазысы орман-тоғайлы жердің лайка, аңшылық итінен өзгеше болады. Аңды аса үлкен жылдамдықпен қуады. Күніне жүздеген шақырымға талмай жүгіреді. Және аңның ізін аса сезімталдықпен тіміскілеп табады. Олардың арасында аңның ініне кіретін шәкене денелілері, қасқыр алатын аламан зор тазылар да кездеседі.

в) іннің ішіндегісін ажырататын такса, терьер тәрізді іншіл иттер (орысша норные).

г) Қойшы иттер (овчарка).

ғ) Ұсақ ергежейлі кәндек иттер.

Ит башайларын (башпай) жерге тіреп жүретін хайуандар қатарында. Алдыңғы аяғында бес саусақ, артқысында төрт саусақтың ізі түседі. Тұяқтары өткір емес, мұқыл келеді, доғалданып сәл ғана ішке қарай бүгілген. Үлкен бармағы шомбал және нашар тиеді.

Иттерді сезімталдығы мен тіл алғыштығы, үйрету мен жуасытуға қолайлылығы оларды кәдеге жаратуда ескеріледі. Иттің 2 миллиондай иісті ажырата алатын теңдессіз иіс сезгіш қасиеті бар. Салмағы мен биіктігі әрқалай: ірілері (сенбернар) 70 кг, шоқтығынвщ биіктігі бір метр, ергежейлілері 600 гр, 20 см ғана келген (той террьер). Жүн жабындысы да әрқалай: сұйық, тақыр жүнді тазылар, тазғыр, майда жүнділер, сабалақ жүнді, бұйра жүнділер.

Иттердің дене сұлбасы сыртынан қарағанда төрт бұрыш пішінді (фокстерьер, кейбір лайка), терісі қалыңдау тұрқы ұзынша келген, аяқтары қысқалау (спаниель), тіптен аяқтары быртық, шолақ денесі шомбал келгендері (такса) болады. Ал бастары бөрі басына ұқсас, маңдай мен танау тұсы қысыңқы, ұзынша келген сүйір бас (тазылар) иттер мен беті қысыңқы, милығы үлкен, қазанбас иттер негізгі түрлерге жатады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз