Саятшы құрал-жабдықтардың барлығы да аса қажеттіліктен шыққандығын әркім-ақ біледі. Олардың қандай роль атқаратындығын, неден жасалатындығын және әрқайсысының атаулары бар.
Қыран құстардың екі көзін саңылаусыз жауып тұратын құсбегілердің саят құрғандағы негізгі құрал-жабдықтарының бірі. Жұмсақ қалың былғарыдан ыңғайлы етіп тігіледі. Көбіне күміспен немесе табиғи тастармен көмкеріледі
Бүркітті баптап-баулу үшін, оның бала-шаға, итке, құсқа, қызылға ұмтыла бермеуі үшін және жақындағанды шап беріп бұру қаупінен сақтану үшін томағалайды. Сондықтан, қолдағы бүркіт өз төңірегіндегі қызылды-жасылдан, өз ортасынан аз да болса бөлектенеді. Құстың томағасы аңға жіберілген кезде сыпырылады. Томаға құстың басын қыспайтын, қажамайтын, көз жанарын баспай, саңылаусыз жабатын, құстың басынан түсіп қалмайтын етіп жасалады. Томағаны осы шарттарды толық білетін, пішуге, тігуге машықтанған томағашылар ғана тігеді. Томағаның олпы-солпы болмай, мінсіз шығуы үшін оны қалың былғары ұлтанының тегіс жерінен үлгі салып ойып алады. Пішуші шебер өз қалағанынша бір тұтас немесе екі-үш бөлек, кейде төрт бөлек етіп ойып құрастырады. Тамақ бау мен айдар кейде бірге, кейде бөлек ойылады. Томаға шарттары бойынша әрі нәзік, әрі әдемі тігілген, таза былғарының өзінен әсем ою-өрнек шығарған, тіпті ұсақ шытыралармен безелген томағаларды қазақ құсбегілері бір бестіден кем бағаламаған.
Саятшылар қыран құсты қолына қондырарда киетін теріден тігілген қолғап. Биялайды алғашында барлық саусақ бірге болатындай етіп тұйықтап тігіп, бертін келе ыңғайлы болу үшін бас бармақтың ұясын бөлек тіккен. Биялайдың ішіне талдырған киізден немесе арасына мақта, жүн тығылған матадан астар салынады да, тысын жұмсақ иленген теріден түгін ішіне қаратып тігеді. Биялайдың білезігін жеңді білек еркін сиып кететіндей етіп жасап, іліп қоюға қолайлы болуы үшін қайыстан бау немесе жез шығыршық тағады. Бүркітпен аң аулауға шыққанда, ат үстінде қары талмау үшін құс қондырған биялайлы қолды балдаққа сүйеп отырады.
Балдақ — құсты ат үстінде алып жүруге арналған, құс салмағынан қолдың талмауы үшін оң қолдың білегін сүйеп отыратын, ашасында жұмсақ төсеніші бар тіреу. Төсеніші былғарыдан не қайыстан жасалады, ол балдақ ашасының ішіне түсіп тұрады. Балдақ таяғының екінші басы бүлдіргілі, ол ердің қамшылар жақ алдыңғы қапталындағы шеттікке бекітіледі.
Атпен құйындата шапқанда балдақ көп толқымау үшін балдақ таяғының орта шенінен жіңішке қайыс бау өткізіп, бау ұшы ердің алдыңғы қасының маңдайындағы бұжыралы шығыршыққа байланады. Балдақ ағаштан не тау текенің мүйізінен жасалады.
Құсты қондырып қоятын орын, жабдық. Ол көшпелі тұрмысқа лайықтап ағаштан жасалады. Тұғырдың ұзыны екі қарыс сынық сүйемдей, көлденеңі сүйемдей, жұмыр ағашқа үш не төрт талтақ сирақ бекітіледі немесе бұтақтары сирақ боларлық ағаштан шабылады, аң мүйіздерінен және де т.б. табиғи материалдардан жасалады. Биіктігі екі сүйемдей, орнықты әрі жатаған келеді.
Жем сапты аяқ — бүркітке жем беретін ыдыс. Оны кейде жем сапты аяқ, жем тостаған, құс сапты аяқ, құс аяқ деп те атайды. Ағаштан ойып жасалады. Бұл ыдыстың сыйымдылығы 2-2,5 литрден кем болмайды. Бір жағы құс тұмсықтау сопақ келеді де, бір жағында тұтамдай сабы болады. Сабына қайыс бүлдіргі өткізіледі. Көшкенде байлап қоюға, салбурында қанжығалауға лайықталған. Жемаяқтың түрі көп. Соның ішінде құс тұмсықтау, сопақтау, асты орнықты, іші шұңғыл, өзі жұқа, өзі жеңіл, әдемі жонылғандары да жоқ емес. Кейбіреулерінің тұмсығында жем суын сүзіп шығаратын бір не екі тесік те болады. Сапты аяқтың ернеуіне таяу (түрмесіне) жасалған екі тесік жем шаюға өте қолайлы. Қыранды қайырып баптағанда, аңға салып жүргенде құсбегілер бап дегенді — жем деп, жем дегенді — бап деп түсіндіреді. Ал осы екі кезеңде де құсқа көбінше — қолаба, сары бөртпе, ақ жем береді. Әдетте етті жұқалай жона жапырақтап, суға салып бөрттіреді. Сонан соң сумен қайта-қайта шайып, қан-сөлсіз, құнарсыз, кенеусіз жем дайындалады. Мұндай күрделі жұмысқа арнайы жасалған ыдысты «саптаяқ» атаған. Ал оны құсқа тәуелді ете атағанда — жем саптаяқ, құсаяқ, жемаяқ делінеді.
Саятқа шыққанда құстың шақыру жемін салатын қалта. Тіленіп ұшқан құс кейде әр жағдаймен аңға түспей, бір қиырға барып қонып қалады. Кейде аңды өзі қағып, өзі алуға үйретілген бүркіттің иесінен шалғайлап ұшатын кездері де кездесіп тұрады. Осындай жағдайда құсты дереу қолға шақыру керек болса, жем қалтада алып жүрген «қызылды» көрсету арқылы ғана шақырылады. Сондықтан жем қалтада қашан да қойдың толарсақты еті, қоянның бөксесі, кекілік, үйрек — әйтеуір құсты шақыруға арналған қол басындай «қызыл» болғаны жөн. Құс аңшылығы көбіне қыс маусымында болатындықтан, аязда «қызылдың» қатпауын еске алып, жем қалта киізден жасалады. Киіздің қыл-қыбыры «қызылға» жұқпауы үшін қалтаның іші шүберекпен астарланған. Әдемілік, сәнділік талғамды да ескерген құсбегілер қалтаның сыртын оюлатып, зерлетеді. Жем қалтаның ұзындығы 25-30 см, көлденеңі 20 см мөлшерінде болады. Қалтаның бір жақ ішкі қырында түтік қыстыратын орын жасалған. Қалтаны белбеуге ілетін бау да тағылады.
Балақбау (аяқбау) (білезік бау) — құстың екі жіліншігіне (балағына) бірдей тағылатын бау. Мұны құстың «аяқ бауы» деп те атайды. Балақ баудың іші жұмсақ киіз, оның іші ұлпа тері, сырты былғары немесе жұмсақ иленген қайыс. Киіз бен қайыс қабатталып тігіледі. Ені екі елідей, ұзыны жіліншікті бір орап түйіліседі. Түйіліскен екі ұшын біріктіріп, шолақ аяқ бау тағылады. Демек, құс аяғының әр жіліншігіне балақ бау мен шолақ аяқ бау тағылады да, ол баулар құс аяғында ұдайы тұрады.
Бүркіттің жіліншігіне тағылған балақ бауды бау деп атағанымен, онда қолға ұсталатын ештеңе жоқ. Ал қолға ұстау үшін балақ бауға жалғанған екінші бөлегін — «шолақ аяқ бау» деп атайды. Шолақ аяқ бау құсты қолға қондырғанда, жем тарттырғанда әсіресе ат үсті алып жүргенде құс өз аяғын еркін қозғауына, құсбегінің аяқ баудан ұстап отыруына мүмкіндік береді. Құс аңға түсерде де осы шолақ аяқ баумен ұшады. Құсқа қол-аяғының байлаулы екенін сезіндіретін де балақ бау мен шолақ аяқ бау. Өйткені бұл екі бау құстың аяғынан өмірі түспейді. Шолақ аяқ баудың ұзындығы бір қарыс, бір тұтам, кейде бір жарым қарыс болады. Оны жұмсақ иленген теріден тіліп алады немесе мал-аң терісінің таспасынан өріп, ширатады. Шолақ аяқ баудың бір ұшы балақ бауға бекітіледі, ал екінші ұшында металдан не қайыстан жасалған шығыршық болады.
Жаңа үйретіліп жүрген құсты шырға тартып баулығанда шолақ аяқ баудың ұшындағы шығыршыққа ұзындығы 7-8 құлаштай жіңішке арқан жалғанады. Бұл арқанды жұмсақ иленген аң-мал терісінің таспасынан ширатады немесе ешкі, қой, түйе жүнінен еседі. Құстың қашып кетпеуі үшін жасалған осы арқанды құсбегілер «шыжым» деп атайды.
Құстың ішіне су және басқа сұйық құюға арналып жасалған аспап. Құсбегілер жуандығы саусақтай тал таяқшаны жарып, оның ішін ояды да, қайта қапсырып түтік жасайды. Ұзындығы 25-30 см немесе ұзын сирақ құстардың жіліншігін пайдаланады. Түтік құстың көмейіне жүгіртілетін болғандықтан, жұп-жұмыр әрі сырты жып-жылтыр етіліп өңделген болады.
Түзден түскен асау құстың аптығын басып, біршама ырыққа көндіруге арналған орнықсыз, ырғақты тұғыр. Ырғақтың түрі көп. Ал оның көбірек пайдаланылатын түрлерінің бірі — қажетіне қарай екі ұшын екі жағына шығара қалдырып, шумақталған арқан. Ұқыпты шумақталған арқанның екі жағындағы артық екі ұшын шумақтың екі басынан бір рет шалып тартады да, арнайы қағылған (құстың құйрығы жерге тимейтіндей) екі қазыққа немесе қолайлы деп тапқан орынға керіп байлайды. Егер арқанның орнына ағаш пайдаланылса, бүркіттің шеңгеліне толарлықтай таяқшаның (ұзындығы 1-2 құлаш) екі басынан жіп байлап, арқан ырғақ сияқты оны да керіп тастайды. Бұл тәсілмен жасалған ырғақтар (тұғырлар) өте тынышсыз, қармақ қалтқы секілді қалтылдақ келеді. Оңды-солды бұлтылдап ойнақшыған ырғақта отырған асау құс жығылып түсуден сескенеді де, тұяғымен шеңгелдеп қармап, бойын ұдайы теңеп ұстауға тырысады. Құс ұйқыдан қалжырап жығылып түскен кезінде оны күндіз-түні аңдып отырған құсбегі дереу орнына қайта қондырып қояды. Осылай басталған мазасыз ырғақ күн озған сайын құсты ұйқыдан өлердей халге жеткізеді. Құстың шаршап-шалдығуы — құсбегінің жеңісі. Мұндай жағдайда бапкер өз көздегенінің көбін істеп үлгереді.
Ит пен жыртқыш құста болатын ішкі кінәраттың бір түрін қоя деп атайды. Жыртқыш аң мен жыртқыш құстар өз қорегін қыл-қыбырымен қылғи салады да, содан ішке дерт байланады. Іште жиналған осы ласты хайуанаттар табиғи емделу жолымен алды-артының бірінен өздері сыртқа шығарып тастайды. Соны қазақ тілінде қоя тастау деп атайды да, тасталған заттың өзін де қоя дейді. Құсбегілер бүркіт пен тазының қоясын қолдан тастатады. Ал қоя тастату үшін салынған, не берілген заттың өзін де қоя деп атаған.
Бүркіттің саусақтарын түлкі шайнап тастаудан сақтау үшін әр саусаққа жеке-жеке кигізілетін саусақ қапты құсбегілер «аяққап» деп атаған. Аяққап саусақтың үстін жабады да, бауыры ашық болады. Бауырын екі жерден жіңішке таспамен жалғастырып қояды. Ал әрбір саусаққап жіңішке таспалармен білезікке бекітіледі. Аяққаптың таутеке мен елік терілерінің иін қандыра жұмсартылған қалың ұлпасынан ғана жасалғаны өте жақсы болады.
Бүркіт қасқыр не түлкіге түскен кездегі арпалыста абайсыздан саусағын жыртқыштардың аузына түсіріп алады да, ызалы аң аузына түскен саусақты қыршып тастайды. Бүркіттің осы кемтарлығын толықтыру мақсатымен шеберлер оған жезден немесе темірден тұяқ жасап, кигізеді. Қолдан жасалған осы тұяқты құсбегілер «жезтұяқ» деп атаған. Жезтұяқтардың қозғалысы табиғи тұяқтай болмағанымен, аңды ұстағаннан кейінгі қысу қимылында кемтарлығы көп білінбейді.
Құстың екі иығын басып келген арқа тұсында жіппен қосақталып байланған топшысын суықтан қорғайтын жабдық. Құстың иығы, топшысы тоңса, нәрегей жаурауық болады, әрі қуаты қайтады. Тіптен «құрт қанат» аталатын ауруға шалдығады. Суық өңірдің кәнігі бүркітшілері иыққапты кигізер болса, бүркітке қарсылық көрсетсе саусақтарын шайнап, жарақаттаудан қорғауға да септігін тигізеді. Көбіне ұядан алынған тәжірибесі аз «қол бал аға» алғашқы жылы кигізеді. Аяққаптың сыртқы тысын суға қатпай, жылылық сақтайтын бұғының иленген жұқа, жұмсақ терісінен немесе жарғақ, қырымдардан, бүркіттің төрт саусағына шақтап пішіп, жиектерін жіппен торлап, ішін қуыстап қалыңдау матамен астарлап тігеді. Оны кейде әр саусаққа жеке-жеке киілетіндей қылып немесе төрт саусаққа біртүтас киіліп, табан бүжырына дейін жауып тұратынд ай қол ғап пішіндес етіп тігеді. Дегенмен, көбіне саусақтарының ұшынан тұяқ шығып тұратын тесік шығарып, орта түсынан білегіне дейін өте майда бау өткізеді. Аяққаптың алақаны, табан жағы ашық болады. Ыңғайлы, ықшам тігілген аяққап кигізген құсты аязды күндері жыртқыш аңға қорықпай жіберуге болады. Жыртқыш аңға, айлакер түлкіге бүркіт тұяғын шайнатып немесе суыртып алса оның орнына жезден, күмістен жасалған тұяққап жасап салады. Аушы құстың кемтарлығын толықтыратын оны «жезтұяқ» атайды. Оның қозғалысы табиғи болмағанымен аң ілгенде, бүргенде қысуына, қимыл-әрекетіне көп септігін тигізеді. Кейде місекер шебер, әккі бүркітшілер түсіп қалған тұяқтың орнына өлген бүркіттің тұяғын да салып қояды деген мәлімет бар.
Бүркітті көп піштактаудан "сақтайтын" құрал. Көп елеусіз ұмыт қалған құрал туралы осы тақырыпты арнайы зерттеген Б.Кәмалашұлы былай жазады: аңға жортқанда құс дауысын естіп «олжа» қашып кетпес үшін бүркіттің аузына салады. Оны құстың тамағы астына, құс тұмсығымен мөлшерімен ағаштан жонып істелген, ұшына «ноқталайтын» бау тағылған қарапайым қалақ тәрізді ағаш. Таңдай ағашты құстың тамағының астына томағаның алқым бауына қыстырып, екінші ұшын ілмек баумен құс тұмсығын ноқталаған тәрізді етіп, тұмылдырықтай кигізіп қояды. Құс мыңқылдай шақырып ақырында ауырсынып қояды. Кейбір құсбегілердің таңдай ағашы ықшам, томағаның, "алқым бауының" астына бармақтай етіп бастырып қояды. Көбіне саятта томағамен бірге жүреді.
Құс сыятындай етіп талдан дөңгеленте иіп жасалған, астына киіз төсеп, құс орайтын тартпа бау тағып жасаған құс "бесігі". Ол құстың қанат шалғыларын зақымданудан, суық, жауын-шашыннан сақтайды. Оыың тұрі бірнешеу: жас талдан астауша пішінінде немесе торлап доғалантып; тақтай ағаштан топсалы етіп; киізден сырып бау тағып істейді. құс саяттан соң шаршап тоңса, ұйықтаса, алысқа алып жүретін жағдай туса, құсты баланы бесікке бөлегендей етіп шүберекке орап, қымтап, сыртынан баумен бос байлап, құндаққа салып қояды.
Бүркіт аңды ілгенде алысып, қанат, шалғы қауырсындары сынып қалса оны орнына салады да, жоқтарының орнына қауырсын жалғайды. Оған арнап құстың жазда түлегенде түскен қауырсындарын немесе басқа бүркіт, құмай, тазғара, қарақұс, құбарақтардың қауырсынын жинайды. Бүркіттің қанаты, тұяғы, «құрт ауруға» шалдықса да «құрт қанат», «құрт тұяқ» болғанда қауырсынды және тұяқты жалғап салатын болған деген аңыз тәрізді деректер бар.
Оқуға кеңес береміз:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі