Бір қалада ерлі-қатынды екі адам болыпты. Бір баласы бар екен. Мейлінше кедей болып ешбір жұмыс қылуға малдары жоқ екен. Бірақ егін салатын азырақ жерлері бар екен. Оны да өздерінің орнына бір кедей көршілеріне сатады екен. Сол көрші екі өгіз амалдап тауып алып, сол жерге егін сала бастапты. Бір уақытта жердегі соқаменен жыртып жүріп жердің астынан соқасы тиіп сылдыраған құмыраның сыбдыры естіледі. Жерді қазып құмыраны тауып қараса, толған алтын екен. Сонда кедей алтынның біріне тиместен көміп қойып, жердің иесіне барып хабар беріпті.
— Сенің жеріңнен алтын салған құмыра таптым, жүріп соны жылдамырақ ал, — дейді. Сонда жердің иесі айтыпты:
— Жер бұ күнде маған тиісті емес, мен саған сатқан едім пайдалануға, сол себепті алтын да саған тиесілі, — деп. Көпке шейін екі кедей ерегісіпті. «Сен ал, сен ал», — деп. Ақырында төбелесіп бірін-бірі жаралы қылып, хандарына барып арыз қылыпты.
Хан арыздарын тыңдап, екеуінің адалдығына таң қалып сұрапты: «Балаларың бар ма, қанша?» — деп. Жерді пайдаланып жүрген кісінің бір қызы бар, бұрынғы иесінің бір үғылы бар екен. Сонда ханның қылған билігі екеуінің балаларын неке қылып қосып, табылған алтынды жастарға бер деп үкім қылыпты. Сонда екеуі де билікке разы болыпты. Жастарға әйбат үй салып, той қылып барша маңайындағы қалаларды шақырыпты. Екі жас мейлінше бақытты болып аталары да заруат көрмепті. Неше заман өткен соң баяғы алтын табылған жерге гүл ағашы өсіп, гүлдегенде алтын шығаратын болды дейді.
Бір күні патша аңға шығып, көп жүріп баяғы алтын жерге кез болып, гүл ағашын көріп жылдам келіп гүлінен жұлып алайын дегенде, ағаш көкке көтеріліп кетіпті. Патша көп қайран болып тұрыпты. Сонан соң кейін қайтып барып қараса, ағаш орнына барып қалыпты. Патша қайтадан жақын келіп айналып қарап, тағы да ұстауға ұмтылған екен, тағы көтеріліп кетіпті. Патша үш мәртебе жаһат қылып болмаған соң үйіне бос қайтыпты.
Патша сарайына келе сала нөкерлерін, молдадарын жиып көргенін баян қылып айтып, «бұл не нәрсе» деп сұрапты. Ешқайсысы тауып жауап бере алмапты. Сонда патша үйін, халқын, жұртын тастап, сол көрген нәрсесін білуге ғаһид қылып, жолаушы болып жөнеліпті. Өз шаһарына жақын бір қалада кемпір көріпті. Сол кемпірден біледі ғой деп өз жұмысын сұраған екен. Кемпір бір шаһарда бір қарт бүкір шал біледі деп көздеп жіберіпті. Патша айтқан шаһарға келіп көп іздеп, ақырында айтқан ақ шашты бүкір шалды тауыпты.
Сол шал патшаның жұмысын тыңдап болып, айтыпты:
— Сенің іздеп жүрген жұмысыңды білетін кісі мен емеспін, ол менің ортаншы ағам, жақын пәлен шаһарда тұрады, — депті. Сонда патша қарттан қағаз алып, айтқан бағанағы шалдың ағасын тауып алыпты. Сол қарт жасы үлкен болса да бағанағы інісінен жасырақ, тың екен дейді. Шашының ағы да аз дейді. Сонда патша таң қалыпты. «Бұл жас кісі ғой, баяғы кемпір «қарт» деп айтып еді, бағанағы қарт өтірік алдап жіберген екен ғой», — деп ойлайды. Ақыры жұмысын айтыпты. Шал естіп болып басын шайқап айтыпты:
— Менің халім келмейді һәм сенің іздеп жүрген шалың мен емеспін. Мен ортаншы інісімін. Енді бәрімізден үлкен ағамыз тағы бар. Сол бұ сөзіңді біледі, — депті. Өзі бір шаһарда теңізге жақын тұрады, — депті. Сонда патша бұ шалдан тағы қағаз алып, тұңғыш қартты іздеп жөнеліпті. Патша іздеп айтқан шаһарына келіп, тұңғыш қартты тауып алыпты.
Сол тұңғыш қарт деп іздеп келген кісісін патша көрген жерде тіпті қайран қалыпты. Қарт деп айтатын емес дейді, жап-жас, беті уылжып тұрған, шашы қап-қара дейді. Патша жұмысын айта бастапты:
— Мен сені іздеп келдім. Сен айта ғой, — деп. Қырға гүл ағашы қайдан келді, алтын сабақтарыменен? Мен жақындап барсам гүлдерінен жұлып алайын деп, көкке көтеріліп кетеді, кетсем қайта орнына барады, — дейді. Тағы да бір сенен таң қалып сұрайтыным, не себептен осындай жассың? Ортаншы інің жасы кіші болса да шашының ағы бар. Кенже інің мүлдем қарт шал. Шашы аппақ, сендердің әкелерің бе деп ойлайтын? — депті.
Сонда шал патшаға бәрін айтып беруге уағда қылып, әуелі отырып тамақ ішейік деп отырғызыпты. Тамақ жеп болған соң шалдың қатыны бір қарбыз алып келіпті. Шал ол қарбызды қайтарып, «өзге қарбыз әкел» депті. Қатыны ерінің бұйрығымен барса да, бастапқы қарбызын қайта әкеліпті. Себебі, өзге қарбыз жоқ, бар болғаны біреу-ақ екен. Снда шал қатынын он екі қайтара жұмсапты, «өзге қарбыз келтір» деп. Ақырында сол қарбызын жеп, патшаға айтты дейді:
— Көрдіңіз бе, патшам, бізде бар болғаны жалғыз қарбыз бер еді. Осыны өзім біле тұра қатынымды неше мәрте жұмсадым, «қарбыз келтір» деп және қатыным екіқабат. Сонда да қатыным қарбыз аламын деп он екі рет барып, он екі келді. Сонда да маған ашуланып ләм деген жоқ. Менің қатыным ақылды, жуас, сол себептен мен інілерімнен тың, жаспын, жасым көп болса да, кенже інімнің қатыны мейлінше долы, сол себептен ерін қартайтты. Ортаншы інімнің қатыны онша долы да емес, онша жақсы да емес өзіне, сол себептен ері көп қартая қойған жоқ.
Енді өз жұмысың турасында айтатыным мынау: «Гүл ағашы шыққан жерді бір кедей адам өзге бір кедейге сатқан һәм сатып алған кедей жер жыртып жүріп бір құмыра алтын тауып алған. Сонда екі кедей ұрсысып ханның ақылыменен балаларын қосып жақындасыпты. Сол гүл ағашы екі кедейдің адалдығына шыққан бір бақыт, өз иесінен басқа ешкімге бұйрығы жоқ. Сол үшін гүлді аспанның жібергені, «шалдар жақсы тұрсын» деп. Бөтен кісі бұл гүлден ала алмайды. Оның аспанға көтерілетіні аламын деген сол адамға білдірген белгісі», — депті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі