Бір хан болыпты, ханның бір уәзірі болды, мына үйде айтқан сөзді ана үйде отырып біледі екен. ханның бір баласы болды. Баласы келіп суға шомылса, бір кемемен қырық қыз кетіп барады екен. бір қыз ішінде түрегелді. Сол қызға әлгі бала ғашық болды. Бала қызды: «Кімсің?» — деп шақырды. Қыздың қолында бір алтын тарақ бар екен, бала сұраса, бұл қыз алтын тарақпен шашын тарады, онан соң шашын сипады. Бала тағы атын сұраса, қыз көзін сипады.
Бала қыздың кім екенін білмей үйге қайтты. Келді де уәзірге айтты: «Мен сондай бір қыз көрдім, соны алсам дүниеде армансыз болар едім. Мен бұ қыздан сұрадым: «Қай елдің қызы болдың?», — деп, сонда қыз басын сипады, тағы атын сұрағанымда көзін сипады». Уәзір айтты: «Ол қыз Қаракөз сұлу екен. басын сипаса жоғары шаһардың қызы екен». Бала айтты: «Мен оны қайтсеи аламын?», — деді. Уәзір айтты: «Сен ауру болып жат, әкең келсе қай жерің ауыратынын айтпа, шешең келсе де солай ет». Бала үйіне қайтты ауру болып, жатып алды, әкесі келсе де, шешесі келсе де қай жерінің ауыратынын айтпады. Хан уәзірін шақыртты: «Бала неге жатады, ойында не бар?», — деп сұрады. Уәзір айтты: «Балаң бір қызды көріпті, сол қызды мен алсам армансыз болар едім», — дейді. Хан айтты: «Оны қайтсе алады?». Уәзір айттты: «Алпыс қыз бер, алпыс жігіт бер, алпыс нарға жүк артып бер, оныменен мені де жібер!» — деді.
Хан: «Сені бермеймін, — деді, балам барсын!». Баласын жөнелтпекші болды. Бала айтты: «Жоқ, әке, алпыс қыз, алпыс жігіт, алпыс нарды ал, жалғыз уәзіріңді бер, уәзіріңді берсең барамын, бермесең бармаймын». Әкесі айтты: «Бармасаң да уәзірімді бермеймін». Жігіт жатып қалды, бірнеше күннен соң әкесі уәзірін берді. Алпыс жігітімен, қызымен хан қалды. Жалғыз уәзірді алып, жігіт кетті.
Барып-барып ханның баласы Қаракөз сұлудың шаһарына жетті. Бір қараша үйге келді. Бір кемпір шықты сол үйден. Кемпірге бір ділдә беріп, тамақ сатып алуға жіберді. Кемпір барып тамақ алып келді.
Уәзір кемпірге айтты: «Қаракөз сұлуға барамысың?». Кемпір: «Барамын», — деді. «Бір сөз айтамысың?». «Жоқ, — деді, айтпаймын, айтсам басымды алады». «Бір ділдә берейін саған». Кемпір: «Не деп айтайын?» деді. Уәзір: «Біздікінде бір саудашы жатыр, бүгін саудасын қылып ертең қайтады деп айтшы. Сонан соң қыздың не дегенін маған айта кел», — деді.
Кемпір қызға барды, барып күтіп тұрды, тамағын берді ішуге. Кемпір есікке барып тұрды: «Біздікінде бір саудашы жатыр, бүгін саудасын қып ертең қайтады», — деді. Қыз қасындағы көп қыздарға: «Енекемді ұста, аяғын жерге тигізбе, қанын жерге тамызба!» — деді. Кемпір оны естіп қаша жөнелді. Уәзір «Не депті?», — деді. Кемпір айтты: «Енекемді ұста, аяғын жерге тигізбе, қанын жерге тамызба деп айтты», — деді.
Уәзір: «Жарайды», — деді.
Сонан соң ханның баласы Қаракөз сұлудікіне барды, есігіне отырды, отырып-отырып ұйықтап қалды. Қыз келді, бүл жігітті көріп, ғашық жайын біледі екен, жігіттің қолына бір асық салды. Таң атқан соң бала шошып оянды, қайтып жүгіріп келді. Уәзір айтты: «Қыз келді ме қасыңа?». Бала айтты: «Жоқ, келген жоқ». Уәзір айтты: «Өтірік айтпа, келген шығар, шешінші!». Бала шешінсе асық қойнынан түсті. Уәзір: «Бұ не? — деді, ұйықтаған шығарсың».
Тағы кемпірге айтты уәзір: «Екі ділдә берейін, айтқан сөзімді айтамысың қызға?». Кемпір: «Айтсам, айтайын», — деді. Уәзір айтты: «Біздікінде бір саудашы жатыр, бүгін сауда қып, ертең қайтады деп айтқайсың». Кемпір барды, барды дағы уәзірдің сөзін айтты. Қыз тағы да қыздарға: «Енекемді ұста, аяғын жерге тигізбе, қанын жерге тамызба», — деді. Кемпір тағы қашты, үйге келіп уәзірге қыздың сөзін айтты. Уәзір айтты: «Бәрекелді тәуір болған». Кеш болғанда ханның баласы қызға тағы келді. Отырарда қыз келді, бала қызды ұстап алып бір жерге апарды. Онда қыз баламен бір төсекте жатып ойнады. Зындан күзеткен екі солдат келді. Қызды баламен ұстап алып, апарып зынданға тастады».
Хан құс салуға кеткен екен, содат патшаны іздеп барды. «Е, ханым, қызыңыз бір жігітпен ойнас қылған, біз екеуін зынданға тастадық», — деді. Хан айтты: «Тоқтаңыз, оны мен қайтсем де көрем кім екенін». Солдат зынданға қайтты. Қыз айтты солдатқа: «Құлағымдағы сырғамды берейін: «Өгіз иесі, өгізің шарбаққа түсіп қалды», — деп айтып, осы жерді айналып келе ғой. Солдат «Жарайды», — деп кетті. Уәзірдің үйінің тұсына келіп: «Өгіз иесі, өгізің шарбаққа түсіп, шарбақ иесі өлтіремін деп жатыр», — деді.
Уәзір бұл сөзін білді. Бір ділдә алды, қолына тағы бір қап алды, барзардан нан сатып алды. Сосын зынданға келді. Солдат айтты: «Бұл нанды сатамысың?». «Сатамын», — деді. Сатып алды солдат нанды бір жарым ділдәға. Солдат айтты: «Қал мында, мен нанымды үйге алып барайын, қапты қайта әкелемін». Уәзір: «Жарайды», — деп, қалды. Солдат кеткеннен соң, уәзір қызға жігіттің киімін кигізді, ханның ұлына қыздың киімін кигізді. Қызға айтты: «Солдаттың бетіне қарамай, қапты алып, жүре бер», — деді. Солдат келді, қызға қабын берді, қыз үйге жүре берді.
Хан үйіне келгенде: «Солдат тұтқын қызымды алып келсін», — деді. Солдат уәзір мен ханның ұлын алып келді. Ханның ашуы келді. «Ол қызым емес, деді — қызым ойнас қылды дейтұғын сен бе?», — деп, солдаттың басын шаптырды. Уәзір айтты: «Тақсыр хан! Елімді жау шауып еді. Жаңғыз қарындасым бар еді, оны күйеуге беріп едім. Күйеуім жаудың қолына түсті, қарындасыммен қашып келіп сіздің қызыңыздың үҚаракөз сұлуйіне кірдік. Ана солдат біз екеумізді ұстап зынданға салды. Менің мінім сол еді». Хан айтты: «Енді бұл қарындасыңды қызымның үйіне апар. Қаракөз сұлудың қасында бірге тұрсын!». Жігіт қыз болып Қаракөз сұлумен бірге тұрды.
Қаракөз сұлудың бір күйеуі бар екен, ол бұл шаһарға келді, далаға шатыр тікті. Ертең қыздар күйеуге ас апармақ болды. Қаракөз сұлу қыз болған жігітке айтты: «Сен күйеуіме барып айт: «Беті жақсы болса суменен жусын, беті жаман болса қымызбенен жусын». Қыз болған бала келді күйеуге, сәлем берді. «Е, жігіт, — деді, бетің жақсы болса сумен жуарсың, бетің жаман болса қымызбен жуарсың. Қаракөз сұлудың айтқаны сол болды». Күйеу айтты: «Жарайды, қыздың айтқанын екі қылмаймыз». Екеуі суға барды, күйеу суға бетін жуайын десе, қыз болған жігіт оны суға итеріп жіберді. Ол күйеуі өлген соң қыздың үйіне қайтты.
Уәзір атын ерттеп, әзірленіп қыздың үйіне келді. Анда қыз болып тұрған жігітке ханның жақсы киімін кигізіпті. Атқа мінгізіп ханға алып барды көрсетуге. Уәзір жігітпен ханға кірді, сәлем берді. Уәзір айтты: «Е, ханым, бұл жігіт күйеуіміз екен, жау қолынан қашқан. Рұқсат болса сіздің қыздың үйінде тұрған қарындасымды қайтарыңыз!». Хан айтты: «Жарайды». Қызды әкелуге кісі жіберді. Жіберген кісі қайтып келді: «Бұл қыз анда жоқ екен, күйеуге ас алып барған екен, сол барғаннан қайтпаған». Хан айтты: «Солай болса күйеуден барып қызды алып келіңіз!». Жіберген кісі тағы қайтып келді. «Күйеу де жоқ, барған қыз да жоқ, құр тігулі шатыр тұр», — деді. Хан айтты: «Апырмай, мұнымыз ұят екен, күйеуіміз бұл қызды алып қашқан болар». Уәзір айтты: «Енді неғылдық?». Хан айтты: «Қаракөз сұлуды мына жігітке берейік», — деді.
Отыз күн ойын қылды, қырық күн тойын қылды, алпыс нарға жүк артты, үйіне жөнелтті. Бір талай күн өтті арасында, үйіне жетті. Әкесі, шешесі өлгеннен соң әкесінің орнына, тағына мінді. Халқына, жұртына бас болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі