Елеңке деген батыр қалмақтармен соғыс кезінде сарбаздарының бәрі майданда қырылып, жалғыз өзі ғана қалыпты. Қашып құтылуға шамасы келсе де, жаудан қашу, шегіну дегенді өлімнен жаман көретін батыр: «Әлім біткенше соғысайын» — деген оймен соғыса беріпті. Қалмақтың қол бастаған ханы Елеңкенің батырлығын бұрыннан естиді екен. Осы соғыста оның орасан ерлігін өз көзімен көріп, «Тұтқынға тірі алыңдар!» — деп бұйрық беріпті. Самсаған қалың жау қойсын ба, батырды ауыр жаралап қансыратып, әлсіретіп ұстапты. Ханның жарлығы бойынша емдеткізіп, күтіп, тез арада жараларынан сауықтырып, «тұқым алайық» деп, Елеңкенің қойнына күніне бір сұлу қыз салыпты. Елеңке «менен қалған тұқым ержеткен соң, ертең еліме жау болып шаппай ма? Өйтіп жауымды көбейткенше өз жөніммен өлейін» деп, қыздардың ешқайсысына қарамайды. Қалмақтың ханы оған ашуланып:
— Сен біздің қыздарға неге мойын бұрмайсың? Егер бұдан былай мойын бұрсаң, еліңе жіберемін, ал оған көнбесең басыңды алдырамын, — дейді.
— Жауыма тұқым тастап ажалдан құтылғанша, елім үшін адал өлгенім артық, — деп жауап береді Елеңке батыр. Хан ойының оңға аспайтынына көзі жетіп, дереу батырдың басын алуға бұйрық береді және жендеттеріне: «Өлтірген соң жүрегін алдыма келтіріңдер» — деп тапсырады. Елеңкені өлтіріп, жүрегін алдына келтіргенде сыншыларына: «Осының жүрегі адамзаттың жүрегі ме, әлде басқа бірдеменің жүрегі ме, жақсылап қараңдаршы!» — дейді хан, Елеңкенің ерлігіне, қайсарлығына таңданып.
Сыншылар жүректі қақ жарып қарағандарында ортасынан бір тал түк шығыпты.
Біреудің ерлігіне таңданғанда: «Жүрегінің түгі бар екен» дейтін сөз содан қалған екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі