Өткен заманда бір тазша болыпты. Оның бір сұлу қатыны болыпты. Заманында ханның баласы сол тазшаның қатынына ғашық болып жүр екен, бір күн түнде келіп, қол салыпты. Қатын қойнына алмағанымен тұрмай, тазшаға айтыпты:
— Ханның баласы маған қол салды, — деп. Тазша айтыпты:
— Олай болса, мен бір жаққа жолаушы болып кетейін де, түнде қайтып келіп аңдып, егер қайтып келе қойса, ұстап, өлтірейін, — деп, түнде аңдаса, ханның баласы үміткер болып және келіпті. Тазша ұстап алып, буындырып өлтіре салып, өлімтігін түнде арқалап, бір байдың үйіне кіріп, қызына қол салыпты. Қыз:
— Кімсің? — деп сұраса, ханның баласы «пәленшемін, қойныңа ал», — депті.
Қыз:
— Ханның баласы болсаң қайтейін, шапшаң жоғала қой, болмаса, әкеме айтармын, — депті. Сонда тазша қызға:
— Әкеңнің аузын пәлен қылайын, әкең маған не қылушы еді, — десе, қыз долдыққа шыдай алмай, пышақты сұғып алыпты. Қу таз о бастан-ақ осы сұмдықты ойлап, ханның баласының өлігін қарсы алдына қолыменен сүйеп, ұстап отыр екен. Қыздың пышағы өлімтікке тиіп, кіріп кетіпті. Өлікті со жерге тастап, өзі білдірмей ғана ептеп, үйден шығып кетіпті.
Таң атқан соң бай түре келсе, үйінде бір өлген жігіт жатыр, бетіне үңіліп қараса, ханның баласы екенін танып, зәресі қалмай қорқып, не қыларын біле алмай, сасқанынан манағы тазшаны:
— Осындай бір мүшкіл іске ұшырап тұрмын, амалың көп тазша едің, осы пәледен есебін тауып құтқарсаң, ат басындай алтын берейін, — депті. Тазша:
— Жарайды, — деп, өлікті қапқа салып арқалап, түн ішінде ханның қазынасына кіріпті. Күзетшілер сезіп, тұс-тұсынан айқай салып, «ұста-ұста» деп жүгіріскенде, тазша өлікті бір амалменен тірі адамдай түрегелдіріп қойған екен. Өзі ебін тауып құтылып кетіпті. Күзетшілер қазынаның ішіне кірсе, тұрған адамды көріп, өлік екенін қараңғыда қайдан білсін, ұры осы екен деп, біреуі шойын шоқпарменен салып қалса, құлай кетіпті. Күзетшілер жарық алып келіп қараса, тани кетіпті, ханның өзінің баласы екен. Күзетші бишараларда не жан қалсын, жаны алқымға келіп, қорқып, түн ішінде манағы тазшаға барып:
— Айналайын, шырағым, осындай бір атпас таңға қалдық, амалың көп деуші еді. Осы бәледен бізді есебін тауып құтқарсаң, пәлендей дүние берер едік, — деп, зар жыласыпты. Тазша:
— Жарайды, құтқарармын, — деп, уәде беріп, таң атысымен екі көзіне пияздың суын жағып, жас ағызып, қызартып, еңіреумен ханға келіп:
— Айналайын, тақсыр хан, күзетші құлдарың қаталықпенен зор күнәкәр болыпты, солардың бір қасық қанын тілей келдім.
— Кешесіз бе, тақсыр хан,
Кешпейсіз бе, тақсыр хан,
Түсінерсіз айтқанды,
Һешкім де жоқ қас қылған.
Қашанда ерке тазшаңмын,
Алдыңа жылап бас ұрған.
Сонда хан біраз ойланып тұрып айтыпты:
— Азар болса, күзетшілер ұйықтап қалып, қазынаны ұрлатқан шығар, не де болса, тазша, сенің үшін күзетшілердің күнәсін кештім, — депті.
— Бірақ түсіндіріп айтшы, олар қандай күнә қылған екен, білейін, — депті. Тазша былайша баяндапты:
— Тақсыр ханым, түнде қазынаңызға бір ұры кіріпті, күзетші бишаралар сергектігіменен біле сала жүгіріп, қамалап, қараңғыда қайдан білсін, қазынаның ішіне кіріп тұрған адамды көрген заман біреуі шоқпарменен, біреуі пышақпенен ұрып, біреулері мойнына арқан салып, буындырып өлтіріпті. Артынан жарық әкеліп қараса, ол өлтірген адамы, тақсыр, сіздің балаңыз болып шығыпты, Құдайдың қосуы осылай болса, не шара бар, бірақ балаңыздың түн ішінде жападан-жалғыз қазынаңызға неге кіргенін бір Алланың өзі біледі, — депті.
Сонда хан бұйрық қылыпты:
— Баламның өлігін алдыма алып келіңдер, көрейін, — деп. Тазша жасауылдармен барып, өлігін қымбат бағалы кілемге, атлас бұйымға орап, көтеріп алып келіп, ханның алдына қойыпты. Хан баласының өлігіне қарап отырып айтыпты:
— Менің балам түн ішінде қазынаға кіріп, күзетшілер өлтірді дегеніңе көңілім онша иланбайды. Пәлен жерде бір бақсы кемпір бар, адам жіберіп алдырыңыз, бал аштырамын, егер баламды қазынаға кірген күзетшілер ұрып өлтірген болса, күнәсін кешкенім кешкен, егер басқа түрлі уақиғадан болса, оны білемін, — деп. Бір жасауыл барып, кемпірді қобызымен алып келіпті.
Кемпір қобызды тартып, жындарын шақырып, ойнап жатқан кезде тазша да оның тапқышын біледі екен, дереу бір асау жылқының құйрығына бір қатқан тулақты байлап, қоя беріпті. Соның салдарынан жылқылар түн ішінде тас-талқан болып, үркіп жүргенде, тазша бір атқа міне шауып, айқай салыпты:
— Жылқыға жау тиді, — деп. «Жау тиді» деген айқайды есіткен заман хан — бастығы, барлық адам атқа міне қаруларын алып, жылқыға қарай шаба беріпті. Манағы тазша шайтандай бір жағымен жылт етіп, үйге кіріп келіп, қараса, баяғы бақсы кемпір айдай нұр беріп, ойнап жүргендегі сөзі мынау:
— Һай-һай, тазша, һай, тазша,
Атаңа нәлет, қу тазша,
Басыңды қудай кесермін,
Қаныңды судай шашармын, —
деп жүр екен, қу тазша аңғарыпты, бәленің бәрі өзінен болғандығын кемпір құрғырың білгенін, жалма-жан кемпірдің сирағынан көтеріп апарып, ханның толып тұрған қымыз сабасының ішіне басын төмен қаратып, аяғын жоғары қаратып салып жіберіп, тұншықтырып өлтіріп, өзі ешкімге көрінбестен үйден шығып жоғалыпты.
Таң атқанда хан қасындағы адамдарыменен жау көре алмай, аманшылықпен үйіне қайтып келіпті. Сонда хан түндегі бақсы кемпір қайда деп, іздетсе, сабаның ішінен өлімтігі табылыпты. Енді хан қорқыпты. Өйткені, кемпірдің балалары өңшең дәу екен. Ашуланса, бір жұртты солайымен науыт қылуға қолдарынан келетінін хан біледі екен. Сонда хан тазшаны шақырып алып айтыпты:
— Мынау кемпірдің өлігінен құтқар, балалары бізден көріп, бір бәле қылмай қоймас. Осыған не амал тауып, бізден көрмейтін қыласың, егер осы бәледен бізді аман—есен құтқарсаң, саған ат басындай алтын берейін, — деген соң тазша:
— Жарайды, — деп, бас-аяғына дейін әдемі киіндіріп, бір асауырақ түйеге мініп, кемпірді алдына алып, құшақтап отырып, жөнеліпті. Кемпірдің үйіне жақындаған уақытта жас немерелері алдынан жүгіріп шығып, «шешеке, ханның үйінен алып қайтқан мейіз, өрігіңнен бер» деп, түйеге жармаса берген уақытта тазша қолына ұстап келе жатқан бізіменен түйенің санына сұғып алыпты. Түйе тулап барып, кемпірменен тазшаны жығып кетіпті. Кемпір баста шын өлген, тазша да біразға дейін өтірік талған болып жатыпты. Кемпірдің дәу балалары үйінен шығып қарап тұр екен, қасына жүгіріп келіп қараса, екеуі де өліп жатыр.
— Бәрекелді-ай, шешеміз асарын асап, жасарын жасаған адам еді. Өлсе, бәрібір, иманы жолдас болсын, бірақ ханның адамының өлгені ұят болды-ау, — деп тұрғанда, қу тазша ыңқылдап, ыңыранып, жаны бар адамдай қозғала-қозғала жатып, «Құдайға шүкір» деп, басын көтеріп, «тіріліпті». Кемпірдің балалары жақсы сыйлап, қайтарыпты.
Осындай амалменен әуелі ханның баласын өлтіргені турада өзі құтылып, екінші — байды, үшінші — күзетшілерді, төртінші — кемпірдің өлгені тақырыпты һәм өзін, һәм ханды құтқарып, дүниеден осындай өтіпті деп, үлкендер әңгіме қылушы еді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі