Баяғыда бір кедей өмір сүріпті. Оның үш баласы болыпты. Бір күні кедей балаларын шақырып алып:
— Осы уақытқа дейін мен сендерді асырадым, енді қартайдым, әлім бітті. Сендер болсаңдар, әлі жассыңдар, қалай күн көрер екенсіңдер, — дейді.
— Байдың малын бағамыз, — дейді үлкен ұлы мен ортаншы ұлы.
— Сен ше? — дейді кедей кіші ұлына.
Сонда кіші ұлы тұрып:
— Мен байдың малын ұрлап, күн көрем, — деген екен.
Оның бұл сөзіне әкесі ашуланып:
— Ұры болсаң, менен кет, — деп, үйден қуып жібереді.
Бала үйінен кеткен соң жолмен жүріп келе жатса, бір ауыл көшіп келеді екен. Ол көштің артынан қалмай, жүріп отырады.
Кеш бата көш бір тоғайдың жанына қонады. Баланы ешкім елемейді.
Бір кезде байдың үйі ет асады. Әйелдер үйге кіріп кеткенде қарны ашқан бала қазандағы етті қотарып алып, жегенін жеп, жемегенін тастап кетіп қалады.
Ол тоғайда түнеп, таңертең тұрса, жұрт ұйықтап жатыр екен. Бала оншақты қойды айдап, жүре береді. Бір кезде артынан шаң көрінеді. Бұл келе жатқан қуғыншы шығар деп, ол қойды тоғайға айдап жібереді де, өзі маңайдағы ескі тамның дуалына сүйеніп, тұра қалады.
Қуып келе жатқан байдың өзі екен.
— Бала, былай қарай қой айдап өткен ешкімді көрмедің бе? — дейді ол.
Сонда бала тұрып:
— Көрдім, бірақ сіз оны таба алмайсыз. Мен тауып әкелер едім, мына дуал құлап кете ме деп қорқып тұрмын, — дейді.
— Дуалда тұрған не бар еді? — дейді бай ашуланып.
— Бұл дуал құлап кетсе, жер дүниені топан су қаптап, ақырзаман болады, — дейді бала.
— Онда тұра тұр, мен үйден тіреу алып келейін, — деп, бай қайта шапқанда, бала қойын айдап, құтылып кетеді.
Бала айласымен күн көре береді, келе-келе бір ұрының бар екенін ел-жұрт түгел біледі. Ол туралы хан естіп, егер ұры шынымен ұры болса, менің шақырғаныма келер деп ойлап:
— Кімде-кім ұры болса, маған келсін! — деген жар салады.
Бала ойлап-ойлап, ақырында, ханға барады. Есіктен кірген балаға хан ақырып:
— Сен ұры ма едің? — дейді.
— Иә, — дейді бала.
Хан айтады:
— Ендеше бүгін түннен қалдырмай, менің арғымағымды ұрла, ұрлай алмасаң, басыңды алам, — дейді.
— Құп, тақсыр, — деп, бала шығып кетеді.
Қас қарая бұйрықты орындауға бала келсе, ханның арғымағын қырық күзетші күзетіп отыр екен. Ұры түн ортасына дейін жасырынып жүреді, бірақ қырық күзетші көз ілмейді. Ақымақ күзетшілер бір кезде арғымақты суатқа апарып суарады да, онан кейін қалған жылқыларды айдап кетеді. Күзетсіз қалған арғымақты бала мініп алып, жүре береді.
Ертеңіне бала арғымақты әкеп, ханға тапсырғанда, хан екінші тапсырма береді.
— Бір сандық алтыным бар, соны ұрла, — дейді.
Кешке жақын бала бұйрықты орындауға келсе, хан сандығын қолына ұстап алып, алаңда әрлі-берлі жүр екен.
Ұрының ойына бір айла келе қалады. Мойнын қызыл бояумен бояйды да, ханның алдын айналып барып, алдына шалқасынан жата қалады. Жанынан өтіп бара жатқан хан оны көреді де:
— Қап, бишара-ай, біреу өлтіріп кеткен екен ғой, — деп үйіне қайтады.
Ұры ханның алдын екінші орап келіп, тағы да шалқасынан жата қалады.
Хан ұрыны екінші рет көргенде таңданып:
— Апыр-ай, осы ма екен, жаңағы ма екен? — деп, сандығын қоя салып, манағы жерге кетеді.
Ұры сандықты ала жөнеледі. Ертеңіне хан ұрыға үшінші тапсырма береді:
— Енді менің өзімді ұрла, — дейді.
Ұры келсе, хан ұрлайды екен деп ордаға тығылмаймын деп, үлкен сандықтың ішіне түсіп, күзетшілеріне күзеттіріп қойыпты.
Күзетшілер бірінен соң бірі келіп, күзетіп тұрады екен. Ұрыға білдірмейміз деп, еңбектеп барып, еңбектеп қайтады екен. Мұның бәрін байқап алып, ұры бір уақытта көп күзетшінің бірі болып, еңбектеп, сандықтың қасына келеді.
Келісімен хан оны күзетшілерінің бірі екен деп:
— Әлгі ұры келетін бе? — дейді.
— Тақсыр, келіп тұрмын, бірақ ханды сандыққа салып көтерген ұят шығар, арқама мініңіз, — дейді.
Бұл жолы да жығылып қалған хан баланың мұндай өнеріне риза болып, оны өзіне уәзір етіп алған екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі