Тілеміс

Тілеміс деген қу кісі екен, жолаушы келе жатып, қазақтың бір сасық байының үйіне қоныпты. Жаздың күні қой сауып, қатын, бала-шағасы қозы алып жүреді, бай малшыларына ұрсып, боқтап, малдың қасына келмеді. Тілеміс қасындағы жолдасымен үйде отыр, дәу тай қазанға сүтті құйып, қатындар келіп-кетіп жүр. Сонда Тілеміс жолдасына айтты:

— Осы байдың түрі жаман екен. Сонау баспақтағы тұздан үлкен бір қос уыс тұзды алып кел, осы бізге мал соймайды, алдын ала бір шара істелік, — деп, жолдасына үй оңаша қалғанда айтыпты. Керегедегі екі тұздан тұз алып келді, Тілеміс айтты:

— Қазанның астындағы күлге шоқырлап көм, — деп, көмдіріп тастады.

Бір уақытта малдарын жайлап, бай үйге келді, жөн— жайды сұраған жоқ, қабағын қарс жауып, сүтті от жағып, пісіре бастады. Шайды қайнатып, басқа тамақ қылды. Бай айтты:

— Қонақтар, бүгін мал союға күн жайсыз, басқа бұйырған тамақты ішерсіздер, — дейді. Тілеміс мақұл деген адамдай басын изеп, ұйықтап жатқан болып жатты. Тезек жанды, сүт көбіктеніп, балалары тостаған, қасығын алып, үлкен тай қазанды төңіректеп, жүгіріп жүр. Бір уақытта тұздар қызып, бытырап қазанның астындағы шоқты аспанға ұшырды. Жүк те от, кереге де от, қатын-балалары быт-шыт болып, жау шапқандай шу болып қалды. Тілеміс ұйқыдан басын көтерген адамдай шошып оянды, «ой, бұл қалай?» — деп, түрегеледі. Сонда:

— О, қонақтар, бұ не деген сұмдық? — деп, шошып тұрды. Жан-жақтағы көршілер де жиналып, келіп қалды. Сонда Тілеміс:

— Ойпырмай, «отының басынан үйден шықсын» деген мақал бар, «Құдай мүйізді Өтегеннің тұқымы қылып жаратып едің, бәлеңді тоқтат!» — деп, солай дегенде бытырлаған тұздың дауысы басыла бастады.

Сонда бай:

— О, құдай, боз қасқа қойды алып кел, — деп, қатындары қорадан бір үлкен боз қасқа қой алып келіп, бата сұрады. Шикі шегін қалдырмай асып, ауыл да қарқ, қонақ та қарқ болған екен.


WhatsApp Telegram

Пікірлер (1)

Майра

«Тілеміс» ертегісін оқып, бір кідіріп қалдым. Бала кезде әжем айтып беретін осындай ертегілердің қандай әсерлі екенін тағы бір мәрте сезіндім. Тілеміс деген қу кісінің сараң байға салған айласы – халық даналығының тамаша үлгісі. «Оттың басынан үйден шықсын» деген мақалды қолдана білуі, тұзды күлге шоқырлап көміп, байды қой сойғызуы – қазақтың кеңдігі мен қулық-парасатын ұштастырған хикая.

Әсіресе байдың алдымен «мал союға күн жайсыз» деп, кейін «боз қасқа қойды алып кел» деуі – сараңдық пен қорқақтықтың айқын көрінісі. Ертегінің соңындағы «ауыл да қарқ, қонақ та қарқ» деген сөздер қазақтың қонақжайлық дәстүрін дәріптейді.

Мұндай ертегілерді жинақтап, жас ұрпаққа жеткізіп отырған Bilim-all.kz сайтына алғыс білдіремін. Мақала мәтіні таза, оқуға жеңіл әрі түсінікті. Тілеміс секілді ертегі кейіпкерлері арқылы балаларға әділдік пен тапқырлықтың үлгісін көрсету – тәрбиенің ең тиімді жолы. Бұл ертегіні әр ата-ана өз баласына оқып, талқыласа деймін. Көбірек осындай халық әдебиетінің үлгілерін жариялай беріңіздер!

Пікір қалдырыңыз