Өлең, жыр, ақындар

Қорқау шал

Бір қорқау кісі болыпты. Ол үйленгеннен кейін  әйелі бір ұл тауыпты, тұңғышынан кейінгі баласын «шыр» етіп жерге түскенде-ақ әкесі даяр отырады екен де, өзі жеп қояды екен.

Сөйтіп ол жеті баласын жеп қойыпты. Әйелі тоғызыншы балаға жүкті болады.  Жалғыз ұлы әкесінің өз балаларын жеп қоятынын білген соң ендігі бауырын аман алып қалуды ойластырады.

Шешесі толғатып жатқанда бала нәрестені алып қашпаққа даярланады. Әкесі пышағын жаландатып, баланы жеймін деп аңдып отырады. Таңға жақын шал талықсып ұйықтап кетеді. Бала «шыр» етіп жерге түскенде ағасы баланың кіндігін кеседі де, орап алып қаша жөнеледі. Оянып кеткен әкесі тұра қуады. Бірақ бала жеткізбей сол күйі құтылып кетеді. Бала бауырын алып үш шошақтың бауырындағы бір қараша үйге келеді. Ол үйге бауырын бақтырады да, өзі аң аулап, әлгі үйдің кісілерін бағып жүреді. Құтқарып қалған бауыры әйел бала екен. Кейін келе ол едәуір ер жетеді. Ендігі жерде қарындасын ертіп, ел аралап кете барады. Жүре-жүре түнделетіп бір қалаға келеді. Қалада ешкім жоқ. Бір-ақ үйде ғана шам жарығы көрінеді. Баспалап үйге келсе, бір қазан ет асылып тұрады. Сөйтсе ол адамның еті екен. Енді бір үйде күңгірлеген дауыс шығады. Жасырынып келіп тыңдаса:

— Бұл қаланың адамы таусылды, енді адамды қайдан тауып жейміз? – деп, сөз қылып отырады үйдегілер. Бір заманда біреуі:

— Қазандағы ет піскен шығар, көріп келейін, – деп сыртқа шыға бергенде, оның да басын қағып алады.

— Екеуі бірігіп етті жеп жатыр ма, қарайыншы, – деп шыққан үшіншісін өлтіреді. Сөйтіп алтауын өлтіреді.

— Бәрі жиылып алып етті жеп жатқан көрінеді, –деп асығыс соңғы біреуі шыға бергенде, оның басын қағып қалады. Бірақ, ол осы адам жейтін жеті жалмауыздың бастығы – ең күштісі екен. Қылыш оның бір шекесін ғана қағып түсіреді. Жаралы адам жігітпен алыса кетеді. Алысып жүргенде қорқау бір құдыққа құлап түсіп кетеді. Жігіт құдықтың аузын үлкен диірмен таспен бастырып қояды да, қорқаулар отырған үйден тінтіп жүріп кілт тауып алады. Кілтті алып әр үйдің есігін ашып қарап жүрсе, бір үйде жеті тұлпар байлаулы тұрады. Алдарына бір жағынан су ағып келіп тұр да, бір жағынан шөп келіп түр. Ішінде  ерекше бөлек бір қара шұбар ат тұрады. Мұны көргеннен кейін жігіт қарындасына келеді. Жігіт қарындасымен әлгі иен шәріде тұра береді. Өзі аң аулап күнкөріс қылады. Бір күні жігіт аңға шығарда:

— Сен мына үйдің есігін ашпа, ана құдықтың аузындағы тастың үстіне отырма, – деп қарындасына тапсырады.

Ағасы кеткен соң қыз үйдің есігін ашады да, жеті атты көреді, құдықтың аузындағы тасқа да отырады. Бір кезде құдықтың іші дүңгірлейді. Қыз құдық аузындағы тасты қопарып қараса, ішінен:

— Сен не қылған жансың? – деген бір адамның даусын естиді.

— Біз жалғыз ағаммен екеуміз осы шәріге келген екі жолаушымыз. Қазір осы шәріде тұрамыз, – дейді қыз.— Сен неғып жатқан адамсың?

— Біз ылғи адам жейтін жеті жалмауыз едік. Осы қаланың адамын түгел жеп болдық. Бір күні түнде сенің ағаң бірімізді бірімізге қоспай, білдірмей өлтіріп кетті. Мен жаралы қалдым. Мені осы құдыққа түсіріп қамап кетті. Енді сен мені шығарып ал. Екеуміз бірігіп жан бағайық, бұл шәріде ешкім қалмады. Ағаң бәрібір сені алып жатқаны жоқ, – дейді жалмауыз.

— Менің ағам оған көне ме, оны қайтеміз?

— Оның амалы табылар, пәлен үйдің алдында менің жарты шеке сүйегім жатыр, сен алдымен соны ал және шұбар аттың сауыр жүнінен ал, сүйекті орнына қой, сонан соң жүнді сулап жараны айналдыра жапсырсаң басым қалпына келеді.

Қыз  қорқаудың  айтқаны  бойынша   істейді   де,   екеуі қосылысады. Мұны ағасы білмейді. Қашан да ағасы аңнан келгенде қыз тажалды сандыққа тығып бағады. Сөйтіп жүргенде қыз екіқабат болып қалады. Қыз өтірік ауырған болады да, бір күні ағасына:

— Мен ауру болдым, – дейді.

— Саған немене ем болар екен? – деп, ағасы абыржи сұрайды.

— Шалғай бір жерде жеті әулиенің шырағы бар, соны әкеліп бер, – дейді. Жігіт жалғыз қарындасы үшін азаптан қорықпай шырақты іздеп кетеді. Келе жатып бір кісіге жолығады. Оған сәлем беріп амандасқан соң шаруасын айтады.

— Оны табуға болар, ол пәлен жерде, бір жерде жеті әулие намаз оқып отырады, солардың жеті шамы бар. Бетегеден биік, жусаннан аласа болып бар да, олар әрі қарап намаз оқып отырғанда шамды алып қаш, – деп жол көрсетеді.

Әлгі кісінің айтуы бойынша шамды тауып, алып қашып қарындасына келеді. Қарындасы тұрған жерге жақындағанда жолдың бойында, тікеннің түбінде бір жас бала жылап жатады. Баланы алады да, қарындасына:

— Жолдан бір бала тауып алдым, мұны бауыр қылып алайық, екеу едік, енді үшеу болдық, сен бақ, – деп береді.

Әсілінде бұл қарындасының тапқан баласы болатын. Ағасының қарасы көрінгенде жалмауыз екеуі әдейге тікеннің түбіне қойып қойған еді.

— Мен әлі жазыла алмадым, – деп кейіпті қарындасы.

— Енді не ем болады? – деген ағасына:

— Пәлен жерде бір сары аю бар, соның апанынан шөп әкеліп бер, соны қайнатып ішіп, жуынсам жазылармын, – дейді қыз. Ағасы мұны да іздеп кетеді.

Ай жүреді, жыл жүреді. Жол-жөнекей тағы әлгі кісіге жолығады. Оған шаруасын айтқан соң, ол кісі:

— Балам, ол «Барса келмес» деген жерде, ол кісі жейтін аю, оның апанына кіру қиын. Қиямен қиялап, жылғадан жорғалап, бетегеден биік, жусаннан аласа болып барып алмасаң, қолға түспейді, – дейді.

Жігіт мұны да әкеледі. Ол келе жатқанда қыз бен тажал:

— Бұл тағы да өлмепті, енді қайтеміз? – деп ақылдасады да, майға у салып, шелпек пісіріп жігітке береді. Жігіт шайды ұрттап, шелпекті жеуге ұмтылса, әлгі жас бала жігіттің қолын қағады, жігіт үш рет ұмтылады. Бала үш рет қағады. Осы кезде көріп жатқан тажал:

— Мынаның қорлығы-ай, – деп атып тұрып жігітпен алыса кетеді. Екеуі бірін-бірі ала алмай жүргенде жігіттің қарындасы тажалдың аяғының астына кебек, ағасының аяғының астына бұршақ төгеді. Осы кезде тажал балаға:

— Менің бел балам болсаң, қылышымды әкеп бер, – дейді.

— Менің жолдан тауып алған інім болсаң, қылышымды әкеп бер, – дейді жігіт.

Сонда бала:

— Сен менің әкем болғаныңмен мені далаға тастағансың, сонда ағам әкеліп мені бакқан, – деп ағасына қылыш әкеп береді. Сөйтіп жігіт тажалды өлтіреді. Қарындасын да өлтіреді, бұл жерде бірнеше жыл мекендейді. Бала да бірталай жасқа келіп қалады. Содан олар бір шәріге көшеді.

Бұл қаланың ханы: «Менің палуаным бар, соны жыққан кісіге қызымды беремін», – деп жар салады.

Жолға шығарда інісіне екі тал гүл шөп егіп беріп:

— Мұның бірі – мен, бірі — сен. Мына шөп гүл аптып құлпырып тұрса, менің жолым болғаны, сарғайып тұрса, менің басыма күн туғаны, құраса өлгенім, шөп сарғая қалса мені ізде, – деп тастап кетеді.

Жігіт ханның Арлан төбет аталған палуанын жығады да, қызды алады. Сөйтіп жүргенде тағы бір шәрінің патшасы: «Менің өгіз палуаным бар, соны жыкқан кісіге қызымды беремін», – дейді. Бұл хабарды естіген жігіт палуанды жығып, қызды інісіне алып беруге кетеді.

 

Бұл жолы жігіт өгіз палуаннан жығылып қалады да, тұтқынға алынады. Осы кезде гүл сарғая бастайды.

Бала ағасын іздеп жолға шығады. Бірнеше күн жүріп ағасының үйін табады. Кештетіп келіп ағасының үйіне қонады.

— Мынау менің күйеуім ғой, бұл маған неге үндемейді? – деп таң қалған жеңгесі түнде төр алдында жатқан «күйеуінің» жанына келеді. Көрпені аша бергенде бала сол шынтағымен әйелді қағып қалады. Қатын аң-таң болып төсегіне келіп жатады. Таңертең ағасының жөнін ұғады да, бала жолға түседі. Бірнеше ай жүріп ханның ауылына келеді. Болып жатқан бір тойдың үстінен түседі. Дереу өгіз палуанмен күресіп, оны жығып әрі өлтіріп, ағасын тұтқыннан шығарып алады. Қызды да алатын болады.

«Құда, күйеуді сыйлаймыз» деген атпен, хан бір үй даярлатады. Және ішіне толтыра тағам қояды. Бұл үй темірден салынған екен. Бұған кірерде ағасы:

— Бұлардың түрі жаман, кірмесек қайтеді? – дейді.

— Тәуекел, кірейік, қорықпайық, – деп інісі тұрып алады. Адамдар үйге кірген соң: «Жалғыз аттыларға қыз береміз бе? Өртеп жоғалтайық», – деп олар үйдің сыртынан отыңды үйіп өрт қояды. Темір үй қызып болғанда бала іргесін көтеріп, ағасын ертіп шығып кетеді. Амалы таусылған хан ақыры қызын береді.

Үшеуі жолға шығады. Жол ортада інісі ағасына:

— Екеуміз күш сынасайық, – дейді.

— Ағайынды екеуміздің күш сынасуымыздың жөні жоқ, – деп көнбейді ағасы.

Бала:

— Ондай болса мен кетемін, сені көрмеймін, – деп тұрып алады. Лажсыздан ағасы күш сынасуға көнеді.

— Ендеше, менің сол шынашағымды ат, – деп көтеріп тұрады. Лажсыздан інісінің сол шынашағын атады.

Атып болғаннан кейін:

— Не үшін маған атқыздың? Егер осының сырын айтпасаң мен кетемін, сені көрмеймін, – деп ағасы тұрып алады. Ағасының кетуіне көзі жеткен інісі шынын айтады:

— Сен жоқта мен сенің үйіңе келдім. Жеңгем мені сен деп қойныма жатпақ болды. Сонда мен сол шынашағыммен қағып жібердім. Сондықтан осы шынашағым кінәлі болды. Сол үшін атқыздым.

Осыдан кейін арадағы болымсыз, әрі білінбей бара жатқан түйіншек шешіліп, екеуі өз шәріне келіп мұратына жетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Салтанат

Алтын балта

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз