Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздік - ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылық

Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда өзінің тәуелсіздік тарихын бастады. Ал тәуелсіздік күні кез келген ел үшін басты күн және басты мереке болып саналады. Бұл күн - Қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жеттік. Азаттықтың ақ таңы атты. Тәуелсіздік – елдің қолына зарықтырып барып қонған бақыт құсы. Бұл бәріміз көптен күткен мерейлі мезет, тарихи оқиға. Тәуелсіздік дегеніміз – мемлекеттің өз саясатын өз еркімен жүргізуге қол жеткізуі, мемлекеттің ішкі, сыртқы істері өз билігінде болу. Мемлекетті құру мәселесін түпкілікті шешудің жолы – тәуелсіздік жариялау. Оны жариялаған құжат – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң.

 

Ата-бабаларымыздың аңсаған арманының жүзеге асуы

 

Тәуелсіздікке қол жеткізудің тар жол, тайғақ кешулері көп болды. Қазақстан  - Еуразия материгінің дәл ортасында орналасқан мемлекет. Керей мен Жәнібек бастаған хандық құрылғалы бері ел талай күрделі кезеңді бастан кешті. Жоңғарлармен жағаластық, оңтүстіктегі көршілерімізбен жұлқыстық, бізді Ресей империясы отарлап алды. Кеңестік тоталитарлық жүйенің қиямет-қайымдарын бастан кешірдік. Тұрғылықты ұлттың үлесі республика халқының қырық пайызына да жетпейтін Қазақстанда тәуелсіздік жариялаудың жайы басқаларға қарағанда өте-мөте өзгеше болған еді. Қазақстандай көпұлтты, көптілді, көпдінді елде тәуелсіздік жариялау оңайға түскен жоқ.

Тәуелсіздіктің қайта оралуы – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі, осыншама байтақ жерді арпалыса жүріп қорғап қалғанының арқасы. Біздің тәуелсіздігіміздің тамыры тереңде. 1986 жылы аязды да ызғарлы желтоқсанның күндерінде өрімдей жастарымыз күресті жалғастырып тәуелсіз Қазақстан үшін атойлап алаңға шықты. Қияметті де қияпатты ХХ ғасырдың соңында бұған дейінгі көп ұрпақтардың аңсаған арманы – тәуелсіз мемлекет құруға қол жеткіздік. Тарихи әділеттілік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды. Бұған дейінгі декларация түріндегі мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болды. Дүниеге Қазақстан Республикасы атты жаңа мемлекет келді. Көп ұзамай, 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық мәжілісінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданып, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды.

Тарихтың ұлы сағаты соқты. Осындай ғаламат өзгерістердің куәлары және қатысушылары болу кез келген ұрпақтың үлесіне тие бермейді. Сол тұста әлемнің картасында жаңа мемлекеттер шығып, қоғамдық-саяси және экономикалық формациялар, мемлекеттік басқарудың пішіндері ауысып жатты. Қазақстан да осынау  тарихи үдеріске белсене араласып кетті.

Ел егемендігі оңайлықпен келген жоқ. Алдын ала ойластырумен, зор ұйымдастырушылықпен, үлкен дайындықпен жүзеге асты. Жас егемен мемлекеттің саяси жүйесін қалыптастырдық. Ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтай отырып, қуатты мемлекет пен пәрменді экономика құрдық.

 

Декларация – еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы

 

1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация жас мемлекеттің тұңғыш негіз қалаушы заңнамалық актісі болды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Ес жиып, еңсе көтеріп, жеңімізді түріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Елдің мемлекеттік-құқықтық жүйесін толық мемлекеттік тәуелсіздікті ресімдеу жолымен одан әрі дамытудың дайындық кезеңі содан басталды. Мемлекеттік егемендікті нығайту, саяси және экономикалық жаңғыртуларды жүзеге асыру сол кездегі билік құрылымын дереу өзгертуді, елді басқарудың оңтайлы үлгісін қалыптастыру мақсатымен өкілеттікті қайта бөлуді қажет етті. Қазақстанның егемендігін, аумақтық тұтастығын сақтау, халықаралық деңгейдегі беделін нығайту жөніндегі табанды қызметіміз елдің шынайы  тәуелсіздікке  жетуінің негізін қалап, қолайлы жағдай жасап берді.   

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болу керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді».  

 

Тәуелсіздіктің жемісі

 

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік дамуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді, әлемде биік беделге ие болды. Халқымыз қыруар жұмыс атқарды. Халықтың көпшілігі елдің еңсесін көтеру үшін күн демей, түн демей еңбек етті. Ел тұрғызылды, шекара белгіленді, экономика құрылды. Біз жаңа ел құрдық және соқтықпалы-соқпақсыз жермен жүрдік. Осынша жылдар ішінде әлемнің талай елінде қазақтар, Қазақстан туралы жақсы пікір қалыптасты. Біз өз тәуелсіздігімізді нығайттық. Тәуелсіз ел болу үшін мемлекетке әлем мойындаған шекара, дербес қуатты әскер, ұлттық валюта, халықаралық тұрғыдан мойындалу қажет. Осылардың бәріне қол жеткізілді. Ел тыныштықта өмір сүріп жатыр. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде берік орныққан, саясаты салиқалы, экономикасы қуатты ел. Ертеңі еңселі ел. Атқарылған жұмыстың шын мәнісін тек уақыт қана, тек тарих қана айқындайды. Уақыт – ең әділ төреші. Таулар алыстаған сайын асқақтайды. Қай кезде де солай болған. Қазақ елі өз тарихының ең бір жарқын жылдарына тәуелсіздік тұсында жетті. Әсіресе, соңғы жылдары жаңару мен жаңғыруға даңғыл жол ашылды.

Көпвекторлы халықаралық қарым-қатынасты ойдағыдай орнатып, Батыспен де, Шығыспен де тіл табыса білгеніміз, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрудың басында тұрғанымыз, Еуразиялық экономикалық одақты, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін құрудың бастамашысы болғанымыз, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық еткеніміз, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланғанымыз, Түркі кеңесін ұйымдастырғанымыз, ЭКСПО-2017 көрмесін, қысқы Азия ойындарын өткізгеніміз, өзімізді білікті халықаралық медиатор ретінде танытып, бірқатар бітімгерлік миссиясын сәтті атқарғанымыз... Осының бәрі әлемде Қазақстанның жақсы атын шығарып, дүние жүзіне танымал етті, қомақты инвестиция тарта алуымызға септесті. Қазақстанды әлемде құрмет тұтады. Мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы.

 

Ел бірлігі – ерекше байлық

 

Біз бір болғанда әрдайым жеңіске жетіп отырдық. Ішкі тұтастық пен отаншылдық ішкі саясатта басты орынға ие болуы тиіс. Бізге өсу мен даму үшін уақыт керек, яғни тыныш уақыт керек. Сол кезде еліміз қуаттана түседі, өркендеу үшін, әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу үшін қажетті жағдай жасалады. Осы жылдар ішінде ең басты жетістігіміз – елдің бірлігін сақтай алғанымыз. Ел бірлігі – ерекше байлық. Сондықтан ел бірлігін көздің қарашығындай сақтау қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып жүргенін білеміз. Биыл көктемгі наурыз айында Атырауда өткізілген Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды» деп тағы да қадап айтты. Бізге мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың өзі де, сөзі де, ісі де – бір болуы қажет. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек.  

Болашақ ұрпақтарға бұған дейін жасалғандарды жалғастыру, күшейту, нығайту қалды. Ол үшін бұған дейін атқарылған шаруаны лайықты жалғастыра отырып, жаңа заманға, жаңа талаптарға сай жаңаша жұмыс істеуге тура келеді. Тәуелсіздікті алудан да сақтау қиын. Оны сақтау үшін, болашаққа лайықты алып баратындай етіп баптау үшін жыл сайын, ай сайын, күн сайын күресу керек. Сонда ғана біз ата-баба аманатын ақ-адал ақтай аламыз.

Ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылық бұл, ең алдымен, тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз. Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!  

 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз