Бүгінде Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі мемлекеттік деңгейде кеңінен талқыланып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жиі көтерілуде. 2022 жылы құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңға жуық хабарлама түскен. Алайда олардың шамамен 60%-ы бойынша жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқандықтан, тиісті шара қолданылмаған.
2023 жылдың 9 қарашасында болған Салтанат Нүкенова ісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың зорлық әрекеті салдарынан Салтанат ауыр жарақат алып, қайтыс болды. Бұл оқиға бүкіл елді дүр сілкіндіріп, #ЗаСалтанат қозғалысының пайда болуына себеп болды. Осы жағдайдан кейін заңнамалық реформа қажеттілігі ашық айтылды.
2024 жылдың маусымында Қазақстанда «Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін кепілдендіру туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Енді тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеңіл түрлері — бұрынғыдай әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке жатқызылады. Бұл өзгеріс – қоғамның үнсіздігін бұзған маңызды қадам болды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, әлемдегі әйелдердің шамамен 30%-ы өмірінде кемінде бір рет физикалық немесе сексуалдық зорлыққа ұшыраған. Бұл көрсеткіш тұрмыстық зорлықтың тек ұлттық емес, жаһандық проблема екенін дәлелдейді.
Мәселенің түп-тамыры неде?
Психологтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бірнеше негізгі себебін атайды:
• ішімдікке, құмар ойындарға немесе есірткіге тәуелділік;
• отбасындағы экономикалық қиындықтар мен стресс;
• бала кезден қалыптасқан зорлық нормасын қабылдау;
• «ұят болады», «үйдің сыртына мәселе шығарылмайды» деген мәдени ұстанымдар.
Қазақ қоғамында «әр отбасыда ыдыс-аяқ сылдырламай қоймайды» деген түсінік әлі де бар. Бірақ дәл осы көзқарас — көптеген әйел мен баланың үнсіз азап шегуінің басты себебі. Зорлық-зомбылыққа көз жұму — оны қолдаумен тең.
Көп жағдайда физикалық зорлықтан бұрын психологиялық қысым басталады. Қызғаныш, бақылау, қорлау немесе шектеу арқылы басталған қатыгездік уақыт өте ауыр зардаптарға әкеледі. Кейбір ер адамдар әйеліне жұмыс істеуге тыйым салып, толық тәуелділік жағдайын жасайды — бұл да зорлықтың бір түрі.
Не істеу керек?
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек жазалаумен шектелмеуі тиіс. Бұл — алдын алу, тәрбие және қоғамдық сана мәселесі.
• Мектеп пен отбасы тәрбиесінде балаларға эмоциялық интеллект, өзара сыйластық пен қарым-қатынас мәдениетін үйрету қажет.
• Психологиялық және құқықтық көмек орталықтарын көбейту, әсіресе ауылдық жерлерде ашу маңызды.
• Медиа мен блогерлер зорлық тақырыбын жабулы қалдырмай, ашық талқылауға ықпал етуі керек.
• Ер адамдарға арналған тәрбиелік және психологиялық бағдарламалар — агрессияны түсіністікке, зорлықты диалогқа алмастыруға бағытталуы тиіс.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Жабағыбай Айерке
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі