МҰЗБАЛАҚ АҚЫН - МҰҚАҒАЛИ — Оқушы және студент жұмыстары тақырыбындағы материал. Мұнда тақырыпқа қатысты негізгі мазмұн, түсіндірмелер және пайдалы деректер берілген.
Қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың биыл туғанына 95 жыл толып отыр. Мұқағали Мақатаев - қазақ поэзиясының заңғар шыңына көтеріліп, артында өшпес мұра қалдырған ақиық ақын. Ақын шығармаларынан оның өмірге деген сүйіспеншілігін, Отанға деген патриоттық сезімін, сондай-ақ, адамдар арасындағы болуы мүмкін терең махаббатты көруге болады. Мұқағали жырлары әрбір жанның жүрегін тербеп,ішкі сезімдеріне әсер етпей қоймайды. Солардың ішінде өзіме ерекше әсер қалдырған шығармалардың бірі «Сәби ана».
«Сәби ана» өлеңі - ананың балаға деген шексіз махаббатының көрінісі. Үміт пен қайғыны, шексіз мейірімді қатар өрбіткен терең мағыналы шығарма әрбір адамға үлкен әсер қалдыратыны сөзсіз. Шығармада қолына қуыршақ пен құлыншақ ұстаған ананың бейнесі суреттеледі. Ақын оны мына жолдар арқылы көрсетеді.
«Бір қолында батпандай қуыршағы,
Бір қолында ойыншық құлыншағы.
Екі жансыз мүсінді мәпелейді,
Мәпелейді, біресе ұрысады.»
Бұл жолдардан ананың ойыншықтарға деген ерекше махаббаты көрініс табады. Әрине бұл жолдар оқырманға оғаш көрінуі мүмкін, бірақ өлеңдегі оқиға желісі ары қарай өте терең мағынада ашылады. Өлеңдегі оқиға желісіне сәйкес, алғашында оқырман ананы есінен адасқан жан ретінде қабылдауы мүмкін, алайда оқиғаның шарықтау шегінде ананың мұндай хәлге түсуіне себеп болған жағдайлар баяндалады.
... Ана өмірін баяндап берді бізге.
(Ана халін қарттан біз ұғындық кең)
Жиырма үш жыл сарғайған құр үмітпен,
Жиырма үш жыл сарғайған құр үмітпен!
Сәби-ана сапардан ұлын күткен.
Сұрапылдан сәбиі оралмапты,
Қуыршақ пен құлыншақ содан қапты...
Ана соғысқа кеткен жалғыз ұлын жиырма үш жыл бойы сарғайып күткен, күн сайын жолға қарап, ұлым бір күні оралады деген үлкен сеніммен өмір сүрген. Жылдар өтсе де, ана үмітін үзбеген. Бірақ, сұрапыл соғыстан ұлы оралмаған. Уақыт өте келе ана қайғыдан күйреп, бірақ үмітін үзбей, баласының орнын қуыршақ пен ойыншық құлыншақпен толтырған. Міне, осы жерде өлеңнің ең терең мағынасы ашылады. Бұл жерде қуыршақ пен құлыншақ жай ғана ойыншық емес, олар ананың үзілмеген үмітінің , таусылмаған сағынышының көрінісі. Ана үшін баланың орны ерекше, аналарымыз тірі кезде біз әрқашан сәби болып қала береміз.
Бұл шығарманың адамға берері өте мол. Ең алдымен, бұл шығармадан әрбір ананың баласына деген аяулы махаббатының шексіз екенін көреміз,біз қандай болмайық анамыз үшін біз ең керемет перзент болып қала береміз. Анабір қолымен бесікті,бір қолымен әлемді тербетеді деп бекер айтпаған,ананың мейірімі мен махаббатын бүкіл әлемді шарлап іздесекте таба алмаймыз, себебі оның махаббаты шексіз,теңдесіз. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, түн ұйқысын төрт бөліп, бар өмірін баласына арнайтын жан ол тек ақ аяулы ана. Ана махаббатын бұл дүниеде ешқандай махаббатпен салыстыруға болмайды.Себебі ана махаббаты - ең таза, ең шынайы, ең риясыз махаббат.
Сондықтан біз ананы бар кезінде бағалауымыз керек. Бұл өмірде анасы бар адам-ең бақытты адам. Себебі ана - біздің тірегіміз, қорғанымыз, жүрегіміз. Ананың балам деп соққан жүрегі әлемдегі ең мейірімді жүрек. Мұқағали Мақатаев бұл өлеңі арқылы бізге ана махаббатының қандай шексіз, қандай мәңгілік екенін айқын көрсетті.
Қорыта айтқанда, «Сәби ана» өлеңі ананың балаға деген шексіз махаббатын, таусылмас үмітін, өмір бойы сөнбейтін сағынышын бейнелейтін өте әсерлі шығарманың бірі. Бұл өлең әрбір адамды ойландырмай қоймайды, әрбір адамның жүрегіне ерекше әсер қалдыратын шығарма.
Автор: Әл-Фараби ат. ҚазҰУ 1 курс студенті Жанат Айжан
Жетекші: Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Қазақстан тарихы
кафедрасының оқытушысы А.Н. Сагинаева
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі