Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туылғанына - 90 жыл
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев — қазақтың əйгілі ақыны. Ол қазақ поэзия əлеміне шексіз кеңістік пен көз сүрінген биіктік əкелген ақын. Құдіретті қарапайымдылықпен «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарған» ақын. Кəусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағыныш сыйлаған ақын.
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бəле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тəңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай, — деген мəрт мінезді, өр кеуделі, от жүректі ақын 1931 жылы ақпан айының 9-ы күні, Алматы облысы, Нарынқол ауданы Қарасаз деген ауылда дүниеге келген.Мұқағали әжесі- Тиынның тәрбиесінде өседі. Əкесі- Сүйлемен Ұлы Отан соғысы басталғанда, майданға аттанып, хабарсыз кетеді. Мұқағалидың ақын болуына əжесі Тиын мен анасы Нағиманың ықпалы тиеді. Ақынның өзі айтуынша, екеуі де қазақтың ауыз əдебиетін — айтыс, дастан, аңыз-ертегіні көп білген.
Мұқағали ауыл мектебін бітіргеннен кейін өмірдің ауырпалығын ерте тартады.Ол ерте үйленіп, он тоғыз жасында əке атанады.Балалық шағы соғыс жылдарының тауқыметімен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласып, жеті жылдық мектептің мұғалімі болады. Содан кейін өз ауданының «Советтік шекара» деп аталатын газетіне орналасып, қаламгерлікке ден қояды. Содан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінде (1962–1963), «Мəдениет жəне тұрмыс» (1963–1965), «Жұлдыз» (1965–1972) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972–1973) жұмыс істейді.
Мұқағалидің алғашқы өлеңдері 1949 жылы аудандық газетте, 1951–1954 жылдары «Əдебиет жəне искусство» журналында жарияланады. Содан кейін арада он жыл өткен соң , В.И.Ленин өмірінен «Аппассионато» атты үлкен поэмамен 1962 жылы поэзия əлеміне қайта оралады. «Ильич» деп аталатын поэмалар жинағы — тұңғыш кітабы 1964 жылы жарық көрді.Содан кейін Мұқағали баспасөздерде жиі көрініп, «Армысыңдар, достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгереді.Ал,1991–1993 жылдары М.Мақатевтың үш томдық шығармалар жинағы жарық көреді.
Мұқағали əлемі — Жер, Планета, Адам болмысы, Тыныштық, Сенім. Əсіресе ақынның өзек жарып айтар ойы — адам тағдыры, адамның тірлігі, мінез-құлқы, сезімі мен түйсігі. Осының бəрін ақиық ақын шеберлікпен, тəңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, əр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға тəн бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырды. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты.
Мұқағали əлем əдебиетінің алыптары — ағылшын Шекспирдің «Сонеттерін», америкалық Уитменнің «Шөп жапырақтарын», Италияның ұлы ақыны Дантенің «Құдіретті комедиясын» аударған. Ақын еңбектері еліміз тəуелсіздігімен қауышып, өмір сүруге құштар жандардың қатарын молайтуға жол ашқан.
Ақын өзінің «Армысыңдар, адамдар!»атты өлеңінде «өмір көктемінің» есте қаларлық жыр мүсінін тұжырымдайды:
Əрбір əрпі қанға шомған тарихыңа қараңдар,
Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар?
Тату-тəтті бармысыңдар, армысыңдар, Адамдар!
Əлем — дарқан, саялаңдар, бəріңе де орын бар.
Қорған емес, салтанатты, сəнді сарай соғыңдар.
Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!
Анамыз — Жер, сол Анадан жаратылдық, туыстық,
Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық...
Армысың, сен, арамызда жалғыз перзент – Тыныштық!
Осы шумақтарды оқығанда жаны жайсаң, жүрегі жылы, құшағы кең ақын үні құлағыңнан кетпейді. Біздің ойымызша, Мақатаев поэзиясының терең тамыры халық қуанышы мен қайғысында, кешегіде, бүгін мен ертеңде жатыр. Тəлімді бұл шығармашылықты ешкімнің ешқашан жатырқамасы хақ. «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» болған Мұқағалидың ұлылығын айтып жеткізуге тіліміз жетпейтін сияқты. Ол табиғатқа тартып туған дара тұлға.
«...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан...
... Сені іздедім.
Ӏздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?
Осы өлең жолдарын оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз... Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімінің жемісі. Иə, ерен жырдың жаратушысы Мұқағали Мақатаев шөлдеген жүректердің сусынын қандыру үшін өмір сүрген сияқты.
Туады, туады əлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын.
Туады, туады əлі нағыз ақын!
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға.
Мұқағали Мақатаев — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы ұлттық мектептеріміз бен ұлы дəстүрлерімізді жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан ақын. Ол — қазақтың өлең-сөзін биік заңғарларға көтеріп, жаңа кеңістіктерге алып шыққан.
Жазған: Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенті Әлмуса Аружан
Жетекшісі: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және этнологтя факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Ф. Қозыбақова.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі