Өлең, жыр, ақындар

Ақын-жазушылардың ерекше іс-әрекеттері

Ақындық — жаратқанның пендесіне берген бағы мен қатар соры да. «Ақын жанын ақын ғана түсінеді» деген тіркес тектен тек айтылмаған. Олардың болмыс-пішімі күнделікті көзге бірдей көрінгенімен, жан-дүниесі толған тербеніс, мінездері құбылмалы болып келеді.

Өнер адамдары: ақын-жазушылар, қылқалам шеберлері, музыканттар қызық халық. Шаш қою, киім кию үлгілері де өзгелерден ерек. Онымен қоса, аталмыш адамдардың ерекше яки езуге күлкі үйіретін оғаш әдеттері де бар. Ендеше танымал тұлғалардың оғаш әдеттерін оқи отырыңыздар.

Тік тұрып жазатын жазушы

Ағылшын жазушысы Вирджиния Вулф жазу барысында түрлі-түсті сия пайдаланған екен. Жасыл, көк, қызыл дегендей. Ішінен күлгін түсті қатты ұнатыпты. Осы жағдаяттар шығармаларына арқау болған көрінеді. Қызығы Вирджиния Вулф жазбаларын тік тұрып жазған.

Үстелсіз жазылған шығармалар

Роальд Даль жалғыздықты жақсы көрген. Осылай жалғыз қалған кезінде небір әңгімелерін өмірге алып келген. Ол үйінің ауласына кішкентай сарай салып, сонда жалғыз қалуды құп көрген. Бастысы, ол жерде үстел атымен болмаған. Ол парақты тізесіне қойып жазған.

Паң Чехов

Орыс ұлтының теңдессіз жазушысы Антон Чехов өте ұқыпты әрі паң болған көрінеді. Ол жеке бөлмесіне асқан тәртіппен қараған. Бет-жүзіне, киіміне, жүріс-тұрысына ерекше мән берген. Тіпті, демалыс күндері де үй ішінде костьюімін тастамаған.

Ыдыс жуу шабыт берген қаламгер

Агата Кристидің детектив жанрында жазған романдары өте көп. Ұзын-саны 78-ді құрайды. Бір қызығы, ол шытырманға толы жазбаларын ыдыс жуып тұрғанда, алма жеп отырғанда жазатын болған.

«Ыдыс-аяқ жуу кезекті қылмысты дүниеге әкеліп, алма болса оқиға желісін шиеленістіре түседі» деп түсіндірген. Сондай-ақ қолынан қалам түспеген.

Талғампаз ит

Романтика, махаббат бағытында қалам тербеген Уильям Вордсвер табиғатты шабыт көзі ретінде пайдаланған. Алғашқы авторлық туындыларын итіне оқып беріп, өз кезегінде иті үріп, мазасызданған жағдайда қайта өңдеп шығатын болған.

Әңгіме арқылы кейіпкерін тапқан жан

Ресейдің маңдайына біткен жазушыларының бірі Федор Достоевский екендігі даусыз. Федор бейтаныс адамдармен сырласып, олармен әңгіме-дүкен құруды көп құмартқан. Осы арқылы болашақ кейіпкерлерін ойша жасап шыққан екен.

Жоғарыда атап өткен ақын-жазушыларда кездесетін оғаш іс-әрекеттер қазақ классиктерінің бойынан да табылады. Мысалы: Жұмекен Нәжімеденов туындыларын жазғанда сіріңкенің талдарын бір-бірлеп сындырып отырады екен. Мұның сырын ақыннан басқаға құпия болып қалмақ.

Жазушы Асқар Сүлейменов болса күндіз ұйықтап, түні бойы көз ілмей, кітап беттерін парақтап, жазу жазатын болған екен. Демек, шабыты түнде келетін көрінеді.

Қаламгер Тынымбай Нұрмағамбетов автоқаламын сынғанша қолынан тастамай, ішін ғана ауыстырып отырады екен. Бірде:

«Мен тек автоқаламмен жазамын. Жазуды бастағалы бері автоқаламымды екі-ақ рет, асып кетсе үш рет ауыстырыппын. Қырық жылға жуық уақыт ішінде ұстағаным – үш-ақ қалам. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы. Ырым. Сенім» деген екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар