Өлең, жыр, ақындар

БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН 

Біріккен Ұлттар Ұйымына 80 жыл

Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына 33 жыл толды

Биыл БҰҰ-ның 80 жылдық мерейтойы әлем бойынша атап өтілуде. Ал 2 наурызда Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына 33 жыл толды. Осыған орай 3 наурызда Алматыда «Бейбітшілік пен жасампаздық жолындағы ынтымақтастық: Қазақстанның БҰҰ-ның құрамына кіруінің 33 жылдығы және БҰҰ-ның 80 жылдығы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілдігі ұйымдастырған халықаралық басқосуды БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық коммуникациялар Департаментінің өкілі Властимил Самек жүргізді. Ол БҰҰ-ның 80 жылдық мерейтойымен қатар Қазақстанның ұйымға мүше атануының 33 жылдығымен құттықтады. Әрі Қазақстанның әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілікке үлесі орасан зор екенін атап өтті. Жиынға еліміздің бұрынғы Сыртқы істер министрі, БҰҰ жанындағы Қазақстанның алғашқы Тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова және Қазақстанның Алматы қаласындағы СІМ өкілі Жәнібек Абдрашов қатысты. Бұдан бөлек, шетелдік беделді дипломаттар мен халықаралық ұйым басшылары қатысып, сөз сөйледі. 

БҰҰ – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, өзара ынтымақтастықты дамыту

мақсатында құрылған халықаралық ұйым.

Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясының пленарлық отырысында  бірауыздан Біріккен Ұлттар Ұйымының 168-і мүшесі болып қабылданды. Пленарлық отырыстан кейін Қазақстанның Көк Туын БҰҰ штаб-пәтерінің алдында салтанатты көтеру рәсімі өткізілді. Осылайша еліміздің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі халықаралық тұрғыдан танылды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке кірген алғашқы күннен бастап, Қазақстан оның жұмысына  белсенді түрде қатысып келеді.   

1993 жылы 16 ақпанда елімізде БҰҰ-ның өкілдігі ашылды. Қазақстан БҰҰ-ның іс жүзінде барлық мамандандырылған меке¬мелерінің, өңірлік комиссия¬ла-рының мүшесі болып табылады. Биыл Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып қабылданғанына 33 жыл толып отыр.  

Қазақстан тәуелсіз¬дік алған күннен бері әлемде бей¬бітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіне үлкен үлес қосуда. Мысалы, Ядролық қарудан бас тарту, Азияда өзара сенім шараларын орнату, Еуразия кеңістігінде интегра¬циялық үрдістерді нығайту, өрке¬ниеттер мен діндер үнқатысуын шақыру – осының барлығы біздің еліміздің БҰҰ Жарғысының ұстанымдары мен мақсаттарына сәйкес атқарған істерінің нақты көрінісі болып табылады. 1945 жылы құрылғаннан бері БҰҰ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, адам құқықтары мен тұрақты дамуды ілерілетудің негізгі тетігі болып табылады. 

Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – қазіргі заманның басты және ең күрделі проблемаларының бірі. 

Біз бүгінгі күні адамзат үшін аса маңызды кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Әлем геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге тап болып отыр. Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып отыр. Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады. Әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам арта түсті. Әлем жаңа әскери қақтығыс ошақтарының құрбанына айналды. Біз екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келіп тұрмыз. Халықаралық ахуал өте күрделі.

Міне, осындай жағдайда бар үміт, көптің сенімі  – халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті сақтау және нығайту және елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған мемлекеттердің халықаралық ұйымы – Біріккен Ұлттар Ұйымында. Бүгінде әлемдегі ең беделді және әмбебап бұл ұйымға 193 мемлекет кіреді. БҰҰ ең ірі халықаралық ұйым бола отырып, ұжымдық реттеуді қажет ететін қазіргі заманның жаһандық мәселелерін шешуге арналған алаң ретінде қызмет етеді. 

БҰҰ көптеген жаһандық мәселелерді шешетін әлемдік аренадағы ең ықпалды ұйымдардың бірі. Бұл өз кезегінде мемлекеттердің саяси ғана емес, экономикалық процестерінде де көрініс табады. БҰҰ - қақтығыстарды бейбіт жолмен реттейтін, әлем халықтарын достық қарым-қатынастарды дамытуға ынталандыратын, бейбітшілікке төнетін қатерлердің алдын алатын ұйым. Бітімгершілік – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілету және сақтау үшін БҰҰ-ның қол жетімді ең тиімді құралдарының бірі. 

Қазақстанның бітімгершілік қызметі

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған БҰҰ-ның әлемдегі бейбітшілікті сақтауға бағытталған экономикалық және саяси сипаттағы іс-шаралары жеткіліксіз болып шыққанда қолданылатын бітімгершілік күштері жасақталған. Бұл бағытта БҰҰ көп іс тындырды. 1948 жылдан бастап әлемнің 130 елі БҰҰ аясындағы бітімгершілік операцияларына өздерінің әскерилері мен полициясын жіберіп келген. БҰҰ-ның бітімгершілік күштеріне 1988 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілгені баршаға мәлім. Бұл қантөгісті, қақтығысты тоқтатудың, тым құрыса уақытша толас таптырудың басты жолы жауласқан жақтарды жарастыруға тырысу, сөйтіп, келісімге келуге жағдай жасау екенін көрсетеді.

Өз елінің қамымен ғана қалмай, өзгенің де жоғын жоқтай жүру, қолдан келгенінше басқаларға көмек көрсету, қамқорлық жасау өскен, өркендеген, елдіктің игілікті сипаты орын алған мемлекетке тән. Қазақстан Республикасы алғашқы қадамдарынан-ақ өзінің бейбітшіл бағытын берік ұстанумен қатар, басқа елдердегі баяндылыққа да назар салуды, керек жердің бәрінде көмегін беруді ұдайы есте ұстап келеді. БҰҰ-ның бітімгершілік ұстанымын қолдайтын мемлекет ретінде Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы шағынан-ақ қарулы көмек қажет етілген елдерге қол ұшын созуға кіріскен болатын.

Қазақстан Ұйымның бітімгершілік қызметін және оның бітімгершілік әлеуетін нығайту жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсетіп отыр. Қазақстандық бітімгершілік батальоны  (Қаз¬бат) құрылып, осы батальон сарбаздары бірнеше елде тұрақ-тандыру күштері қатарында қыз¬мет көрсетті. Біздің алғашқы көмектескен еліміз Тәжікстан болды. Тәжікстанда 1992 жылы басталған азамат соғысы – постеңестік кеңістіктегі ең қанды қырғындардың бірі. 1992 жылдың 11 қарашасында күрделі ахуалға орай, Тәжікстанның Жоғарғы Кеңесі ТМД елдеріне республикаға бітімгерлік күштерін енгізу туралы өтініш жолдады. Қазақстан батальоны тәуелсіз мемлееттердің басқа да бөлімшелерімен бірге тәжік жерінде бейбітшілік орнатуға ықпал етті. Қазақстандықтар Ирактағы операцияларға да қатысты. Олардың 4 миллиондай жарылғыш затты жойғанын айтудың өзі жеткілікті. Батыс Сахараға, Кот-д Ивурға, Ливанға жіберілген әскери топтар да өз қызметтерін абыроймен атқарды. Парламенттің «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» Заң қабылдауы – мемлекеттің бұл іске қандайлық мән беретінінің айғағы. 

Алматы - көпжақты ынтымақтастықтың өңірлік орталығы

2018 жылы 23 қазанда Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы үйінің тұсаукесері өтті. Жоғары халықаралық стандарттар мен қауіпсіздік талаптарына жауап беретін кеңсенің ашылуына дипломатиялық корпус пен БҰҰ-ның 14 аймақтық өкілдігінің өкілдері қатысты. Бұл ғимараттың ресми ашылу рәсімі 2019 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. 2023 жылы ақпанда Алматыдағы БҰҰ ғимараты UN Plaza деп аталды. Жалпы, Алматыда 29 консулдық және сауда өкілдіктері бар, 60-тан астам ірі трансұлттық ұйымдардың кеңселері орналасқан. 

Алматыны көпжақты ынтымақтастықтың өңірлік орталығы деп атауға болады. Алматыдағы халықаралық ұйымдардың ғимаратында аймақтық және субөңірлік мәртебесі бар БҰҰ-ның 18 агенттіктерінің кеңселері орналасқан. Олар: БҰҰДБ, ЮНЕСКО, ЮНЕП, ЮНИСЕФ, ЮНФПА, ЮНЕЙДС және т.б. Сонымен қатар, қалада басқа да халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері бар. Қаланың БҰҰ-ның аймақтық хабы ретіндегі мәртебесі одан әрі нығаюда. 

2024 жылы шілде айында БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутериш Қазақстанға келіп, Алматыда және Астанада болды. Ол БҰҰ-ның Алматыдағы кеңсесіне барды. Содан соң Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға келді. Міне, осы келісінде «Қазақстан – бейбітшілік үшін дәйекті күрестің жарқын үлгісі. Сіздің ел әрқашан «көпір салушы», бейбітшілік елшісі, бірігу ісінде өте қиын жағдайларда келістіруші болды. Астана көптеген бітімгершілік бастамалардың орталығы болып табылады, оның ішінде Сирия бойынша Астана үдерісін атап кету керек. Астана әрқашан бейбітшілік алаңы болды, Қазақстанның орасан зор моральдық беделі бар. Сіздер ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшысыз және басқа да көптеген салаларда бейбітшілікті жақтайтындарыңызды көрсеттіңіздер» деп айрықша баса айтты БҰҰ-ның Бас хатшысы. 

Антониу Гутериш Астананың Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын жоғары бағалады. Ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қызу қолдайтынын, сондай-ақ еліміздің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар өзінің сапарын БҰҰ-ның Қазақстанға көрсетіп отырған ынтымағы мен қолдауының көрінісі деп санайтынын білдірді. 

БҰҰ-ға балама ұйым жоқ

«ШЫҰ плюс» саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның қазіргі әлемдегі рөлін атап өтіп, бұл ұйымға балама жоқ екенін және оның әлеуеті сарқылмағанын айтты. Мемлекет басшысы атап өткендей «Біздің ортақ мақсатымыз – ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне қарсы тұруға қабілетті жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты институты ретінде БҰҰ-ның рөлін күшейту», «тұрақтылықты тек ұжымдық күш пен парасатты дипломатия арқылы қамтамасыз етуге болады». Осы орайда биыл 80 жылдық мерейтойы атап өтілетін БҰҰ-ға үлкен үміт артылып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының үні қазіргі заманғы жаһандық әртүрлі мәселелер бойынша шоғырландырылған ұстанымды алға жылжыта отырып, халықаралық аренада бұдан да күштірек естілуі керек және естілетін болады деген сенімдеміз. 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы  

 

 

    Алматыдағы Біріккен Ұлттар Ұйымы үйі 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар