Қазіргі таңда бос уақыттың басым бөлігі әлеуметтік желілерде өтетіні жасырын емес. Адамдардың жартысынан көбі бұл платформаларды көңіл көтеру және белгілі бір мақсаттарды жүзеге асыру үшін пайдаланады. Соңғы деректерге сәйкес, әлем бойынша әлеуметтік желі қолданушыларының үлесі 63,9%-ға жеткен, бұл шамамен 5,24 миллиард адамды құрайды. Осы тұста сұрақ туындайды: адамның санасын жаулап алған – интернет пе, әлде бұл – заман талабы ма?
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір тәулікте адамдар орта есеппен 2 сағат 21 минутын әлеуметтік желілерге жұмсайды. Бұл көрсеткіштің басым бөлігін 18 бен 24 жас аралығындағы жастар құрайды. TikTok, Instagram, YouTube, Facebook, ВКонтакте секілді кең таралған платформалар қазіргі жастардың ой-санасына ғана емес, әрекеттері мен өмірлік ұстанымдарына да елеулі әсер етуде.
Мысалы, TikTok желісін 18 жастан жоғары қолданушылардың саны 2024 жылғы мәлімет бойынша 14,1 миллион адамға жеткен. Бұл – Қазақстан жастарының TikTok желісіне деген қызығушылығының айқын көрінісі. Дегенмен, жастар арасында “трендке” айналған бұл платформаның кері әсерін де байқауға болады. Цензурасыз жарияланатын видеолар, ашық келеке мен мазақ, арандатушы контенттер – бұның барлығы TikTok-тағы “онлайн соғыстың” бір түрі десе болады.
Қосымшаны тиімді және пайдалы бағытта қолдану – әркімнің өз таңдауына байланысты. Қазіргі таңда жастар әлеуметтік желі тұтыну сипатына қарай үш топқа бөлінеді:
• 7–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің көпшілігі YouTube платформасын тұтынады.
• 16–25 жас аралығындағы жастар TikTok және Instagram желілерін жиі қолданады.
• Ал 25 жастан жоғары адамдар көбінесе Facebook желісіне жүгінеді.
Әлеуметтік желілер тек ойын-сауық құралы ғана емес, табыс көзі мен кәсіп жүргізудің тиімді алаңына айналған. Мәселен, Instagram платформасында SMM мамандары стористер мен жазбалар арқылы кәсіп жүргізсе, TikTok-та мобилография мен жарнама түсіру арқылы ақша табатын жастар саны артуда. Қазіргі таңда “трендте болу” немесе “ағымнан қалмау” – табыс табудың, өзін көрсету мен танытудың басты тәсілдерінің бірі.
Алайда бұл оң үрдістермен қатар, кері салдарлар да байқалып отыр.
Ең басты қауіп – психикалық денсаулықтың нашарлауы:
• Басқалармен өз-өзіңді салыстыру;
• Әлеуметтік желіден көрген мінсіз өмірге еліктеу салдарынан туындаған қызғаныш пен күйзеліс;
• Интернетке тәуелділік;
• Ұйқының бұзылуы.
Әсіресе, ұйықтар алдында смартфонға ұзақ уақыт телміріп отыру мелатонин гормонының бөлінуіне кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде ұйқысыздыққа, зейіннің төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, көздің көру қабілетінің нашарлауы, білек пен саусақ буындарының қабынуы, ұзақ қимылсыз отыру салдарынан омыртқа аурулары пайда болады. Сондықтан кез келген нәрсені екі жақты қарастырған жөн. Заман ағымынан қалмаймыз деп өзімізді тәуекелге тігу – әркім ойланып шешім қабылдайтын мәселе. Ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өз уақытымызды және денсаулығымызды сақтай білейік.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Жидебай Айзада
- Асқарұлы Санжар
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі