Қазақстан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалымдардың бірі – техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Қайыр Ахметұлы Жұбанов. Ол бүкіл өмірін ғылымға арнаған, ел экономикасы мен өндірісінің дамуына тікелей ықпал еткен ғылыми жаңалықтарымен танылған тұлға. Ғалымның еңбектері мұнай химиясы, органикалық катализ және жаңа технологиялар салаларында отандық ғылымды жаңа белестерге көтерді.
Қайыр Ахметұлы Жұбанов 1935 жылы 29 шілдеде Ақтөбе облысы, Темір ауданында, дүниеге келген. Ол қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың отбасында дүниеге келген. Ұлттық өнер мен ғылымның тоғысқан ордасында дүниеге келген Қайыр Ахметұлы ерте жастан білімге құштарлық танытып, 1953 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтына түсіп, 1958 жылы «Мұнай және газ өңдеу инженер-технологі» мамандығы бойынша институтты үздік аяқтайды. Оқу орнын аяқтаған соң Қазақстанға оралып, Химия ғылымдары институты мен Органикалық катализ және электрохимия институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Оның алғашқы ғылыми зерттеулері осында басталып, көп ұзамай өндіріс пен химиялық технология саласына бет бұрды.
Қайыр Ахметұлы 1964 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, 1970 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің катализ және техникалық химия кафедрасында доцент, 1976–2001 жылдар аралығында осы кафедраның меңгерушісі болды. 1981 жылы академик Д.В. Сокольскийдің жетекшілігімен әртүрлі каталитикалық процестер үшін катализаторларды таңдау, олардың физика-химиялық қасиеттерін және гидрлеудің математикалық моделін анықтау бойынша кең ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, докторлық диссертациясын қорғады. Ғылымдағы көрнекті еңбектерінің нәтижесінде, 1983 жылы профессор, 1987 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2003 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды, 1995-2003 жылдарда ҚР ҰҒА-ның химия-технологиялық ғылым бөлімінің академик-хатшысы болды.
Академиктің ғылымға қосқан үлесі сан салалы. Оның ғылыми-зерттеулері мұнайды өңдеу мен мұнай химиясына, органикалық синтезге арналған. Майларды өңдеудің, жуғыш заттар мен парфюмериялық-косметикалык препараттар, жанар және жағар бұйымдарды алудын жаңа технологияларын зерделеді. Органикалық және бейорганикалық реакцияларға арналған тиімді өнеркәсіптік катализаторларды жасау процестерін зерттеді. Органикалык және бейорганикалық шикізат пегізінде дәрілік препараттарды алудың тиімді жолдарын тапты. Шағын зауыттарда балық майын, ланолин, антисептик, таза медициналық тұз, валидол, салицил кышқылын, сахарин, сорбиттерді және т.б. алу технологиясын жасады. Ғалымның ғылыми еңбектері мен өнертабыстары қазіргі таңда да өндірісте ғылыми маңызы жойған жоқ. Қайыр Ахметұлы катализ теориясы мен органикалық технология саласындағы көрнекті ғалымдардың бірі. Оның ғылыми еңбектерінің нәтижелері теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да аса маңызды. Оның жетекшілігімен елімізде көмірсутек шикізатын кешенді өңдеудің ғылыми негізін салу бойынша ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, зерттеулер және құрылыс монтаж жұмыстары, көмір мен мұнай өңдеу шағын зауыттарды салу ісі де жүзеге асырылды. Ғылыми жаңалықтары Қазан химкомбинатында, Горьковтегі майкомбинатында, Бердянскіде май-мұнай зауытына, және Долгопрудтағы нәзік органикалық синтез зауытына енгізілген. Қайыр Жұбановтың басқаруымен Қазақстан және ТМД аймағында 17 үлкен зауыт салынған. Қайыр Ахметұлы Жұбанов - 500-ге жуық ғылыми мақаланың, 9 монографияның және 15-тен аса оқу құралының авторы. Оның ғылыми жетекшілігімен 9 доктор және 40-қа тарта ғылым кандидаты даярланып, жұмыс нәтижелері бойынша 60 авторлық қуәлік пен патент алынды.
Ғалым Қ.А. Жұбанов жетекшілік еткен ғылыми жұмыстар көптеген химиялық өнеркәсіпке енгізілді: Горький май комбинатында - майларды гидрогенизациялау процесі; Вахитов атындағы Қазан химкомбинатында - май қышқылдарын гидрогенизациялау процесі; Бердянский май-мұнай зауытында - альфаоксистеарин қышқылдарын алу; Долгопрудный нәзік органикалық синтез зауытында - нитробензолциан сірке эфирін, нитродиэтиланилинді, бетадецилоксипропионитрилді, акрилонитрилді, стеарин және олеин қышқылдарының питрилдерін тотықсыздандыру процестері. Сонымен бірге, Стерлитамак тәжірибелік-өнеркәсіптік мұнай зауыты, Менделеев химзауыты, Болохов, Новочеркасск витамин комбинаттары үшін кафедрада дайындалған технологиялық жағдайлар бойынша 12 катализатор технологиясы әзірленіп, өндіріске ендіріліп, халықшаруашылығында тұтынатын заттарды өндіретін 8 зауыт іске қосылды.
Сонымен қатар 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет жанынан Жаңа химиялық технологиялар мен материалдар ғылыми-зерттеу институтын құрып, 1992-2010 жж. басшылық етті. Бұл мекеме қазір де химия және технология саласындағы маңызды зерттеулер жүргізуді жалғастырып келеді. Қайыр Ахметұлы басқарған аралығындағы институттың инновациялық жобалар мен бағдарламалары Отанымыздың көмірсутекті шикізатын кешенді өңдеу мәселелеріне бағытталған, әріптестерімен Ж.Қ. Қайырбеков, В.С. Емельянова және т.б.) жүргізген ғылыми жұмыстарының нәтижесінде тәулігіне 3 тоннадан 200 тоннаға дейін көмірді сұйылту процесін жұмсақ жағдайда (50 атм қысым шамасында) іске асыратын мини-зауыттын құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, ғалымның жетекшілігімен мұнайды және көмірді терең өңдеуде түзілетін п-, м-ксилолдар негізінде жоғары температураға төзімді полимерлер алуға қажетті мономерлер синтездеу технологиясының негізін жасау қолға алынды
Қайыр Жұбановтың ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, еңбек сіңірген өнертапқыш, «Құрмет» орденінің иегері атанды. Бұл марапаттар – оның ғылымға адалдығының, ізденісі мен табандылығының дәлелі. Қайыр Ахметұлының артына қалдырған ғылыми мұрасы, еңбектері – Қазақстан ғылымының байлығы болып қала бермек. Ғалымның өмірі мен еңбегі кейінгі буын жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беретін үлгі, ұлт мақтанышы.
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Асқарұлы Санжар
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі