Өлең, жыр, ақындар

КӨШБАСШЫЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ МӘНІ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

         Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Бұл университетте студенттер тек кәсіби білім алып қана қоймай, тұлғалық және әлеуметтік қабілеттерін де дамытады. Университеттің білім беру жүйесінде ерекше маңызға ие пәндердің бірі – «Басқару психологиясы». Аталған пән студенттерді басқару іс-әрекетінің психологиялық негіздерімен таныстырып, ұйым ішіндегі тұлғааралық қатынастарды талдай білуге үйретеді. Сабақ барысында біз басқару мен көшбасшылықтың адам психологиясымен тығыз байланысын түсінеміз. Сонымен бірге, бұл пән болашақ мамандардың тұлғалық дамуына, көшбасшылық қабілеттерін жетілдіруге және ұжыммен тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған. Пәнді жоғары кәсіби деңгейде жүргізетін оқытушымыз – Жұбаназарова Назираш Сулейменовнаның жетекшілігімен біз басқару психологиясына қатысты түрлі ғылыми еңбектерді талдап, пікір алмасып, қазіргі заман басшыларына тән қасиеттер мен басқару стильдері туралы қызықты әрі маңызды ақпараттармен танысамыз.

         Басқару психологиясы – адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас пен басқарушылық әрекеттің психологиялық заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы. Оның басты мақсаты – басшы мен ұжым арасындағы тиімді коммуникацияны қалыптастыру, адам мінез-құлқын басқару және ортақ мақсатқа жету жолында психологиялық үйлесімділік орнату. Менің ойымша, бұл пән студенттерге өмірдің кез келген саласында адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуға, өзін және өзгені түсіне білуге көмектеседі. Сонымен қатар басқару психологиясының ерекшелігі – адам факторына ерекше назар аударуында. Себебі кез келген басқару процесінің табысы – ұжым мүшелерінің ынтымақтастығына, эмоциялық тұрақтылығына және өзара түсіністігіне байланысты. Бұл пән студенттерге өзін-өзі тану, эмоциясын басқара білу, конфликтілерді шешу және көшбасшылық қабілеттерді дамытуға мүмкіндік береді.

         Осы пәннің маңызды тармағы – көшбасшылық психологиясы. Көшбасшылық психологиясы адамның өзгелерге әсер ету, бағыт көрсету және ортақ мақсатқа жұмылдыру қабілетін зерттейді. Нағыз көшбасшы – тек бұйрық беруші емес, ол өз командасын жігерлендіріп, қолдап, ынталандыра алатын тұлға. Көшбасшылық психологиясының мәні адамның мінез-құлқын, эмоциясын және ерік-жігерін тиімді басқаруында жатыр.

         Көшбасшылық психологиясының қалыптасуы ХХ ғасырдың басында басталып, түрлі ғылыми мектептер мен бағыттардың дамуына ықпал етті. Мысалы, К.Левин ұсынған әлеуметтік-психологиялық модель көшбасшылықтың адамның жеке қасиеттері мен әлеуметтік ортаның өзара байланысына негізделетінін дәлелдеді. К.Левиннің зерттеулерінде көшбасшылықтың үш негізгі стилі сипатталған: авторитарлық, демократиялық және либералды. Авторитарлық көшбасшы шешім қабылдауда жеке билігін пайдаланады, демократиялық стиль ұжыммен кеңесуді көздейді, ал либералды стиль еркіндік пен дербестік береді. Бұл стильдердің әрқайсысының тиімділігі нақты жағдай мен ұжымның психологиялық құрылымына байланысты. Э.Мэйоның «Адамдық қатынастар теориясы» көшбасшылықтың ұжымдық мораль мен әлеуметтік ахуалға әсерін зерттеуге мүмкіндік берді. Мэйоның пікірінше, көшбасшының басты міндеті – адамдар арасында сенім орнатып, ынтымақтастық ортасын қалыптастыру.

         Демек, көшбасшылықтың психологиялық ерекшеліктері әр адамның жеке қасиеттерімен тығыз байланысты. Мысалы, эмоционалды тұрақтылық, жауапкершілік, өзін-өзі бақылау, әділдік пен адалдық секілді қасиеттер көшбасшының сеніміне және беделіне әсер етеді. Басқару іс-әрекетінде көшбасшының мінез-құлқы, қарым-қатынас мәдениеті мен шешім қабылдау тәсілі ерекше орын алады.

         Көшбасшы психологиясының тағы бір ерекшелігі – мотивация мен эмпатия. Көшбасшы өз қызметкерлерін жігерлендіріп, олардың ішкі әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Эмпатия – басқаның көңіл-күйін түсіне білу қабілеті – көшбасшылықтың ажырамас бөлігі. Эмпатиясы жоғары басшы ұжымда жағымды психологиялық климат орнатып, сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас қалыптастырады. Сонымен қатар, эмпатия арқылы көшбасшы ұжым мүшелерінің көңіл-күйін сезініп, психологиялық жайлылық орната алады. Бұл ұжымның өнімділігі мен бірлігін арттырады.

         Қазіргі кезеңде көшбасшылықтың жаңа үлгісі – эмоциялық және адамгершілік көшбасшылық алдыңғы орынға шықты. Мұндай көшбасшы ұжымның психологиялық климатын бақылап, әр қызметкердің әлеуетін ашуға жағдай жасайды. Ол бұйрық арқылы емес, сенім мен ынталандыру арқылы басқару мәдениетін қалыптастырады. Менің ойымша, дәл осындай көшбасшы ғана ұжымда сенімділік пен сыйластық атмосферасын орната алады.

         Басқару мен көшбасшылық психологиясы – тек басшылар үшін емес, әр адам үшін маңызды бағыт. Өйткені әрқайсымыз өз өміріміздің немесе кәсіби ортаның бір бөлігінде көшбасшымыз. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұл пәнді оқу бізге өзіндік ойлау қабілетін дамытып, жауапкершілікпен әрекет етуге және адамдармен тиімді байланыс орнатуға үйретеді. Жұбаназарова Н.С. өткізетін сабақтар тек теориямен шектелмей, өмірлік маңызды құндылықтарды игеруге жол ашады.

         Демек, басқару және көшбасшылық психологиясы – қазіргі заман адамына қажет басты білім салаларының бірі. Тиімді басқару мен нағыз көшбасшылық адамның психологиялық мәдениетіне, қарым-қатынас дағдысына және эмпатиясына тікелей байланысты. Болашақ маман ретінде осы қабілеттерді дамыту – табысты мансап пен өмірлік жетістіктің кепілі деген ой түйіндеуге болады.

Жубаназарова Н.С.        

         Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

 жалпы және қолданбалы психология

ғылымдарының кандидаты, профессор.

Макенова И.Б.,          

    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

филология факультеті,

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы,

    1-курс магистранты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар