Өлең, жыр, ақындар

Р.Блейк пен Д.Мутонның басқару теориясы

Р.Блейк пен Д.Мутонның басқару теориясы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымның жетекші орталығы. Университет студенттерге тек кәсіби білім беріп қана қоймай, олардың мәдени, рухани және тұлғалық дамуына жағдай жасайды. Білім беру үдерісінде басты назар сапалы білім мен жан-жақты құзыретті маман даярлауға аударылған. Оқу бағдарламасы міндетті және элективті пәндерден тұрып, әрбір пән студенттің зияткерлік әлеуетін арттыруға және кәсіби ой-өрісін кеңейтуге бағытталған.

Сол пәндердің бірі – «Басқару психологиясы», ол заманауи менеджмент саласында білім алушылардың кәсіби біліктілігін арттыруда ерекше орын алады. Бұл пән болашақ мамандарды басқару үдерісінің психологиялық қырларымен таныстырып, тиімді коммуникация, көшбасшылық, мотивация және конфликтіні шешу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Жетекшіміз психология ғылымдарының кандидаты, профессор Н.С. Жұбаназарова пәнді оқыту барысында теориялық білім мен практикалық тапсырмаларды ұштастырып, студенттердің педагогикалық және ұйымдастырушылық құзыреттерін жетілдіруге бағытталған әдістемелік тәсілдер қолданады.

Қазіргі заманғы басқару психологиясында көшбасшылық феномені – ұйымның табысты дамуының негізгі психологиялық тетіктерінің бірі. Тиімді басшы тек өндірістік процестерді ұйымдастырушы емес, сонымен қатар адамдардың мінез-құлқы мен қарым-қатынасын реттей алатын тұлға болуы қажет. Осы тұрғыда Роберт Блейк пен Джейн Мутонның басқару торы (Managerial Grid Model) көшбасшылық стильдерін ғылыми тұрғыда жіктеудің маңызды үлгісі ретінде танылады.

Блейк пен Мутон көшбасшылықты екі негізгі өлшем арқылы түсіндірді: өндіріс мүддесі және адамдарға деген қамқорлық деңгейі. Бұл екі өлшем өзара қиылысқанда бес негізгі басқару стилі айқындалады:

1.            Әлсіз басқару – өндіріс пен адамдарға аз көңіл бөлу, енжарлық пен жауапкершіліктің төмендігі.

2.            Қатаң басқару (автократтық стиль) – жоғары нәтижеге ұмтылу, бірақ адамдардың психологиялық жағдайына немқұрайлы қарау.

3.            Адамдарға бағдарланған басқару – ұжымдық қарым-қатынас пен моральдық ахуалға басымдық беру, бірақ өндірістік тиімділіктің төмен болуы.

4.            Тепе-теңдік стилі – өндіріс пен адамдар арасындағы орташа үйлесімділікке ұмтылу, тұрақтылықты сақтау, бірақ жаңашылдықтың шектелуі.

5.            Командалық басқару (идеалды стиль) – өндірістің нәтижесіне де, адамдардың мүддесіне де бірдей көңіл бөлу. Бұл стиль шығармашылыққа, сенім мен ынтымақтастыққа негізделеді.

Осы модель басшыларға өз стильдерін талдауға, күшті және әлсіз тұстарын айқындауға мүмкіндік береді. Блейк пен Мутонның басқару торы ұйымдағы тұлғааралық қатынастар мен мотивациялық ахуалды психологиялық тұрғыда түсіндіру үшін тиімді құрал болып саналады. Сонымен қатар, басқару психологиясында жағдайлық (ситуациялық) көзқарас ерекше мәнге ие. Бұл теория бойынша, тиімді басшы – өзінің көшбасшылық стилін жағдайға, ұжымның ерекшелігіне және мақсаттың сипатына қарай бейімдей білетін тұлға. Яғни, бір жағдайға тиімді болған стиль басқа жағдайда тиімсіз болуы мүмкін. Бихевиоралды бағыттағы зерттеулер көрсеткендей, көшбасшының тиімділігі оның эмоционалдық икемділігі, топтық қатынасты сезінуі және психологиялық бейімделгіштігімен айқындалады. Осыған сәйкес, қазіргі басқару тәжірибесінде басшының табысы тек кәсіби біліктілікке емес, адамдармен жұмыс істей алу мәдениетіне де тәуелді.

Блейк пен Мутон ұсынған басқару торы басқару психологиясында көшбасшылық мінез-құлықты зерттеудің маңызды теориялық және практикалық құралы болып табылады. Ол ұйым ішіндегі қарым-қатынас мәдениетін, мотивацияны және тиімді коммуникацияны қалыптастыруда психологиялық бағдар береді. Тиімді көшбасшы – бұл өндірістің нәтижелілігі мен адам факторын үйлестіре алатын тұлға.

Жубаназарова Н.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 

психология ғылымдарының кандидаты,

профессор  м.а.

Сейтнур Жарас

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 

психология ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.

Серикбай Адиля

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

филология факультеті, қазақ филологиясы

мамандығының  1-курс магистранты

 

 

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар