Өлең, жыр, ақындар

Гендерлік стереотиптердің жойылуы экономиканың дамуына ықпал етеді

    Гендерлік стереотиптер — қоғамда қалыптасқан әйел мен ер адамның «қоғамдағы орны мен міндеттері» туралы алдын ала қабылданған түсініктер. Қазақстанда әлі күнге дейін «әйелдің басты міндеті — отбасы мен үй шаруасы» деген көзқарас кең таралған. Мұндай ұстаным қыз балалардың кәсіби және мансаптық таңдауына, ал ұлдардың эмоциясын еркін білдіруіне кедергі келтіріп, қоғамда кемсітушілік пен теңсіздікті күшейтеді. Нәтижесінде психологиялық қысым артып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер шектеледі.

Қазақстандағы ахуал

Халықаралық Global Gender Gap Index (2024) деректеріне сәйкес, Қазақстан гендерлік теңдік көрсеткіші бойынша 76–77-орындарда тұр. Парламенттегі әйелдердің үлесі шамамен 30 пайызды құрайды. Сауалнамалар нәтижесінде әйелдердің 54 пайызы, ал ерлердің 77 пайызы «әйелдің басты міндеті — отбасы» деп есептейтіні анықталған. Білім беру саласында қыздар мен ұлдардың мүмкіндіктері формалды түрде тең болғанымен, экономикада әйелдер жалақы айырмашылығына тап болады. Сонымен қатар үй шаруасы мен бала күтімі сияқты міндеттердің басым бөлігі әлі де әйелдерге жүктеліп отыр.

Шетелдік тәжірибе: Исландия үлгісі

Исландия — гендерлік теңдікке қол жеткізген елдердің бірі. Мұнда гендерлік стереотиптердің шамамен 90 пайызы жойылған. Парламенттегі әйелдердің үлесі 47,6 пайызды құрайды, министрлер мен жоғары басшылық лауазымдарда әйелдер мен ерлер тең дәрежеде ұсынылған. Еңбек нарығында жалақы теңдігі заңмен бекітілген, ал ата-ана демалысы екі тарапқа да тең бөлінеді. Білім мен денсаулық сақтау салаларында да қыздар мен ұлдарға бірдей мүмкіндік жасалған.

Исландия тәжірибесі көрсеткендей, әйелдердің еңбекке белсенді қатысуы жалпы ішкі өнімнің (GDP) өсуіне оң әсер етеді, инновация мен кәсіби дамуды ынталандырады. Әртүрлі көзқарастар мен қабілеттердің үйлесуі экономикаға жаңа серпін береді.

Гендерлік стереотиптер әйелдердің әлеуетін шектеп қана қоймай, қоғам мен экономиканың дамуын тежейді. Қазақстанда заң жүзінде теңдік қамтамасыз етілгенімен, әлеуметтік санадағы қалыптасқан түсініктерді өзгерту әлі де маңызды. Гендерлік теңдікке қол жеткізу — тек әлеуметтік әділеттілік емес, сонымен қатар экономикалық өсудің де тиімді жолы.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Құрымбай Бірғаным


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз