XXI ғасыр – ақпарат ғасыры. Бүгінгі адам күніне мыңдаған жаңалық оқып, жүздеген бейне көріп, сансыз пікірге тап болады. Мұндай көлемдегі ақпарат бұрынғы ұрпақ үшін қолжетімсіз еді. Логикаға салсақ, ақпарат көбейген сайын адамзат та бұрынғыдан ақылдырақ болуы тиіс сияқты. Алайда шындық мүлде керісінше: ақпарат артқан сайын терең ойлайтын, жүйелі пайымдайтын адамдар көбейіп кеткен жоқ. Керісінше, қоғам үстірт ойлауға, қысқа реакциямен шектелуге бейімделіп барады. Бұл – XXI ғасырдың басты парадоксы. Ақпараттың көптігі ойлау қабілетін автоматты түрде дамытпайды. Қазіргі адам ақпаратты қабылдайды, бірақ талдамайды. Әлеуметтік желіде таңнан кешке дейін бейнелерді жылжыту – ойлану емес. Көру – түсіну емес. Біз «оқыдым» деп ойлаймыз, бірақ көбіне тек эмоциялық реакция білдіреміз. Соның салдарынан өмірлік шешімдер ақылмен емес, эмоциямен қабылдана бастайды.
Бұл құбылыстың басты себептерінің бірі – ақпараттың берілу формасы. Қысқа мәтіндер, жылдам бейнелер, айқайлы тақырыптар назарды ұстайды, бірақ ойлануға, қорытуға мүмкіндік бермейді. Әлеуметтік желі алгоритмдері адамды дамыту үшін емес, оның назарын ұзақ ұстап қалу үшін жұмыс істейді. Сондықтан ашу тудыратын, даулы, қорқынышты контент тез таралады. Ақыл емес, әсер маңызды болған қоғамда манипуляцияға жол ашылады. Нәтижесінде адамдар тез сенетін, оңай алданатын күйге түседі. Мұның салдары нақты статистикадан да көрінеді. 2025 жылдың алғашқы алты айында қылмыстық құқық бұзушылық бойынша 64 529 дерек тіркеліп, оның ішінде 23 мыңға жуық адам интернет алаяқтықтың құрбаны болған. Бұл — Құқықтық статистика комитетінің ресми мәліметі. Бұл көрсеткіш адамдардың ақпаратты сүзу қабілетінің әлсірегенін, жалған мен шынның, маңызды мен маңызсыздың ара-жігін ажырата алмай бара жатқанын айқын көрсетеді. Бұл — сыни ойлаудың тапшылығы. Осындай жағдайда кітаптың маңызы бұрынғыдан да айқындала түседі. Кітап — жай ғана ақпарат көзі емес, ол адамды терең ойлауға, талдауға, пайым жасауға үйрететін құрал. Статистикаға сүйенсек, жылына 10 кітаптан артық оқитындар бар болғаны 4,8%-ды құрайды. Ақпаратқа бай қоғамда өмір сүре отырып, кітап оқымайтын, ойы таяз ортаға айналу қаупі бар. Ал мұндай қоғамда жауапкершілік әлсірейді. Жауапкершілік әлсіреген жерде даму да, жетістік те болмайды.
XXI ғасырдың басты артықшылығы – көп білу емес, дұрыс ойлай білу. Ақылды көбейту үшін ақпаратты азайту қажет емес. Керісінше, ақпаратпен жұмыс істей алуды, оны талдап, сүзгіден өткізуді үйрену қажет. Өйткені бүгінгі ғасырдың негізгі мәселесі ақпараттың көптігінде емес, сол ақпаратты ақылға айналдыра алмауда.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Жәнәбіл Қания
- Хилон
- Платон
- Илон Маск
- Фирдауси
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі