Өлең, жыр, ақындар

Цифрландыру адам өмірін қалай жеңілдетті?

   Цифрландыру – ХХІ ғасырдағы қоғам дамуының басты қозғаушы күштерінің бірі. Бүгінде ол тек технологиялық үрдіс емес, адамның күнделікті өмірін жеңілдеткен маңызды құралға айналды. Қазақстан да бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік цифрлық кеңістікте өз орнын қалыптастырып келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы – елдің бұл салаға стратегиялық мән беріп отырғанының айқын дәлелі. Қазіргі таңда Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша әлемдегі үздік 30 елдің қатарына енеді. Цифрлық дамудың ең басты артықшылығы – уақыт үнемдеу. «Электронды үкімет» жүйесінің енгізілуі азаматтардың өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Бүгінде халықтың 90 пайыздан астамы құжат рәсімдеу, салық төлеу, әлеуметтік жәрдемақы алу сияқты мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта пайдалана алады. Бұл бұрын апталап, кейде айлап шешілетін мәселелердің бірнеше минутта орындалуына мүмкіндік берді.

Қаржы саласындағы цифрландыру да ерекше қарқынмен дамыды. Мысалы, Kaspi.kz платформасы арқылы банк картасын бір минутта ашу, ақша аудару, онлайн төлемдер жасау – күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айналды. Сонымен қатар, осы қосымша арқылы киім-кешек пен тұрмыстық заттарға тапсырыс беру, коммуналдық қызметтер мен салық төлеу үйден шықпай-ақ жүзеге асады.

Қызмет көрсету саласында да айтарлықтай өзгерістер бар. Glovo, Wolt, Яндекс Еда секілді сервистер арқылы адамдар уақыт жоғалтпай, тамақты онлайн тапсырыс бере алады. Ал WhatsApp сияқты мессенджерлер алыс-жақынмен жедел байланыс орнатып, қарым-қатынасты үзбеуге мүмкіндік береді. Цифрландыру адам өмірін едәуір жеңілдетіп, қолжетімділікті арттырды және уақытты тиімді пайдалануға жол ашты. Қазақстанның цифрлық даму жолындағы жетістіктері елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, заманауи қоғам қалыптастыруға негіз болып отыр.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Нұрдәулет Серікболатұлы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз