Қазіргі цифрлық дәуірде кітап оқу мәдениеті әлсіреп бара жатыр деген пікір жиі айтылады. Алайда бұл тұжырымға толықтай қарсы мысал бола алатын ел бар. Ол — халқы небәрі 350 мыңға жуық Исландия. Географиялық тұрғыдан шағын болғанымен, рухани кеңістігі аса бай бұл ел әлемдегі ең көп кітап оқитын мемлекеттердің бірі саналады.
Зерттеулерге сүйенсек, Исландия халқы айына орта есеппен 2,4 кітап оқиды немесе аудиокітап тыңдайды. Халықтың шамамен үштен бірі күн сайын кітапқа немесе аудиокітапқа уақыт бөледі. Тағы бір сауалнама нәтижесінде тұрғындардың 55%-ы күніне кемінде 30 минут кітап оқитыны анықталған. Сонымен қатар халықтың 19%-ы кітап оқымайтынын мойындаған. Бұл көрсеткіш негізінен жастар мен ер адамдар арасында жиі кездеседі. Соңғы жылдары аудиокітапқа қызығушылық айтарлықтай артқан. Мәселен, соңғы алты жылда аудиокітап тыңдау көрсеткіші 145%-ға өскен. Дегенмен дәстүрлі қағаз кітап оқу деңгейі де жоғары күйінде қалып отыр. Көптеген исландиялықтар күн сайын 30–60 минут, кейде тіпті одан да көп уақытын кітап оқуға немесе тыңдауға арнайды. Бұл оқу әрекетінің елде күнделікті өмір салтына айналғанын көрсетеді.
Исландияда оқу мәдениеті неге жоғары?
Біріншіден — тарихи және әдеби дәстүр. Исландияда жазба әдебиеті орта ғасырлардан бері дамып келеді. «Исландиялық сагалар» сияқты күрделі тарихи шығармалар халықтың әдебиетке деген құрметін ерте кезеңнен қалыптастырды. Бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, оқуды ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналдырды.
Екіншіден — ерекше мәдени дәстүр: Jólabókaflóð. Исландияда желтоқсан айы «кітап мерекесі» ретінде белгілі. Жаңа жыл қарсаңында адамдар бір-біріне кітап сыйлап, кешкі уақытты отбасымен бірге кітап оқуға арнайды. Бұл дәстүр кітапты жай ғана білім көзі емес, рухани байланыс құралы ретінде қалыптастырған ерекше мәдени феномен.
Үшіншіден — кітапханалардың белсенді рөлі. Исландияда кітапханалар тек оқу орны емес, қоғамның маңызды әлеуметтік орталығы саналады. Мұнда әдеби кештер, авторлармен кездесулер және пікірталастар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Кітап ақпарат көзі ғана емес, адамдарды біріктіретін мәдени құрал ретінде қабылданады.
Қоғамның кітапқа деген көзқарасы
Сауалнамалар нәтижесіне сәйкес:
– әйелдер ер адамдарға қарағанда көбірек кітап оқиды;
– жасы үлкен адамдар оқу әдетін жиі сақтайды;
– халықтың шамамен 65%-ы кітапты ана тілі — исланд тілінде оқиды.
Бұл көрсеткіштер қоғамда тіл мен әдебиетке деген құрметтің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар тұрғындардың басым бөлігі әдебиетті дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызды екенін атап өткен. Бұл фактор оқу мәдениетінің тұрақты қалыптасуына ықпал етеді.
Қызықты дерек: кітап нарығы
Исландиядағы кітап жәрмеңкелерінде сатылатын кітап саны елдегі әр төрт тұрғынға бір кітаптан келеді. Бұл — шағын халықтың өзінде кітапқа деген сұраныстың жоғары екенін дәлелдейтін маңызды көрсеткіш. Исландиядағы оқу мәдениеті — жай ғана статистикалық деректер жиынтығы емес. Бұл — әдебиетке, тілге және білімге деген ұлттық құрметтің көрінісі. Бұл елде кітап оқу міндет немесе уақытша тренд емес, өмір салтына айналған құндылық. Кітап оқитын ұлт бір күнде қалыптаспайды. Ол — тарихи дәстүр, әлеуметтік орта, мемлекеттік қолдау және қоғамның ішкі сұранысы арқылы қалыптасатын ұзақ процесс. Исландия тәжірибесі осының айқын дәлелі.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Бақытбек Гауһар
- Конфуций
- Имам Раббани
- Имам Раббани
- Чанакья
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі