Өлең, жыр, ақындар

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру

Тәртіпке бағынған құл болмайды. Бүгінде тәртіпті «тұсау» деп қабылдайтын, ал еркіндікті «бетімен кету» деп түсінетін жас буын қалыптасып жатқан жоқ па? 
 

Смартфондар заман талабына сай жаңарғанымен, құқықтық санамыз ескі стереотиптердің тұтқынында қалып қойды. Жастар арасындағы құқықтық бейжайлық пен этикалық нормаларға атүсті қарау кездейсоқ құбылыс емес. Оның түп-тамыры «құқықтық нигилизм» дертінде жатыр. Құқықтық нигилизм – заңды әділдік орнатушы күш емес, кедергі жасаушы бюрократия ретінде қабылдау. 

 Бұл психология қоғамдағы «заң бәріне ортақ емес» деген жаңсақ түсініктен немесе заңды айналып өткендердің "табысқа жетуі" туралы бұрыс стереотиптерден қалыптасады. Сонымен қатар, моральдық-этикалық құндылықтар мен құқықтық сананың аражігі ажырап қалған. Бұған күрделі ресми тіл, қоғамдағы жазасыздық көріністері және заңды тек «жазалау құралы» деп түсіну себеп болады. Біз бұл көзқарасты өзгертпесек, жүйелі даму мүмкін емес.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Тәртіпсіздік –  тақсырет» деп тегін айтпаған. Осы орайда, құқықтық мәдениеттің алтын діңгегі отбасы тәрбиесі екенін ұмытпауымыз керек. «Отан отбасынан басталады» демекші, бала заң мен тәртіптің алғашқы үлгісін мектептен емес, өз үйінен көреді. Егер ата-ана күнделікті өмірде жол ережесін бұзуды қалыпты санаса немесе мәселені заңсыз жолмен шешуге бейім болса, ешқандай академиялық дәріс баланың санасын өзгертпейді. Отбасы институты құқықтық мемлекеттің кішігірім моделіне айналғанда ғана, біз саналы азамат тәрбиелей аламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамымызға, жалпы елімізге заң үстемдігі, тәртіп мықтылығы ауадай қажет» - деп қадап айтқан болатын.
Ендіше, құқықтық тәрбие берудің әдіснамасын түбегейлі қайта қарау қажет. Бүгінде мектеп пен университет қабырғасында заң баптарын құрғақ жаттату тиімсіз болып қалды. Қазіргі ақпараттық заманда кез келген заңды смартфон арқылы бірнеше секундта табуға болады. Сондықтан оқу процесіне кейс- стади (Case Study)  әдісін кеңінен еңгізсек, студенттер мен оқушылар заңды жаттап қана қоймай, оны практикада қолдануды үйренеді.
Кейс-стади (Case Study) – бұл заңды теория жүзінде емес, нақты өмірде болған (немесе болуы мүмкін) оқиғаларды талдау арқылы үйрену әдісі. Осылайша құрғақ бапқа қарағанда, қызықты оқиға (кейс)  жадта ұзақ сақталады.

Қазірде цифрлық сауаттылық мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Бүгінде Қазақстандағы алаяқтық деректерінің 50%-ға жуығы интернет кеңістігінде орын алады. Жастар виртуалды әлемдегі әрекеті үшін де заң алдында жауапты екенін терең сезінуге тиіс. Мысалы, халықаралық зерттеулер студенттердің 60%-дан астамы авторлық құқықты бұзатынын көрсетеді. Ал біздің заңнамада (ҚР ҚК 198-бабы) бұл үшін ірі айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі қатаң жаза қарастырылған. Сондықтан киберқылмысқа қарсы тұру және авторлық құқықты құрметтеу бағытындағы ақпараттық науқандар тұрақты түрде жүргізілуі қажет.

Жастарды жай ғана бақылаушы емес, шешім қабылдаушы ретінде тарту маңызды. Пікірсайыс алаңдары, қоғамдық тыңдаулар мен еріктілер қозғалысы жастардың азаматтық позициясын шыңдайды. Біз құқықтық сауаттылықты жазаланудан қорқу емес, мемлекеттің дамуына қосылған үлес деп түсінуіміз керек.
Қорыта айтқанда, заңды сыйлайтын, өз құқығын қорғай алатын және жауапкершіліктен қашпайтын ұрпақ қана әділетті Қазақстанды құра алады. Заңды білу сізді жазадан құтқарса, заңды құрметтеу сізді заманауи, өркениетті тұлға ретінде қалыптастырады.

 

Толепбергенова Айнамкөз

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

3 курс студенті


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар