Қабырғада ілулі тұрған диплом — қоғам үшін жетістік, ата-ана үшін мәртебе. Көпшілік үшін бұл құжат өмір жолындағы ең маңызды меже іспетті. Ал оның көлеңкесінде өз орнын таба алмаған жас, іске аспаған білім, жүзеге асырылмаған мүмкіндік. Қағазды биікке көтереміз деп, артындағы адамды жоғалтып алмадық па?
Бұл сұрақ бүгін тек жеке тағдырлардың емес, тұтас қоғамның сұрағына айналды. Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да диплом мәселесі қайта қарауды қажет ететін тақырыпқа айналып отыр. ХХІ ғасырда диплом біліктіліктің бұлжымас кепілінен гөрі, білімнің нәтижесін жоққа шығарып, оның бар екенін ғана дәлелдейтін құжат күйінде қалды. Ал университетті аяқтаған жас маман еңбек нарығында өз мамандығына сай жұмысқа ораналаса алмайды немесе жоғары білімді талап етпейтін қызметке тұруға мәжбүр болады. Осылайша диплом мен еңбек нарығы талаптарының арасындағы алшақтық, яғни сәйкес емес сәйкестік (mismatch) құбылысы қалыптасады.
Білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасында көзге көрінбейтін, бірақ мызғымас қабырға бар. Университет теорияға сүйенсе, жұмыс беруші нақты нәтиже күтеді. Әсіресе, шығармашылықты талап ететін және IT саласындағы мамандардың дипломынан бұрын портфолио мен тәжірибе сөйлейді. Халықаралық Еңбек Ұйымының дәйегіне назар аударсаңыз, әлемде 258 миллион адам жоғары білімге ие бола тұра, дипломды талап етпейтін жұмыс орындарында істеп жүр. Бұл тек статистика емес, миллиондаған адамның әлеуеті толық іске аспай жатқанын көрсететін үнсіз шындық. Көрсетілген мәлімет небәрі 114 елді қамтиды, яғни мәселенің ауқымы бұдан да кең болуы ешкімге жасырын емес.
Ауқым демекші, экономикалық құрылымның өзгеруі еңбек нарығында дипломды бағалау тәсілін өзгертті. Қазір көптеген елдерде жұмыс орындарының саны диплом алғандардың санына қарағанда аз. Нәтижесінде диплом иелері төмен талапты қызметтерге не уақытша жұмыспен шұғылдануға мәжбүр, бұл да mismatch‑тің бір түріне сәйкес келетінін аңғарамыз. Мәселен, Ұлыбританияда университет бітіргендердің 37% астамы өз мамандығына сай жұмыс істемейді. Демек, жоғары оқу орнының өзі еңбек нарығында кемел болашаққа кепіл болудан қалған.
Қазақстандағы көрініс те дәл осы әлемдік үрдіспен үндес. Қазіргі оқу бағдарламалары еңбек нарығындағы жаңа трендтерге, технологияларға ілесе алмай келеді. Мысалы, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік сияқты өзекті салалар бүгінде әр салада сұранысқа ие, ал жоғары оқу орындары осы салаларды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауынан кейін қолға алып келеді. HeadHunter платформасының мәліметінше, елімізде үш түлектің біреуі ғана өз мамандығы бойынша жұмыс табады. Ал болашақта бұл мамандықтар тікелей технологиямен ұштасатындықтан, ертеңгі күнді ескермесек болмайды. Дәл осы мысал жоғары оқу орындарының құлағына алтын сырға болары сөзсіз. Сондықтан, осы тектес мәселелер түбірі жеке таңдаудан бұрын, жүйедегі олқылықтың белгісі.
Оқу бағдарламаларын еңбек нарығымен үйлестіру, университет пен жұмыс беруші арасындағы байланысты күшейту, студентке ерте кезеңнен бастап практика мен жаңа машық жолдарын ұсыну, бүгінде диплом мен өмір арасындағы алшақтықты азайтудың нақты жолдары. Ең бастысы, жастарға дипломның мақсат емес, құрал екенін ұғындыру қажет.
Болашаққа жол ашатын білім ұясынан шыққан бір парақ – адамның ішкі әлеуетін, нағыз білімі мен қабілетін ашатын мүмкіндікке айналуы тиіс. Себебі: «Білім — мектепте үйренгендерді ұмытқаннан кейін қалған нәрсе.»-, дейді бір ғасырдың алпауыт данасы Альберт Эйнштейн. Қағазды алдыңғы қатарға ығытырып, адамның қабілеті мен ойлауын екінші қатарға ысыру — қоғам болашағының шайқалуына алып келеді.
Ендеше, университет қабырғасынан шыққан сәтте адам қолына диплом емес, таңдау жауапкершілігін алуы тиіс. Қағаз уақыт өте сарғайса, ой мен дағды өзектілігін жоғалтпайды. Егер білім өмірге қызмет етпесе, ол жиналған ақпарат күйінде қалады. Қоғамды алға сүйрейтін күш — ақпаратқа тұнған атауы бар құжат емес, мазмұны мен мәні бар білім. Ал біз диплом емес, шынайы өмірге дайын тұлға қалыптастырып жүрміз бе?
Авторы: Әлмира Жамантай
Күні: 12.02.2026 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Конфуций
- Эдвард Дж. Стиглиц
- Нельсон Мандела
- Конфуций
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі