Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың ұмытылған дәстүрлері қайта жаңғыра ма?

     Қазақтың салт-дәстүрлері – рухани тәрбие мен ұлттық болмыстың негізі. Заманауи өзгерістерге қарамастан «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Ат тергеу», «Тілашар», «Бата беру» секілді ғұрыптар бүгінге дейін сақталып келеді. Алайда кейбір дәстүрлер ұмыт қалып барады. Оларды қайта жаңғырту мүмкін бе деген сауал қоғамда жиі айтылады.

ХХ ғасырдағы урбанизация, кеңестік кезеңнің ықпалы, кейінгі жаһандану үдерісі ұлттық салттардың әлсіреуіне әсер етті. Қалалық өмір салты, өзге мәдениетке еліктеу, технологияның қарқынды дамуы да дәстүрдің тұрмыстағы орнын тарылтты. Бүгінде сирек атқарылатын немесе мүлде қолданылмайтын бірнеше ғұрып бар. Соның бірі – Ерулік. Жаңа көшіп келген көршілерді ортаға бейімдеу үшін берілетін дастарқан. Бұл дәстүр көршілік байланысты нығайтып, сыйластықты арттырған. Ажырасу көже – көшер алдында жайылатын ас. Ағайын-туыс, көрші-қолаңмен қоштасудың белгісі саналған. Үн-түнсіз көшіп кету әдепке жат деп есептелген. Мойнына бұршақ салу – перзент тілеген жандардың ниет-тілегін білдіретін ғұрып. Бала сүйе алмаған немесе сәби аңсаған адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Жаратқаннан перзент сұраған. Сонымен қатар «Көтендестіру», «Жарысқазан», «Балдыз қалың», «Аушадияр» сияқты дәстүрлер де бір кезеңде кең тарағанымен, бүгінде сирек кездеседі.

Дәстүрдің ұмытылуы оның маңызы жоғалды дегенді білдірмейді. Көп жағдайда оларды қазіргі өмір салтына бейімдеу қажеттігі туындайды. Мектеп пен жоғары оқу орындарында ұлттық мұраның тәрбиелік мәнін түсіндіру, жастарды мәдени құндылықтарға қызықтыру маңызды. Әлеуметтік желілер мен медиа да бұл бағытта ықпал ете алады. Мысалы, «Асар» мен «Жылу жинау» дәстүрлерін қазіргі волонтерлік және қайырымдылық бастамаларымен ұштастыруға болады. Осылайша көне ғұрып жаңа мазмұнмен жалғасады. Кейбір салттардың бүгінгі өмірге толық сай келмеуі мүмкін. Алайда олардың түпкі мәні – ынтымақ, сыйластық, адамгершілік. Сол құндылықтарды сақтап, заманға икемдеген жағдайда дәстүрлер қоғам өмірінде қайта орныға алады. Ұлттық мұра – өткеннің қалдығы емес, болашақтың тірегі. Дәстүр жаңғыруы үшін оны тек еске алып қана қоймай, өмірде қолдана білу қажет.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Абу Әселім


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз