Екі мәрте Нобель сыйлығын алған алғашқы ғалым

Мария Кюри  – физика және химия ғылымдарының дамуына орасан зор үлес қосқан әлемдегі ең танымал ғалымдардың бірі. Ол 1867 жылы 7 қарашада Польшаның  Варшава қаласында дүниеге келген. Сол кезеңде Польша Ресей империясының құрамында болғандықтан, әйелдердің жоғары білім алу мүмкіндігі шектеулі еді. Соған қарамастан, Мария білімге деген құштарлығының арқасында Францияға барып, Париждегі Сорбонна университетінде білім алды. Парижде ол болашақ жары, ғалым Пьер Кюримен танысып, екеуі ғылыми зерттеулерді бірге жүргізді. Олардың негізгі зерттеу бағыты – радиоактивтілік құбылысы болды. “Радиоактивтілік” терминін ғылымға алғаш енгізген де Мария Кюридің өзі. 1898 жылы Кюри жұбайлары жаңа химиялық элементтер – полоний мен радийді ашты. Полоний элементі Марияның отаны Польша құрметіне аталған. 1903 жылы Мария Кюри Анри Беккерель және Пьер Кюримен бірге физика саласы бойынша Нобель сыйлығын алды. Бұл сыйлық радиоактивтілікті зерттегені үшін берілді. 1911 жылы ол химия саласы бойынша екінші Нобель сыйлығын иеленді. Осылайша, Мария Кюри тарихта екі түрлі ғылым саласы бойынша Нобель сыйлығын алған алғашқы адам болды. Мария Кюридің зерттеулері медицина саласына да үлкен ықпал етті. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол жылжымалы рентген аппараттарын жасап, жараланған сарбаздарды тексеруге көмектесті. Бұл құрылғылар кейін “Кюри көліктері” деп аталды. Алайда, радиацияның зияны ол кезде толық зерттелмегендіктен, Мария Кюри ұзақ уақыт бойы сәулеленудің әсеріне ұшырады. Соның салдарынан ол 1934 жылы 4 шілдеде апластикалық анемия ауруынан қайтыс болды.


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз