АУЫЛЫМДАҒЫ ТЕАТР - Гүлмира Байболсын

Кейде жасөспірімдерді жақсы жолға салу үшін тек қатаң тәрбиемен шектелу дұрыс емес. Бала білім мен тәрбиенің маңызды екенін түсінуі үшін, оны өз "терапиясынан" өткізуі керек. Қазіргі қозғалатын терапия ол - ТЕАТР.
"Тебірент" драма театрын
окушылармен тек қойылым қою деп ойлап отырған шығарсыз. Алайда бұл театрға оқушылардың жаман әдеттерін тастауы, бос уақытарын телефонсыз өткізуі мен жаңа достар табуына апаратын көпір ретінде қарасақ ше?
2025 жылы қаңтардың 9-ы Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Талапкер жалпы орта білім беретін мектебінде мектеп директоры Сағынбала Хасенқызының бастауымен "Бес сандық" жобасы аясында қосымша үйірмелер ашылды. Соның ішінде ауыл балалары ерекше кызығушылық танытқан драма үйірмесі еді. Үйірменің жетекшісі ретінде Астана қаласының "Музыкалық Жас Көрермен" театрының әртісі Алихан Нұрланұлы тағайындалды. Осылайша драма үйірмесі өз бастауын алды. Алихан Нұрланұлының бастамасымен ең алғашқы қойылым болып "Шәмші" мюзиклі таңдап алынды.
Мюзиклге арнайы кастинг өткізілген күні үйірменің өзіндік "атмосферасы" сезілді. Бір оқушы әсем дауысымен таңқалдырса, екіншісі биге деген икемділігімен, үшіншісі домбырада ойнау шеберлігімен, төртіншісі поэзияны оқу харизмасымен көзге түсті.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері — жанға шипа, жүрекке жылу сыйлайтын ғажайып әуендер. Композитордың қиялы нені аңсады, жаны неден күйзелді, неге құстай талпынды?! Олар Шәмшінің болмысымен тек танысып қоймай, оны көрермендерге жеткізді. Шәмшінің дүниеге келуі, жасөспірім кезі, алғашқы махаббатын кездестіруі ,консерваторияға түсуі, тарихи әндерінің жазылуы осының барлығын оқушылар өз бастарынан өткергендей, әр дайындықта Шәмшімен тереңірек танысты. Осыған дейін олар атa- әжелерінен Шәмшінің әндері жүректі тербетіп, емдейді дегенге сенбеуші еді. Ал қазіргі уақытта Шәмшінің әндерін қалада кетіп бара жатып, көшеден естіп қалса, әнді жағаласып айтып, бір жылулық сезінетіндері өтірік емес. 
2025 жылы 30 қыркүйек Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында "Абай- Тоғжан" музыкалық драмасының премьерасы өтті .Тебірент драма театрының екінші мюзиклі болған-тын. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлтымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі.  
Бұл орта - компьютер ойнайтын немесе мектепте бірге бұзақылық жасаған орта емес, ол орта - ең ыстық, халқымыздың әндері мен билеріне бөленген, ортақ естелігі бар орта һәм уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізген орта. Осы уаққа дейін бір-бірімен араласа алмаған сыныптастар яки бір мектептің оқушылары дәл осы орта арқылы жақын достарға айналды. Бұл театр - оқушылардың терапиясына айналды. Олар театр жайлы осы уақытқа дейін хабарсыз болса да, әр адамның жүрегінің түбінде ән-би, өлеңді қалап тұратынын дәлелдеді. Олар өнерге ғашық болды және көрермендерді де ғашық қылды. Осылайша жасөспірімдердің белгілі бір өтпелі кезеңдерінде, театр - оларға жылы орта бола алды һәм әр жасөспірімнің тәрбиесіндегі құрал ретінде бұл әдіс өз жемісін берді.

 

 


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)