Ертеде Сапаһи деген кісінің теңдесі жоқ, өте сұлу әйелі болыпты. Әйелінің сұлулығы сонша бір көрген адам екінші көруге құмарланып, сол көргенін ауызбен айтып жеткізе алмайды екен. Ері Сапаһи әйелін өте жақсы көріп, әйелі үйде отырса үйде отырып, тысқа шықса әйелімен бірге тысқа шығып, қашан ұйқыға барғанша әйелінің бетіне қарап мөлиіп отырудан басқа тіршілік етпепті.
Сонымен бірнеше жылдар өткізіпті. Сапаһи басында жақсы ауқатты адам болса да, басқа әрекеті болмаған соң, ақыры кедейлене бастапты. Бара-бара тұрмысы тіпті нашарланып кеткен соң, бір күні әйелі отырып Сапаһиге:
— Қолдағы мал-мүлік, ақша таусылды, жұрт қатарлы істеп жүрген тіршілігіміз жоқ. Енді жанды қалай бағамыз, сен неге тіршілік етпейсің? – депті.
Сонда Сапаһи әйеліне қарап:
— Мен сені үйде қалдырып, басқа жақта жүре алмаймын. Сыртқа шығып бір қонып, түнемек тұрсын, бір сағат сені көрмесем асығып, өліп кете жаздаймын, – депті. Сонда әйелі:
— Сен анығыңда қалай ойлайсың? Ұзақ жолаушы жүріп кетсең әлде біреулермен мені көңіл қосып, кетіп қалады деп ойлаймысың, – деп сұрапты. Сонда Сапаһи:
— Шынында, сені көрмей тұра алмаймын, әрі алысқа кетсем, біреу алып кете ме деп те қауіптенем, – депті. Сонда әйелі Сапаһиге:
— Мен саған бір әңгіме айтайын, мұқият тыңдап отыр, – депті. Сондағы әйелінін әнгімесі:
— Бұрынғы өткен заманда бір жігіт қыз таңдап, ел аралап жүріп, өзі ұнатқан бір сұлу қызды алып, оны қайда барса да тастамай қасына ертіп жүретін болыпты. Күндерде бір күні сол жігіт қасына қаншама құлдарын ертіп, түйемен ұзак жолға саудаға шығып, сүйікті әйелін де қалдырмай ертіп алады. Бұлар қаншама ай сапар шегіп, бір дарияға келгенде түйелер дариядан өтпей тұрып алыпты. Сонда суға түйесін түсіре алмай тұрған құлға әлгі саудагер жігіттің әйелі айғайлап:
— Ей, жігіт, сенін түйең суға түспейді. Сен, мына, менің астымдағы түйеме мініп баста, – деп, астындағы түйесін жігітке берген екен. Әйел мінген түйе тоқтамай судан өте шығып, соның артынан барлық түйелер ілесе кетіпті. Судан өтіп алғаннан кейін, ері әйеліне сұрақ қойып:
— Сен, ана құл мінген түйенің судан өтпейтінін, өзің мінген түйенің судан қорықпай өтетінін қайдан білдің? – деп сұрапты.Сонда әйелі:
— Ол құл мінген түйенің енесі қорқақ болатын, түйе енесіне тартып қорқақ болады. Ал енді, менің астымдағы түйенің енесі суға қорықпай түсетін жүректі түйе еді. Мен екі түйенің де енесінің сырын білетінмін, – депті.
Сонда ері:
— Әрбір жанды зат өзінің туған шешесіне тарта ма? – деп сұрапты.
— Иә, әрбір жанды зат өзінің туған анасына тартпай қоймайды, – депті әйелі.Сонда ері тұрып:
— Ендеше, сенің шешең өте зинақор еді, сен де ақыры өз анаңа тартады екенсің. Сен сөйтіп менің көңілімді қарайтқанша, осы күннен бастап екеуіміз ажырассақ болады, – деп, еліне келісімен әйелін талақ қылып, шығарып жіберіпті. Сапаһидің әйелі әңгімесін аяқтай келіп:
— Осы хикая сияқты менің анамда, анамның анасында, тіпті рухымда зинақорлық жоқ. Егерде мен ондай келіспейтін істі істегім келсе, сен мені аңдып, тоқтата алмас едің, – деген екен. Әйелі осы сөздерді айтып болып еріне:
— Сен көңіліңе ешқандай күдік келтірмей әрекет етіп, мал табу үшін кете бер. Мен өзімнің тазалығым үшін бір белгі беремін. Ол белгі мынау, – деп, бір иісті шөптің гүлін еріне беріпті. Осы гүлді құлағыңа қыстырып алып, тастамай жүр. Осы гүл қурап, семсе менің көңілімнің бұзылғаны. Егерде гүл қурамай осы күйінше тұра берсе, менің көңілімнің бұзылмағаны. Менің адал-арамдығымды осы гүлден ғана білесің, – деп ерін сендіріпті.
Сапаһи әйелінің сөзіне әбден сеніп, әйелімен қоштасып, ұзақ сапарға аттанады. Он бес күн жүріп, бір шәріге жетіп, «Мен істеуге қандай жұмыс табылар екен», – деп жүргенде, сол елдің патшасының баласына кезігіп қалады.
Патшаның баласы қырық жігіт нөкер алып, әр жігітке тиісті ақы беріп, әрдайым ойын-сауық, тамашамен жүреді екен. Сапаһи кезігіп қалғанда патшаның баласы:
— Маған нөкер болсаңыз тиісті ақыңызды беремін, – депті. Сапаһи қырык жігітке косылып, ойын-сауықпен жүре беріпті. Сапаһидің бұларға қосылғаны көктем кезі екен. Сапаһи әйелі берген гүлін тастамай күн сайын құлағына қыстырып жүреді екен. Гүлі жаңа үзіп алғандай түсін өзгертпеген соң, әйеліне сенімді болып, еш нәрсе ойламай жүре беріпті. Сонымен жүре-жүре күз болып, барлық шөптің гүлі түсіп, қурай бастапты. Бір күні патшаның баласы Сапаһидың құлағындағы қыстырулы гүлді көріп:
— Сапаһи, сен барлық шөп қурап кеткенде сембейтін гүлді күн сайын қайдан тауып алып жүрсің? – деп сұрады. Сонда Сапаһи:
— Мен бұл гүлді күн сайын бір жерден алып жүрген жоқпын. Бұл гүлдің мән-жайы мынау: Менің әйелім адамзаттың сұлуы. Мен әйелімнің бетіне қарап отырып қаншама жыл өткізіп, ақыры кедейленіп, мал табу үшін сапарға шығарымда, әйелім біреумен кетіп қала ма деп қайғырдым. Әйелім осы гүлді беріп отырып, «Бұл қураса менің көңілімнің бұзылғаны, қурамаса менің тазалығым», – деді. Міне, алты ай болды, осы гүл әлі бір қалыпта, мен әйелімнің тазалығын осы гүлден білемін, – депті.
Сонда патшаның баласы Сапаһиді жасытып:
— Ой, Сапаһи! Сен әйелдің қандай болатынын әлі білмейді екенсің ғой. Әйелің сені келістіріп алдаған екен. Сен соған сеніп жүріпсің-ау, – деп екі қолымен санын шапалақтап, қарқылдап күліпті. Сапаһи ойға кетіп, біраз жасып қалыпты. Сонда да гүлін тастамай жүре беріпті. Патшаның баласы, Сапаһи жоқ жерде, барлық жігіттерін жинап алып:
— Сапаһи осындай дейді. Шынында, әйелінің ешкімге көңілі бұзылмай жүргені рас болуы мүмкін.
Енді осының гүлін сынау үшін, осы жігіттердің ішінде Сапаһидің шәрісіне барып, сол әйелдің көңілін бұза алатын азамат бармысыңдар? Егер, өзіне сенімді азамат болса, мың-мыңдаған ділда, гауһармен жіберемін, – депті. Сонда бір Қасен деген жігіт тұрып:
— Құдай-ау, еркектің сөзіне көнбейтін әйел болушы ма еді. Ол адамына кезікпей жүрген шығар. Егер сіз мені жіберсеңіз, мен оны перінің қызы болса да жөнге келтіруге осы жігіттердің алдында уәде беріп, сіздерді сендіре аламын, – депті.
Бұған шаһзада қатты қуанып, есепсіз көп алтын беріп, Қасенді Сапаһидің шәрісіне шығарып салып, қайтып келуі үшін мөлшерлі уақыт белгілеп жіберіпті.
Қалғандары бұрынғыдай ойын-сауықпен жата беріпті. Қасен бір қаншама жол жүріп, Сапаһидің шәрісіне келіп, шәріні байқап жүргенінде, бір күні ойын-тамаша қылып отырған бір топ өңкей жас жігіттерге кездесіп қалыпты.
Түр-сипаты, киім-салтанаты патшаның баласынан артық, тамашамен отырған жігіттер Қасенді қошеметпен қарсы алып, шарапты бірге ішіп, бұл қайсы шаһзада екен деп, одан:
— Я, шаһзада. Қайсы патшаның баласы боласыз, қайсы шәріден келесіз? – деп сұрапты.
Сонда Қасен атақты патшаның баласымын деп, осы шәріге келген себебін баяндай бастапты:
— Жігіт-жігіттің гүлі деген ғой. Менің тілегіме құдай сіздерді кезіктірді. Мен сіздердің шәріңізде Сапаһи деген кісінің әйеліне ғашық болып, бірнеше айшылық жолдан арып-ашып келіп отырмын. Егерде, мені мұратыма жеткізсеңіздер, сіздерге өмірлік алтын, ділда берер едім, – депті. Сонда отырған жігіттер:
— Япырмай, ханзада-ай, бұл іске біздің шамамыз келе қоймас. Неге десеңіз сол сіз ғашық болған әйелге осы отырған жігіттер - бәріміз де ғашық болып, өзімізді-өзіміз әуреге салғанбыз. Ақыры, ол әйелді бойұсындыра алмай бәріміз де шаршап отырмыз. Сіз өте алыстан келіпсіз, қымбатты заттарыңыз да жетерлік екен. Соның үшін сізге бір ақыл көрсетелік. Пәлен жерде бір өте айлалы кемпір бар. Сол кемпірді риза ете алсаңыз, сізді мұратыңызға жеткізеді, – депті. Сонан кейін Қасен кемпірдің тұрған жерін сұрап алып, сол кемпірді іздеп тауып, көңілдегі мақсатын айтып, кемпірге көп алтын, ділда беріпті. Кемпір қуанып кетіп:
— Балам, мен ол адамға барып көрейін, өзін өте қатты деп есіткен едім, кұдай абиыр берсе, бірдеме болып қалар, – деп, кемпір Сапаһидің әйеліне жүріп кетіпті. Кемпір келсе, Сапаһидің әйелі үйінде жалғыз отыр екен. Сонда кемпір амандасып, біраз отырып, адам баласының жастық кезіндегі жүріс-тұрысын айтып, сөйлей бастапты. Сонда кемпір отырып:
— Балам, алла тағала өз пендесін жаратқанда жастық дәуірін ләззатты етіп, ойнап-күлсін, жастық махаббатын өз жолымен өткізіп, өздеріне сай шаһзадалармен ашына болып, көңілін көтеріп, қартая бастағанда тәуба қылу үшін жаратты емес пе? Ал енді, балам, сіздің нұр-сипатынызға ғашық болмаған, ол үшін сізбен бір кеш сұқбаттасып шығу үшін басымды қатырмаған адам жоқ. Соның бәрін де сізге лайық көрмей, есіткен сөзімді ішіме сақтай беруші едім. Осы жақын күнде бір патшаның шаһзадасы сіздің сұлулығыңызды естіп, сізге ғашық болып келген екен. Ол шаһзаданы байқап қарасам, құдайым жаратқан сізге лайық туылған екен. Әкелген алтын, гауһарына сан жетпейді. Туысы тіпті бөлекше. Ары-бері ойлап қарасам, қай жағынан да сізге лайықты. Сол шаһзаданың бір түн ғана көңілін тапсаңыз, қалай болар еді деп, сізбен ақылдасу үшін келіп едім, – депті. Сонда Сапаһидің әйелі отырып:
— Әй, шеше-ай. Мен өмірімде Сапаһиден басқа ер адамға етімді тигізіп көрмеген едім. Бірақ та, сіздін айтқан ақылыңыз да теріс сияқты көрінбейді. Соның үшін сонша алыстан аңсап келген шаһзаданын көңілін қарайтпай, бір түн қондырып жіберуді лайық деп білемін. Ал енді, шаһзаданыз әуелі өзі келіп мені көрсін, егер ол мені жақтырса, сіздің айтқаныңыздай болсын, шеше, – депті. Кемпір қуанып:
— Ой, балам, бақытты бол! – деп, батасын беріп, жүгіріп отырып үйіне келіп, «балам шүйінші-шүйінші» деп, шүйінші сұрап алып, барлық болған сөздерді баяндап беріпті. Қасен қуанғаннан терісіне сыймай:
— Шеше, сізге мыңда-мың рақмет, еңбегіңізді ақтармын. Енді мен, әуелі өзіне барып келейін, – деп, жөнін сұрап алып, жүгіре басып Сапаһидің үйіне келіпті. Сапаһидің әйелін көргенде не дерін біле алмай есі шығып, аң-таң болып тұрып қалыпты. Сонда әйел Қасенге:
— Әлгі, менің шешем айтқан шаһзада сіз бе едіңіз? – депті. Қасен:
— Я, соншалық алыс жерден сіздің атыңызды естіп, сізге ғашық болып келген мен едім,– депті. Сонда әйел тұрып:
— Мен өзім осы уақытқа дейін, ес білгелі өз еркегімнен басқа бір адамға көңіл аудармаған жан едім. Сіз соншалық алыс жерден әдейі іздеп келген соң, сіздің сағыңыз сынбасын дедім. Ал енді, менің сол сөзім - сөз. Ендігі ақыл мынадай болсын: мен бұрын мұндай іске аяқ баспаған адаммын, сондықтан біздің жастық махаббатымызды арадағы кемпір де сезбей қалсын. Сіз әзір кемпірдің үйіне қайтып барыңыз да кемпірге былай деңіз: мен өте сұлу деген соң іздеп келіп едім, ондай артықша сұлу да емес екен, ондай адамдар өз шәрімізде де толып жатыр, шеше. Мен бұл әйелді жақтырмадым, сондықтан еліме қайтуға тура келді, – деп, кемпірдің үйіндегі заттарыңызды алып, «Мен енді еліме кеттім»,– деп, кемпірге қош айтып, мұнда қайтып келіңіз. Мұнда келген соң өзіміз білеміз, кемпір «шаһзада жақтырмай кетті» деп қалсын, – депті.
Қасен бұл сөзді есіткенде қатты қуанып, жүгіріп отырып кемпірдікіне барып, әйелдің айтқан сөздерін түгелімен кемпірге айтып беріпті. Кемпір тамсанып:
— Ойпырмай, балам-ай, бұл кісіден де сұлу адам болады екен, ә. Өзің біл, өзің біл, – депті.
Қасен кемпірдің үйіндегі алтын, күміс қымбат заттарын алып, тоқталмай жүгіріп отырып, Сапаһидікіне келіпті.
Қасен келсе, Сапаһидің әйелі түрліше тамақтарын даярлап, жақсы киімдерін киіп, қонақты күтіп отырыпты.
Қасен келген кезде күн батып, қас қарайыпты. Сонда Сапаһидің әйелі өзінің ас жасайтын күтушісіне айтыпты:
— Тамақ ішіп, жатар кезде сен сыртқы қақпаны қағып-қағып жібер де асығып үйге жүгіріп кіріп, «молда ағаң келіп қалды» де.
Сонымен тамақты жайлап пісіріп ішіп, енді жатуға да жақын қалыпты. Қасен асығып, жүрегі алып ұшып, «қашан жатар екенбіз» деп, тамақ іше алмай, «тезірек жаталық» деп, қайта-қайта айта беріпті. Әйел ыдыс-аяқты жинап, төсекті жайлап салып, енді жатуға таман ыңғайланған кезінде, сыртқы қақпа тарс-тарс етіп қағылыпты. Сонда Сапаһидің әйелі «бұл не» деп, құлағын тіге қалыпты.
Сол кезде аспазшы әйел асып-сасып үйге жүгіріп кіріп, «ойбай-ай, молда ағаңыз келіп қалды» дегенде анау:
— Ойбай-ай, енді қайттік, – депті. Қасен де асып-сасып:
— Мен қайтемін, – депті. Сонда Сапаһидің әйелі:
— Ол кісі мұнда жатпас. Сіз әзірше, ол кісі кеткенше тауық қораға кіре тұрыңыз, – деп, Қасенді ертіп келіп, тауық қораға кіргізіп, сарт еткізіп, сыртынан шәугімдей құлып салып, өзі жайымен төсегіне жата беріпті.
Қасен: «Мені қашан шығарып алар екен», – деп таң атқанша ұйықтамай шығыпты. Тан атып күн шыққан соң бұлар жайымен тұрып, асықпай шайларын ішіпті. Сонан Сапаһидің әйелі Қасенді қамаған тауық қораға келіп, бір тесігінен қарап тұрып:
— Ей, жігіт, сен қайдан келдің? Көрмей-білмей маған қалай ғашықсың? Кәне жөніңді айтшы? – депті. Сонда Қасен болған ахуалды бастан-аяқ түгел айтыпты. Әйел істің жайын әбден түсінген соң:
— Е, жарайсың азаматым, іздегенің осы шығар, осы жатқан орныңда жата бер, – деп, есікті ашпай, күн сайын аштан өлместей етіп тамағы мен суын беріп, тұра беріпті. Сонымен Қасен лажсыз ұзақ уақыт қамауда жатып қалыпты. Патшаның баласы Қасен келмеген соң, бір күні Сапаһиден өзге жігіттерін жинап алып:
— Бұл қалай болды. Қасен көп кешікті. Онымен бірге мына Сапаһидің құлағына қыстырған гүлі де сембей қойды, мұны қайтеміз. Сапаһидің әйеліне барып, сол адамды бұза алатын азамат бармысың? – дегенде, Қасеннің інісі Құсайын деген жігіт тұрып:
— Шаһзада, ол жерге мені жіберіңіз. Мен қалайда ол адамды жөнге келтіріп келейін, – депті. Сонан соң Қасенге бергендей алтын-ділдаларды бұған да беріп, Құсайынды Сапаһидің шәрісіне шығарып салыпты.
Құсайын сапар шегіп, Сапаһидің шәрісіне келіп, Қасен сияқты о да алдыменен жігіттерге кезігіп, солардың ақылы бойынша кемпірді тауып алыпты. Кемпір бұрынғысындай Сапаһидін үйіне келіп, Құсайын туралы айтыпты. Сонда Сапаһидің әйелі:
— Шеше-ау, сіз айтқан соң бір жігітке мақұл деп едім, ол кісі мені менсінбей кеткеніне осы күнге дейін өзімнен-өзім ұялып жүрмін. Сіздің сөзіңізді тастамас едім, бұл кісіңіз де жақтырмай кетеді ғой деп қорқамын, – депті.
Сонда кемпір:
— Қарағым, бұл жолғы шаһзада ана өткендегі жігіт сияқты емес, – депті. Сонда Сапаһидің әйелі:
— Әй, мен сенбеймін. Әуелі өзін жіберіңіз, мені көрсін, – депті. Кемпір қуанып, Құсайынға келіп, болған сөздерді түгел ұқтырып, Құсайынды Сапаһидін үйіне жіберіпті. Құсайын Сапаһидікіне келген соң, әйел Қасенге айтқан сөздерін бұған да айтыпты. Құсайын да ағасы сияқты барлық заттарын алып, Сапаһидікіне келіпті. Ақыры ағасына істеген әдістерді бұған да істеп, ағасының қасына Құсайынды да апарып қамап қойыпты.
Сонымен Құсайынның келетін уақыты асып кетіп, патшаның баласы: «бұл қалай болды» деп, қайран болып, қаншама күндер күтіп, ақыры келмеген соң шарасыздан бір күні Сапаһиге:
— Еліңізден шыққалы көп уақыттар болып кетті. Енді екеуіміз сіздің еліңізге барып, әйеліңіздің амандығын білсек қайтеді, – депті.
Бұл сөзге Сапаһи қуанып, шаһзада мен екеуі өз шәрісіне келіпті. Шәріге келгенде Сапаһи шаһзададан бұрын үйге келіп, әйелімен амандасып, өзінің қожайынының қонаққа келе жатқанын айтыпты.
Сапаһидің әйелі үй ішін түзеп, келген қонағын құрметпен қарсы алып, түрлі тамақтарын дайындай бастапты. Күн батар мезгіл екен. Сапаһидің әйелі қамаудағы Қасен мен Құсайынға келіп:
— Бүгін біздің үйге бір сый қонақ келіп қалды. Сол мейманды тамақ беріп күтісетін әйел жоқ. Сіз екеуіңіз бүгінше әйел киімін киіп, осы мейманды күтіссеңіздер, сіздерді ертең азат етіп, өз шәрілеріңізге қайтарамын, – депті. Бұл сөзге ағалы-інілі екеуі қуанып кетіп: «Болады, болады» – деп, әйел киімдерін кие бастапты.
Екеуі де әйел киімін киіп алып, мөлдіреген жас әйел бола қалыпты.
Түн болып, үйге шам жағып, шаһзаданы төр алдына отырғызыпты. Қасында Сапаһи бар, бұлар өзара әңгімемен көп отырыпты. Шаһзаданың ойынан өзінің екі жігіті кетпей: «Япырым-ау, бұлар қайда екен, бұлардың хабарын қайтып білемін» деп отырғанда, Қасен мен Құсайынның біріне самаурын көтертіп, біріне шәугім мен шылапшын көтертіп, өзі дастарқан мен тоқаштарын көтеріп, шаһзада отырған үйге Сапаһидің әйелі кіріп келіпті. Қасен мен Құсайын төр алдында отырған шаһзаданы танып, ұялғандарынан аяқтарын баса алмай есік алдында тұрып қалыпты.
Сонда төр алдында отырған шаһзада өзінің екі жігіті әйел болып келгенін көріп, орнынан ұшып тұрып, Сапаһидің әйеліне жалбарынып:
— Менен қателік өтті, кешіңіз, – деп аяғына бас ұрып, кешірім сұрап болған уақиғаны дәл сол сағатта ғана Сапаһиге айтыпты. Сапаһиден де кешірім сұрап, Қасен мен Құсайынға өз киімдерін кигізіп, барлығы бірге отырып тамақ ішіпті. Ертеңгісінде шаһзада өзі алып келген қаншалаған алтын, қымбатты заттарының барлығын Сапаһидікіне беріпті. Өзі Сапаһимен дос болып, екі жігітін алып, еліне қайтып кетіпті. Ақырында шаһзаданың сан жеткісіз мол заттары Сапаһидікінде қалып, бұлар соныменен жоқшылық көрмей өмір сүріпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі