Өлең, жыр, ақындар

Шал мен келін

Баяғыда Қайыр деген шал болыпты. Шалдың Самет деген баласы болыпты. Шалдың кәсібі: базарға тоғыз серкені айдай барады екен, не сатпайды, не соймайды, тоғыз серкенің   пұлына тоғыз нар түйенің жүгін әкеледі екен. Бір күні шал баласына айтады:

         — Балам, мен қартайдым төрімнен көрім жақын. Сондықтан осы тоғыз серкені базарға айдап бар, не сатпа, не сойма, бірақ осы тоғыз серкенің пұлына тоғыз нар түйенің жүгін әкел, – депті. Баласы тоғыз серкені базарға айдап келіп сатайын десе, әкесі «сатпа» деген; сояйын десе, «сойма» деген. Жайдан-жай біреу пұл бере ме? Мына көшеге, ана көшеге ерсілі-қарсылы айдап жүре беріпті. Көшеден Сақыпжамал деген бір қыз кездесіп: «Сен неғылған нашар адамсың, сенің әкең осы тоғыз серкені базарға айдап апарып түбітін тарап сатып, тоғыз серкенің пұлына тоғыз нар  түйенің жүгін алып қайт» депті, – дейді. Самет Сақыпжамал қыздың айтқанын істеп тоғыз серкені базарға апарып, түбітін тарап сатып, тоғыз нар түйенің жүгін алып қайтыпты. Әкесі баласының алдынан шығып: «Балам, осы ақылды өз бетіңмен істедің бе? Болмаса біреу айтты ма?» – деп сұрап қоймағасын, «бір қыз айтып еді» депті баласы. Шал сол қызды қырық жетіні матап беріп, жаман баласына әйелдікке айттырып, алып беріпті. Бір күні Қайыр шал: «Балам, мен болсам қартайдым, төрімнен көрім жуық. Мына керуендерге ілесіп екі түйемен осы сапарға барып кел», – депті.

         Жаңа түскен келін:

         — Ата, көп жүріп түйенің тұяғы түсетін жер екен, осы жолға өзіңіз бару жөн екен, – депті.

         — Балам, олай болса өзім-ақ барайын, – деп шал азық-түлігін алып керуеншілермен жол жүріп кете барыпты. Жолшыбай шалдың түйелері ақсап, жолдастарынан кейін қалып қырық ұры кездесіп тонап өлтірмекші болғанда шал былай дейді:

         — Балалар, сендерге мал керек пе, болмаса менің бір қасық қаным керек пе? Ұрылар «мал керек» депті. Бір-екі жігіт «малыңды ата» депті. Сонда шалдың айтқан малы: алпыс қарабас атан, алпыс сары бас атаным бар, соны берсін, оң жақ босағада қара қайрағым бар, жаныса жанысын – соны берсін. Бірі кілтті, бірі кілтсіз сандығым бар, соның кілттісін берсін. Есіктің алдында екі бәйтерек бар, біреуін кесіп, біреуін тұжырып берсін! – депті шал ұрыларға. — Осыны келін мен балама айт, – депті.

         Екі жігіт келе жатып: «Біз баласы мен келініне не дейміз? Біз әкеңді тонап, малға келдік десек, онда бізді жібермей қояды. Сондықтан, бір дәлел айту керек», – дейді. Сонда біреуі: «Мен дәлел таптым, сенің Кенжекей деген сұлу қарындасыңды саған тоқалдыққа әкең айттырып, соған малға келдік» дейік. «Қандай мал?» – десе әкесінің малын айтайық депті. Екі ұры келе жатып шалдың баласына жолығыпты. Жылқы бағып жүр екен, амандасып тұрғаннан соң ұрылар: «Кімнің баласысың?» – деп сұрапты. Бала «Қайыр деген шалдың баласымын» депті. Ұрылар: «Күйеу екенсің ғой» – дейді. «Күйеуің не?» – дейді бала. Ұрының біреуі: «Сенің әкең мына жігіттің Кенжекей деген сұлу қарындасын саған тоқалдыққа айттырып, соған құда түсе малға келдік. Мына жігіт сенің туған қайынағаң болады», – депті. Бала екі ұрыны алып келіп, келіншегіне:

         — Қатын, кілемді төсе, көрпе сал, құймақты құй, – дейді.

         Әйелі Саметті далаға шақырады, шықса екі ұры тұр екен. Сақыпжамал:

         — Мына келіп тұрған кісің кім? – деп сұрайды.

         — Бұл кісілер менің қайынағаларым, мына жігіттің Кенжекей деген сұлу қарындасын әкем маған тоқалдыққа айттырып, соған құда түсе және малға келіпті, – дейді. Сонда келін: «Қандай мал екен атамның бергені?» – деп сұрапты. Сонда Самет алпыс қарабас, алпыс сарыбас атаным бар, соны берсін, – депті. Бізде алпыс сарыбас, алпыс қарабас атан қашан бар еді? Бірі кілтті сандық, бірі кілтсіз сандық бар, соның кілттісін берсін, – депті. Бізде ондай сандық қашан бар еді? Оң жақ босағада қара қайрағым бар, жаныса  – жанысын соны берсін, – депті. Ондай зат қашан бар еді? Есіктің алдында екі бәйтерек бар, бірін кесіп, бірін тұжырып берсін, – депті. Кәне екі бәйтерек бар ма? – депті. Әкемнің осы айтқан малының біреуі де жоқ қой, – депті. Келін баланы далаға шығарып, «үш жылғы ту биені сой да, ел-жұртыңды жинай ғой» депті. Бала үш жылғы ту биені сояды. Ел-жұртын жинайды, етті жейді. Қымызды ішеді, екі жігіт «мал әкетеміз» деп отыра береді. Келін бір құрдасына:

         — Менің мына ақсақалдарға айтатын бір-екі ауыз сөзім бар, соған рұқсат па екен, сұра! – депті, Ақсақалдар рұқсат депті. Сонда келін: «Менің атамның айтқаны мынау: атам екі ай жол жүріп, оны көп ұрылар тонаған екен, азық-түлігін алып, өзін өлтіретін болған соң ұрыларға айтқан малы: алпыс қарабас атаным бар, соны берсін дегені – алпыс ақсақал, алпыс жігіт келсін дегені. Екінші – бірі кілтті сандық бар, бірі кілтсіз сандық бар, соның кілттісін берсін дегені – мені келсін дегені. Үшінші – оң жақ босағада қара кайрағым бар, соны берсін дегені – Жапсар балам бар, сол балам келсін дегені. Төртінші – есіктің алдында екі бәйтерек бар, бірін кесіп, бірін тұжырып берсін дегені – осы отырған екі ұрының бірін өлтіріп, бірін маған бастап алып келсін дегені, – депті данышпан келін.

         Сол жерде жігіттер екі ұрының біреуін өлтіріп, алпыс шал, алпыс бозбала, келіні, Жапсар баласы барып, данышпан әкесін ұрылардан аман-сау алып қайтыпты.

         Данышпан шалды данышпан келін ажалдан құтқарыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз