Өлең, жыр, ақындар

«National Geographic Қазақстан» журналының қазақ тіліндегі алғашқы саны жарыққа шықты

Әйгілі «National Geographic» журналының қазақ тіліндегі алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл елімізде мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылым болып табылады,- деп жазады inform.kz

«Журналдың бірінші беті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармашылық ұжымға жолдаған арнайы құттықтау хатымен ашылған. Онда Елбасы: «Мен әлемге әйгілі басылымның Қазақ жерінде, қазақ тілінде жарық көруін ана тіліміздің халықаралық деңгейдегі тағы бір жетістігі деп бағалаймын», - деп атап өтеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ұлы даладағы айшықты табиғат пен шежірелі тарихты, кең байтақ Қазақстанның туристік әлеуетін дәйекті деректермен баяндап, әлем жұртына жан-жақты насихаттау - еңселі елдіктің белгісі екенін айтады», - делінген баспасөз баянында.

 Басылым алғашқы санынан-ақ Қазақстандағы өзекті экологиялық проблемаларға назар аударып отыр. «Арал тағдыры - адам тағдыры» деп аталатын мақалада ғаламшарымыздың ең үлкен су қоймасы, Орталық Азияның маңызды стратегиялық нысаны - Арал теңізінің бүгінгі жай-күйі баяндалған.

«National Geographic Қазақстан» журналының негізгі мақсаты -экологиялық мәселелермен қатар, еліміздің қайталанбас сұлу табиғатын, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінің алуандығын насихаттау. Сондай-ақ, қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне ақпараттық қолдау көрсету. Осы мақсатта журнал ұжымы биыл еліміз бойынша бірқатар зерттеу экспедициялары мен фотокөрмелер ұйымдастырмақ.

«National Geographic» журналының тарихы сонау 1888 жылдан басталады. Қазір әлемнің 38 тілінде 80-нен астам елге таралады. Бір қуанарлығы, ол Орталық Азия аймағында бірінші болып Қазақстанда жарық көріп отыр.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Дастан

Жақсы жаңалық

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар