БҰЛ – АҚТӨБЕ ӨҢIРIНДЕ БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН ЖАҒДАЙ
Ақтөбе қалалық бiлiм бөлiмi бiрнеше мектеп директоры, балабақша меңгерушiсi мен мектептен тыс бiлiм беретiн мекеме басшыларына конкурс жариялады. Себеп 7 қыркүйек күнi Ақтөбедегi №24, 25, 28, 32, 38, 42, 46, 51, Қызылжар, Благодарный орта мектеп директорлары зейнеткерлiкке шығуға арыз жазған. Дәл осы күнi №17 мектептiң зейнеткер емес директоры отбасылық жағдайына байланысты, №9 мектеп-гимназия директоры тұрғылықты мекенжайын ауыстыруына байланысты қызметтен бас тартқан. “Ұрпақ” пен ашылғанына бiр ай да толмаған “Жарқын бала” МДҰ балабақша меңгерушiсi, қалалық оқушылар сарайының директоры, Қазанғап атындағы өнер мектебi, Жас ұшқыштар мектебi директоры бiр күнде басшылықтан бас тартқан. Оқу жылы ендi басталып, сабақ кестесi жаңа реттеле бастағанда, 14 директордың бiр күнде, бiр сағатта орындарын тастай қашқаны – Ақтөбеде бұрын-соңды болып көрмеген жағдай. Бiлiм басшыларының жаппай қызметтен кетуiнiң себебi неде?
18 тамызда Ақтөбе қалалық №2 сотында бiлiм саласын бақылау департаментiнiң экс-бастығы Әкiмгерей Көшербаевқа қатысты қылмыстық-iс бойынша сот басталды. 49 жастағы экс-шенеунiктi 3 мектептiң аттестациядан өтуi үшiн 1 миллион 500 мың теңге көлемiнде пара алды деген күдiкпен үстiмiздегi жылдың 17 наурызында Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлерi құрықтады. Тағылған айып: “ Ол әйелi – Қурайлы ауылындағы Елек орта мектебiнiң директоры Сандуғаш Сырбаева және басқалар арқылы мектептердiң аттестациядан өтуi үшiн 1 миллион 500 мың теңге көлемiнде пара алған”.
Облыстағы 435 жалпы бiлiм беретiн мектептiң бiлiм сапасын қадағалаушы лауазымды тұлғасының үстiнен 3 мектеп директоры мiндетiн орындаушы арыз түсiрген. Iстi Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро бөлiмшесiнiң тергеушiлерi – Нұрлан Жекеев пен Арыстан Мұхамбетжанов жүргiзiп, сотқа жеткiздi. Iс бойынша Әкiмгерей Көшербаев Ақтөбе қаласындағы №18, Шалқар ауданындағы №44, Қарғалы ауданындағы Қосестек орта мектептерiнiң аттестациядан өтуi үшiн пара алған.
БҒМ 2012 жылдан бастап бiлiм мекемелерiн аттестациядан өткiзудi қолға алған. Қазақстан тарихы бойынша 4,9,11-сынып оқушыларына тест жүргiзiледi. Мектептермен қоса балабақша, мектептен тыс қосымша бiлiм беретiн ұйымдар жұмысы да тексерiледi. 2016 жылдың басында Ақтөбе қаласындағы №18,5, 17,19 орта мектептердiң 11-сынып оқушылары төмен балл алғандықтан, осы оқу орындары сынақтан өте алмады.
Тамыздың басында абақтыдан үйiне шығарылған Әкiмгерей Көшербаевтың iсi iрi көлемде пара алғаннан “алаяқтық” бабына ауыстырылды. Қылмыстық iс үш мектеп басшысының арызы негiзiнде қозғалды. Шалқар ауданындағы Қауылжыр бастауыш мектебi директоры мiндетiн атқарушы Ботагөз Әбдiғалиева пара беру жолдарын жасырмай жайып салды. Әбдiғалиева параны тiкелей Көшербаевқа ұстатпаған, 150 мың теңгенi облыстағы бiлiм саласына қатысты басқа адамдарға берген. 2015 жылдың 6-9 қазанында Қауылжыр бастауыш мектебiнде жоспарлы тексерiс өтетiнi туралы аудандық бiлiм бөлiмiнен хат түскенде, Әбдiғалиеваға туған шешесi көмек сұрап, Әйтеке би аудандық бiлiм бөлiмiнiң қызметкерi Раиса Игiбаеваға хабарласқан. Сәлден соң Раиса Игiбаеваның өзi шығып, аттестациядан сәттi өту үшiн департамент директоры 200 мың теңге сұрағанын жеткiзген. Ботагөз Әбдiғалиева 150 мың теңгесiмен Ақтөбеге келiп, Раиса Игiбаеваға қоңырау шалып, Игiбаева СМС арқылы Лидия Шайғазықызы Оралбаеваның ұялы телефонын жазып жiбередi. Сол жерде қаладағы сауда орталықтарының бiрiнде Ботагөз директор Лида апайының қолына 150 мың теңге ұстатып, аттестациядан өтуге кепiлдiк алған. Ботагөз Әбдiғалиева ауылына қайтар жолда “Раиса апайдың (Игiбаева) Көшербаевтың үстiнен құқық қорғау мекемесiне арыз жаз деп тапсырма алғанын сотта айтты. Сол жерде Қауылжырдың директоры Раиса апайының айтқанын бұлжытпай орындап, Жемқорлыққа қарсы күрес бюросының жергiлiктi кеңсесiне өз аяғымен келiп, Көшербаевқа пара бердiм деп арыз қалдырған.
Тергеу материалдарында 2015 жылдың 12 қазанында 150 мың теңге берiлдi деп тiркелсе де, сотта Жемқорлыққа қарсы қызметтiң тергеушiлерi – Н.Жекеев пен А.Мұхамбетжанов Ә.Көшербаевтың Б.Әбдiғалиевадан тiкелей пара алып жатқанын көрсететiн бейне, дыбыс жазбаларын дәлел ете алмады.
Ә.Көшербаевтың пара алғаны туралы арыз жазғандардың бiрi –Қарғалы ауданы Қосестек орта мектебiнiң оқу iсi жөнiндегi орынбасары. 2016 жылдың қаңтарында Қосестек орта мектебi аттестациядан өтетiнi белгiлi болғанда, мектептiң оқу iсi жөнiндегi орынбасары Еңсепова дегеннен 500 мың теңге қажет екенiн бiледi. Аяқ астынан бұл орынбасар 500 мың теңгенi жинай қояды (сотта мектеп басшылары ақшаны өзiмiз жинадық деп, мұғалiмдерiне шаң жуытпайды). 17 қаңтарда Ақтөбедегi темiр жол вокзалының жанында Қосестек мектебiнiң орынбасары Еңсеповаға әлгi соманы ұстатқан. Тергеу iсiнде Еңсепованың 500 мыңды бiлiм саласын бақылау департаментiнiң орынбасары – Мұхамбеталлинаға бергенi жазылған. Әкiмгерей Көшербаевтың қарамағындағы қызметкерi ақшаны алғасын Раиса Игiбаеваға қоңырау шалған. Еңсепова кiм, оның аттестациялауға қандай қатысы бар? Игiбаева 500 мыңның 50 мыңын өзi алып, қалған 450 мыңын баласына Лидия Оралбаеваға апарып бер деп тапсырып, қаладан кетiп қалады. Еңсеповаға 500 мың ұстатқан Қосестектiң оқу iсi жөнiндегi орынбасары Қауылжыр директорының iсiн қайталап, үйiне қайтпас бұрын Жемқорлыққа қарсы күрес бюросына Көшербаевты пара алды деп арыз қалдырып кетедi.
Әйтеке би ауданы бiлiм бөлiмiнiң қызметкерi Раиса Игiбаева, бiлiм қызметкерлерiнiң қалалық кәсiподағы басшысы Лидия Шайғазықызы Оралбаеваның есiмдерi ыңғайсыз жағдайда сотта аталуда. Мектеп басшылары мен орынбасарлар бiлiм саласына тiкелей қатысты осы тұлғаларға ақша берiп келгендiгiн айтып, сотта куәлiк еттi. Аттестациядан өту бағасы да әртүрлi: бала саны өте аз ықшам мектептерге 200 мың теңге, орта мектептерге 500 мың теңге.
Қалалық бiлiм бөлiмiнiң осы жылдың наурызындағы дерегiне қарағанда, 2016 жылы Ақтөбедегi 15 бiлiм орындарын жоспарлы тексерiстен өткiзу жоспарланған. № 18, 5, 17, 19 мектептер аттестациядан өте алмады. Себебi, 11 сыныптағылар өте төмен балл көрсеткен. Мектеп ұжымы балалардың бiлiмiн көтеру жолдарын iздеудiң орнына осындай лас тiрлiктерге барған. Сөйтiп, Ақтөбе облысының бiлiм саласы сыбайлас жемқорлықтың нағыз ұясына айналған. Егерде, Жемқорлыққа қарсы күрес бюросының тергеушiлерi бiлiм бақылау департаментiнiң бастығы Әкiмгерей Көшербаевтың пара алғанына дәлелдер келтiре алмаса, онда соншама ақша кiмнiң қалтасына түскен? Егер Көшербаев қандайда бiр ойындардың құрбаны болса, онда оған тапсырыс берушi кiм? Осы жағы әлi күнге дейiн жұмбақ. Сот әлi жалғасып жатыр. Байқауымызша, мектеп директорларының орындарын тастай қашқан дүрбелеңi мен Көшербаевтың соты арасындай әлдебiр байланыс бар секiлдi.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жадыра
Сыбайлас жемқорлыққа Қазақстанның барлық білім бөлімдері батып отырғанына титтей-де күмәнім жоқ!
Салықтөлеуші
Білім деген нәрсе қасиетті дүние гой, сондықтан ең болмағанда бұл салада жемқорлық дегенің еш болмауы керек! Қазір балабақша, мектеп, жоғарғы оқу орындарында жемқорлық толып жатыр. Бұл өз кезегінде білімі жоқ/нашар/сапасыз/пайдасы жоқ, жемқор ұрпақ өсуіне себеп болады. Олай болса болашағымыздың да сапасы төмен болады, болашақты қояберейік бүгіннің өзі де сапасыз болып қалабермек!
Жансерік
"14 директордың бiр күнде, бiр сағатта орындарын тастай қашқан" масқара!
Байтұрсын
Барлық білім беру ордаларында жақсы айлық, сапалы білім, жақсы тəрбие болып, ешқандай жемқорлық болмаса. Қандай керемет болар еді. 25 жылда мектептің саны көп əрі сапалы болар еді. Түлектердің ішінде сапалысы көп болар еді... Еді, едісі көп қой. Əрі де кеш емес. Ойлану керек. Ұрлық, жемқорлық, өзенің нанын жеуді доғару керек
Мариям
14 директордын "кашкан" еш нарсеси жок. Барлыгы да оз кызметин жаксы аткарып келген азаматтар. Кету себептери макалада айтылган - зейнеткерлик жаска жеткен. Осы гана себеп болмаса, олардын барлыгы да жумысын жасай беретин еди
Алима
Қазіргі БАҚ құралдарының журналистері де анық-қанығына жетіп алмай, сенсация іздеп,халыққа жалған ақпаратты тарататын заман екені бәрімізге мәлім. Жоғарыдағы 14 мектеп директоры жұмысынан "қашты" деген сөз намысымызға тиіп отыр. 2016 оқу жылының аяғында Ақтөбе қаласының ҚББ пенсияға шыққан директорларға келісім шарт бұзылатындығы туралы ескерту беріп, еңбек демалысынан кейін бұйрықпен қызметтерінен босатты. Көшербаевке ешқандай қатысы жоқ адамдар, Ал осы статьямен таза адамдарға күйе жаққан журналисті сотқа беруге дайынбыз!
Мариям
Мен жана оз ойымды жазганмын. Модератор, неге шыккан жатыр
Мариямға
Онда ол 14 директор неліктен бір күнді, бір уақытты таңдаған?
Арнұр
Жел тұрмаса шөптің басы қимылдайды.
Мариям
14 директорга бир уакытта уведомление-ескерту жане буйрыкпен кызметтен босатылу туралы берилди деп жазылган жокпа.
Жайна
Өсек
Жайна
Білім саласында былық жетерлік.Жемқорлық өз алдына.
Жанна
Не болса да жастарға орын босатты емес пе. Рахмет ))
Арман
Жанна, дұрыс айтасыз ))
аноним
Айран ішкен құтылып, кесе жалаған тұтылып болып отыр.Лаззат Оразбаева неге құтылып кетеді? неге осы еңбек пəнінің мұғалімін тексермеске? туған күні мен мереке сайын мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері Оразбаеваны сыйлыққа батырады. балаға жолдама беру үшін Оразбаеваға қомақты сома бердік дегендерді де естіп жүрміз. органдар қайда қарап отыр? əлде бұл ханымның "крышасы" мықты ма?