Өлең, жыр, ақындар

Білім министрлігі «Жас Алаштың» хатына жауап берді

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай мен «Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті Алматыда өткізілетін басқосуға шақыру хатын жіберген болатын.  

22 қазан күніне жоспарланған бұл жиында республикамыздың мектептерінде оқытудың үш тілде жүргізілу мәселесі талқыланбақ.

Білім министрлігі хатқа жауапты Фейсбуктегі парақшасы арқылы жауап берді.

«Құрметті Рысбек Сәрсенбайұлы, Жанболат Мамай!

Ең алдымен, Алматыда ұйымдастырып жатқан жиындарыңызға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті шақырған хатыңыздың назарсыз қалмағанын жеткізгіміз келеді.

Бүгіндері біздің тәуелсіз елімізде қазақ тілін - мемлекеттік тілді дамыту мәселесі кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Сіздердің тараптарыңыздан осы бағытта үнемі көтеріліп жүрген мәселелер жайында хабардармыз. Білім саласының жағдайына байланысты өз көзқарастарыңызды білдіріп, ашық және жариялы түрде алаңдаушылық білдіргеніңіз - құптарлық жайт деп білеміз. Дегенмен, мемлекет атынан білім және ғылым саласын дамыту міндеті жүктелген министрлік ретінде сіздердің келтіріп жүрген кейбір дәйексіз пікірлеріңізбен келісе алмаймыз.

Сондықтан да, ҚР Білім және ғылым министрлігінің сіздермен пікір алмасып, бүгінгі күні білім саласында өткізіліп жатқан реформа мен оның аясында енгізіліп жатқан көптеген жаңашыл үдерістер жөнінде толыққанды ақпарат беріп, міндет-мақсаттарын түсіндіруге мүдделі. 
Осы тұста тағы бір айта кетерлік жайт бар. 22 қазан күні ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қызметтік күнтізбесінде бірқатар мемлекеттік маңызы бар іс-шараға қатысу міндеті жоспарланып қойылған. Олардың бәрі де Астана қаласында өтетіндіктен, белгіленген күні министрдің Алматыдағы кездесуге қатысу мүмкіндігі болмайтынына түсіністікпен қарайсыздар, деп үміттенеміз.

Есесіне, әріптестеріңізбен бірге талқылап, бір шешімге келер деген оймен, министрлік тарапынан сіздерге екі ұсыныс жасалады:

1. Сіздер қарсы болмасаңыздар, Алматыда өтетін шараға мемлекеттің білім саласын дамыту саясатын қолдап, реформаларды іске асыруға белсене атсалысып жүрген бір топ мамандар, лауазым иелері және азаматтық қоғам өкілдері қатысуға дайын.

2. 26 қазан күні Астанада білім ұйымдарында қазақ тілін оқыту, оның қолдану аясын барынша кеңейту арқылы мемлекеттік тілді дамыту мәселелері талқыланатын дөңгелек үстел отырысы өткізілмек. Сіздерді осы іс-шараға қатысуға шақырамыз.

ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев сіздермен аталған басқосу аясында кездесуге дайын екендігін жеткіземіз.

Құрметпен, Ә. Әлібекова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы», - деп жазылған парақшада.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Ернұр

Бұл да жаман емес)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар