Темекі. Маңызы, өсірілетін аймағы, сорттары
Бағалы техникалық дақылдардың бірі — темекі. Ол негізінен шылым дайындауға және медицинада пайдаланылады. Темекінің құрғақ жапырағының құрамында 1,09-3,76% никотин, 17,1-18,9% күл, 4,9-17,6% көмірсутегі, 2,2-3,7% азот, 0,1-1,37% эфир майы және 4-7% шайыр бар. Темекі негізінен Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданында өсіріледі. Сонымен қатар «Филипп-Морис Казахстан» темекі компаниясының Қазақстанға келуіне байланысты, темекіні өсіру аудандары кеңейтілді. Атап айтсақ, Алматы облысының Талғар, Жамбыл аудандарында жаңадан, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында өсіріле бастады. Темекі шикізатының орташа өнімділігі — 20,4 ц/га. Аталған аймақтарда 2006 жылы темекінің Дюбек-44-07, Дюбек-13, Талгарский-25, Талгарский-28 сорттары аудандастырылды. Сыртқы ортаға қойылатын талаптар. Темекі -жылу сүйгіш бір жылдың техникалық дақыл. Оның тұқымының көктеп шығуы үшін 27-28 °С, ал көшеттің өсіп-дамуына 18-22 °С жылу керек. Танапқа көшіріліп отырғызылғаннан кейін темекі көшетінің сабағы мен жапырағының өсуіне қолайлы температура 24-28 °С шамасында. Егер температура 35 °С-тан асып кетсе, онда өсімдік өсуін тоқтатады. Темекіге -1-3°С суық қауіпті. Суды көп пайдаланатын кезеңі — жапырақтары толық шыққан мезгіл. Осы кезеңде судың кем, не артық болуы өте зиянды. Темекінің транспирациялық коэффициенті — 500-600. Темекі қоректік заттарды көп мөлшерде қажет етеді. Ол бір гектар жерде 15 центнер жапырақ құрау үшін топырақтан 90 кг азот, 24 кг фосфор және 58 кг калийді сіңіріп алады.
Құрылымды, техникалық дақыл түріне жатады, жеңіл топырақтарда жақсы өседі. Республикада сұр топырақты жерлерде өсіріледі. Алғы дақыл. Темекі — көшет арқылы өсірілетін дақыл. Сондықтан сапалы көшет өсіру — темекі шаруашылығындағы жауапты жұмыстың бірі. Қазіргі кезде шаруашылықтарда көшетті жылыжайларда өсіреді. Темекінің жақсы алғы даңылы — дәнді дақылдар, жоңышқа құйқасы, дәнді бұршақты дақылдар. Осыған орай Алматы облысында қолданылатын ауыспалы егіс нобайы төмендегідей:
1. Дәнді дақылдар + жоңышқа.
2. Жоңышқа.
3. Жоңышқа.
4. Дәнді масақты даңылдар.
5. Темекі.
6. Темекі.
7. Сүрлемдік жүгері.
8. Темекі.
Тыңайту және топырақ өңдеу
Топырағындағы фосфор жеткіліксіз шаруашылықтарда күзде жер жырту алдында әр гектарға 3,5-4 центнер аммофос және 1,5 центнер күкірт қышқылды калий тұзын берген жөн. Топырақ өңдеу жерді жырту алдындағы суарудан және жерді терең етіп жыртудан тұрады. Жер жырту тереңдігі -22-25 см. Көктемде ылғал жабу үшін танапты тырмалайды. Арамшөптер шыққаннан соң көшет отырғызғанша танапты тағы бір рет тырмалау, ал көшет отырғызуға 5-7 күн қалғанда қопсыту жүргізіледі. Техникалық дақылды көшетті танапқа отырғызу. Танапқа көшетті отырғызудың қолайлы мерзімі — мамыр айының 2-3-он-күндігі. Темекі көшетін танапқа отырғызуға дейін Трефлан 24 к.ә. (4-8,0 кг/га) бүркеді.
Талгарский-28 сортының көшетін 70×25 см сызбасы бойынша әр гектарға 50-55 мың түп отырғызады. Дюбек сортының көшетін төрт, не алты қатарлы СКНБ машинасымен 70×14 см немесе сызба бойынша бір гектарға 80-100 мың өсімдік отырғызады. Жылыжайда өсіргенде темекі тұқымының себу мөлшері бір шаршы метр жерге 0,4-0,7 грамм, ал 1 гектарға отырғызу үшін 40-60 м2 көшет қажет. Егістікті күтіп-баптауға арамшөптерді жою, суару және қатар аралықтарды қопсыту шаралары жатады. Қатараралықты бірінші өңдеу КРН-4,2 немесе ФПУ-4,2 қопсытқыштарымен алғашқы суарудан кейін, яғни көшеттерді отырғызғаннан соң 7-12 күннен кейін жүргізіледі. Егер темекі танабында сұңғыла арамшөбі байқалса, онда көшет отырғызғаннан кейін 20 күннен соң Орбан 1 пайыздық в.к. (0,5 кг/га) бүркіледі. Республикада темекі тек қана суармалы егістікте өсіріледі. Суару жүйекпен, немесе ДДН-70 жаңбырлатқыш агрегаты арқылы жүзеге асырылады.
Темекі шаруашылығындағы ең қиын кезең — оны жинау, өйткені, барлық жұмсалатын шығынның 60-70 пайызы осы операцияны орындауға жұмсалады. Темекі жапырағының пісуі бір мезгілде жүрмейді, ең алдымен темекінің ең төменгі жапырақтары, содан кейін ортаңғылары, соңынан жоғары жапырақтары піседі. Темекі жапырақтарын қолмен жинайды. 1,5-2 ай мөлшерінде 5-10 ретке дейін жиналады. Бір жинағанда, әрбір өсімдіктен 3-7 жапырақ сындырылады. Жиналған жапырақтар топтастырылып, кептірілуге арналған сарайға жіберіледі. Ол жерде жапырақтарды сорттап, ұзындығы 5-6 м жіпке түйреп кептіреді. Темекі жинаудың ең ауыр процесі — жапырақтарды жіпке тізіп кептіру. Оны негізінен қолмен істейді, сонымен қатар ТПМ 69М машинасымен жүзеге асырады. Алайда, кейінгі кезде жапырақты жіпке тізбей, арнаулы контейнерлерге салып кептіру қолданылып жүр.
Темекі жапырағын кептіруді екі сатыға бөледі: көлеңкеде (томление) және күннің көзінде ұстау. Көлеңкеде кептіру арнайы сарайда жүргізіледі. Ол кезде ауа температурасы 25-30°С болады, өсімдік дем алады және ылғал жоғалтады. Жапырақ ұлпасында ақуыздар ажырайды, крахмал қантқа айналады. Жапырақ құрамындағы никотин азайып, ароматты заттар көбейеді. Көлеңкеде кептірген кезде жапырақ сарғыш тартып, сапасы жақсарады. Көлеңкеде кептіру 3-4 күнге созылады. Одан кейін темекі жапырағын күннің көзіне 15-20 күн кептіреді. Кептірілген жапырақтарды сорттап, байлап, дайындау пунктіне өткізеді. Тауар шикізатының ылғалдылығы 19%-дан аспау керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі