Баласы 1-сыныпта оқитын Салтанат Тәжиева бейнежазба арқылы даярлық тобына арналған «Қоршаған ортамен таныстыру, экология негіздері» оқулығы мен 1-сынып оқушыларына арналған «Жаратылыстану» оқу құралының мазмұнына қатысты сын-ескертпелерін жолдаған болатын.
Осыған орай оқулық авторлары Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің тапсыруымен ресми жауап дайындады. Ресми жауап аталған ведомствоның Фейсбуктегі ресми парақшасында жария етілді.
Бейнежазбадағы сауалдарға жауап берген бастауыш сынып мұғалімі және оқу бағдарламасын жасаушы Байтенова Қаламқас Қадырбекқызының айтуынша, бүгінгі таңда балаларды оқу мен жазуға ғана емес, сонымен қатар мектепте алған теориялық білімін іс жүзінде пайдалана білуге де үйрету аса маңызды. Жаңа оқулықтардың көздеген мақсаты да осы. Мәселен, «Жаратылыстану» пәнінде химия, физика, биология сияқты күрделі пәндердің материалдары беріледі. Жаратылыстану бағытындағы жаңа оқулықта осы материалдардың барлығы балаларға түсінікті және қарапайым тілмен баяндалған. Ол үшін оқулықты даярлау ісіне бастауыш сыныптарға сабақ беріп жүрген тәжірибелі мұғалімдер қатыстырылған.
Мәселен, Қаламқас Қадырбекқызының айтуынша, Салтанат Тәжиеваның бейнежазбасындағы «траектория» ұғымының мағынасын кішкентай балаларға түсіндірудің түк те қиындығы жоқ. Мұғалім сабақты бастамай тұрып балалардан «траектория» дегеннің не екенін сұрайды. Содан кейін педагог балалармен бірге эксперимент жасайды: іші толтырылған (ұн немесе құрғақ құрылыс қоспасы салынған) табақшаға ұқсайтын тақтадан ермексаздан жасалған дөңгелек пен ойыншық көлікті қатар жібереді. Осыдан кейін балалардан тақтада не қалғанын сұрайды. Балалар, әлбетте, жазықтықта көліктің де, дөңгелектің де ізі қалғанын айтады. Балаларға осы іздердің заттың қозғалысы кезіндегі траектория екенін түсіндіру мұғалімнің міндеті. Сондай-ақ, эксперимент арқылы балалармен бірге көлбеу жазықтықта екі көліктің қайсысы ұзаққа баратынын білуге болады (Қаламқас Қадырбекқызы мұны оқулықтың көмегімен көрсетеді). Сонымен бірге, оның неге байланысты екенін де түсіндіреді (көліктің салмағы, көлемі, тағы басқа ерекшеліктері).
Осылайша, бастауыш сыныптың балалары күрделі де қызықты түсініктермен таныс болып, жоғары сыныптарға дайындықпен жетеді. Бұл балалардың кішкентай кезінен аса маңызды ғылымдардың терминдерін және ерекшеліктерін білуіне де жол ашады.
Салтанат ханым балалардың портфолиосы да мұғалімдердің көп уақытын алады деген пікірде. Алайда, портфолио керек және оның болуы бала үшін маңызды. Оларды парақтай отырып, ата-ана балаларының жаңа оқу бағдарламасын қаншалықты игеріп жатқанын, жетістіктерін қадағалап отырады.
Барлық оқулықтар мен жұмыс дәптерлерінің салмағы жеңіл және бүгінгі техникалық, гигиеналық талаптарға толығымен сай келеді. Сондықтан да аптасына 5 күндік сабақтарына апаратын оқулықтардың өзі де балаға ешқандай ауырлық та, қиындық та тудырмайды.
Қаламқас Қадырбекқызы барша бастауыш сынып мұғалімдері мен білім беру саласының қызметкерлері атынан оқу процесіне бей-жай қарамайтын, жіті қадағалап отыратын ата-аналарға алғыс білдіреді. Оқушылардың заманына сай сапалы білім алып, ХХІ ғасырдың талаптарына сай келуі үшін бала, ата-ана және ұстаз өзара бірлікте әрекет етуі керек. Сонда ғана ойдағыдай нәтижеге жетуге болады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Төлеген 71
//бастауыш мектебінің ұстазы, оқу бағдарламаларын әзірлеуші Қаламқас Байтенова//- бұл кім сонша, министрлік атынан жауап бере алатындай! Қатардағы қарапайым бір бастауыш-мұғалімінің артына тығылған неғылған министрлік бұл?! Өтірігі әшкереленсе де, бұл мұғалімге түк болмайды ғой! өйткені ол министрлікте істемейтін, қатардағы мұғалім ғой!
ерназар
мұғалімнің қағазбасты болып кеткені рас.
Сабира
Мұғалім қағазбастылықтан қашан құтылады? Оқушының жанынан табылуға асығатын мұғалім, оқушыға ауадай қажет.
Бастауыштар
Барлығына көнетін мұғалім екеніміз рас. Бірақ баланы 5-6 жастан тəрбиелеп,сауатын ашып,адам етіп шығару бастауыштың мұғалімінің міндеті жəне еңбегі. Ал, сол бастауыштың мұғалімдерінің пəн мұғалімдеріне қарағанда неге еңбекақысы төмен мөлшерде,яғни коэффициенті төмен. Сол жағынан жаны ауыратын ешкім жоқ па екен? Əріптестер, үн қатыңыздар!
роза
осы БҒМ-дегілер күйдірді-ау. білгендерін істеді ғой.балалардың миын ашытты. біртіндеп сатылап үйрету керек қой балаға. бұрынғыдай неге табиғаттану пәнін енгізбейді, а?! соның өзін 2кластан бастап өтетін.БҒМ-дегілерді түгел ауыстыру керек қой.