Өлең, жыр, ақындар

Қазақстанда ұстаздардың құқықтық сауатын ашу керек - Майра Амантаева

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген таным сөз осы мамандықты таңдаған әрбір адамды жігерлендіре түсетіні сөзсіз. Бірақ, соңғы уақытта Қазақстандағы ұстаздар бұл сөзді күніне жүз рет естісе де, көп жұмыс, аз жалақы мен моральдық шаршаудан әбден жалыққандай. Оның үстіне, бірінің үстіне бірі қабаттасып жатқан реформалар тағы бар.

«Фейк» пе, әлде, шын адам ба, жуырда ғана әлеуметтік желіні «шулатқан» қазақстандық ұстаз қыздың жазған пікіріне мыңдаған адамның пікір қосып, оның әр сөзімен келісуі - осының дәлелі. Мардымсыз жалақыға таңнан кешке дейін мектепте жүретін ұстаздардың жағдайы бұл «фейк»-сіз де елге белгілі еді.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Амантаева бұл проблемаларды ұстаздардың экономикалық-құқықтық сауатының аздығы тіпті ушықтырып жіберді дейді.

«Біздің қоғамдық бірлестік кеше не бүгін құрыла салған жоқ, 90 жылдық тарихы бар ұйым. Қоғамдық ұйымның 870 мыңнан астам мүшесі бар. Мүшелердің қатарында мектепке дейінгі мекемелердің, мектептен кейінгі, мектептен тыс мекемелердің қызметкерлері бар. Біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «болашаққа кемел біліммен» баратын ұлт болашағын тәрбиелеуге үлесімізді қосып отырмыз. Қоғамдық ұйымның жұмысы еңбек заңымен, ішкі жарғылармен реттелген.  Қазір бір пайыздық мүшелік жарнамен күн көріп отыр. Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» атты Жолдауында ең негізгі үлкен басымдық білім саласына берілген. Өздеріңіз жақсы білесіз, егемендік алғаннан кейін мектепте дейінгі білім  беретін мекемелердің жағдайы тым құлдырап, азайып кеткен. Жаңа кәсіпорындар жойылып кеткеннен кейін, қиын жағдайға ұшырады. Ал, мектептен тыс мекемелердің көбісі сатылып кетті. Бұл үлкен «үзілістің» орнын толтыру үшін қазір балабақшалардың саны  үкімет тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көбейіп жатыр. Бірақ, менің ойымша,  кәсіп ашып, балаларды балабақшамен қамтуға жанашыр адамдар ғана бел буа алады. Өйткені, бұл табыс беретін бизнестің түрі емес»,-деді сөз басында бірлестік төрайымы.

- Майра Тұрғанқызы, ал, Қазақстанда ауыл мен қала арасындағы білімнің айырмашылығы әлі білінеді. Өйткені, әлі компьютер мен интернетке қосылмаған ауыл мектептері қаншама?! Бұған қатысты не айтар едіңіз?

- Ауыл мен қаланың арасындағы білімнің алшақтығын әрине жою керек. Бірақ, бұл бірден жойыла қоймайды, ол үлкен процесс. Біздің егемендік алғанымызға 25 жыл болды, сондықтан, білім саласы үздіктер қатарына қосыла қояды деп айтуға әлі ерте. Ауыл мен қаланың арасындағы алшақтықты азайтуға үлкен мән беріліп отыр. Мектепте қандай сапалы білім алса, ол бала әрі қарай жетіле алады. Ал егер, мектепте тәрбиесі мен білімі таяз болса, криминалды ортаны толтырады. Сондықтан, кез келген «тұлғаның»  осы мектепте алған білімі - оның фундаменті деуге болады.

- Бірақ, сол «тұлғаларға» сабақ беретін жоғары білімді мамандардың қазір ауылға бара қоятындай ниеті бар деп те айта алмаймыз ғой?

- Дұрыс. Білім берудегі негізгі күш осы мұғалімдерге түседі.  Мұғалім сапалы білім беру үшін оның әлеуметтік-экономикалық құқықтық жағдайы дұрыс болу керек. Менің ойымша, қазір біздің ұстаздарымыздың әлеуметтік-құқықтық жағдайы көңіл толтыратын жағдайда емес. Еңбекақысы аз, жұмысы көп. Сондықтан, әрине, көп адам бұл мамандыққа бармайды. Бірақ, қазір педагогикалық мамандықтардың грант санын арттыру арқылы  жас мамандарды жұмысқа тарту саясаты жүріп жатыр. Білім беруі оның еңбекақысына байланысты, еңбекақысы жақсы болса, құлшынысы көп болады. Түптеп келгенде, мұғалімдердің арасында бәсекелестік туады.

- Сіз басқарып отырған қоғамдық бірлестік кез келген ұстаздың құқығын қорғай алады деп айтқан едіңіз. Мысал ретінде, 2016 жылы неше мұғалімнің жұмысын сақтап, жалақысының дұрыс төленуіне ықпал еттіңіздер?

- Жалпы, біздің бірлестіктің аппараты кіп-кішкене, сол аз ұжым миллионға жуық адамның жұмыс реттеп отыр. Мысалы, 2016 жылы еліміз бойынша мұғалімдерге, яғни, олардың тікелей ұстаздық қызметіне қатысы 3000-нан астам заң бұзу фактілері тіркелді. Олардың арасында 450-500 ұстаздың еңбекақысы дұрыс есептелмеген екен. Еңбек қатынастарын реттеуде мыңнан аса ұстаздан арыз түсті. Заңсыз түрде жұмысынан айырылған 35 адамды жұмысқа қайта орналастырдық. 14 адам сот арқылы жұмысқа келді. Жұмысынан шығып қаламын деп қорыққан 160 мұғалімнің жағдайымен танысып, олардың құқығын қорғады. Білім беру саласында теріс бағытқа бөлініп кете жаздаған  120 млн теңге қаражатты өз «иелеріне» қайтардық. Бірлестігімізге 1700 жазбаша хат келді. Соның ішінде, 13 мың адамға консультация бердік. Бірлестіктің аймақ-аймақтағы бөлімшелері 5 мыңнан астам ұстазды қабылдап, әртүрлі семинарлар өткізді.

- Сонда бұншама арыздың негізгі мазмұны қандай?

- Көп арыздың негізгі мазмұны - еңбекақының дұрыс төленбеуі және заңды еңбек демалысының дұрыс берілмеуі. Жалпы, арыздардың мұнша көп болуы ұстаздардың әлеуметтік-құқықтық сауатының аздығында. Тіпті, директорлардың өзінде мұндай кемшілік бар. Мысалы, белгілі бір мектептің директоры жұмысына адал, мықты маман дейік. Бірақ, бір ұстазды жұмысқа қабылдарда немесе жұмыстан шығарарда, құқықтық актілерді білмегендіктен, заң бұзып алады. Еңбекақысын дұрыс есептемеді делік.  Сондықтан, ұстаздардың экономикалық-құқықтық сауатын ашу керек.

- Әңгімеңізге рақмет! 

Автор: ҚазАқпарат, Кенжекей Тоқтамұратқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар