Өлең, жыр, ақындар

Бізге шетелден кибер-шабуыл жасалды - Білім министрлігі

Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, журналистердің сұрағына жауап берген Білім жəне ғылым вице-министрі Эльмира Сухбанбердиева ведомствоның сайтына шетелден DDOS шабуылы жасалғанын мəлім етті.

«Өткен сенбіден жексенбіге қараған түні Білім жəне ғылым министрлігінің сайтына DDOS шабуылы жасалды. Сайт жұмысы келесі күні қалпына келтірілді. Алдын ала мəлімет бойынша, шабуыл шетелдік серверден жасалған. Осы кибершабуыл ақпарат құралдары мен желілерде жалған ақпарат таратумен қатар келіп отыр. Бұл - білім жəне ғылым салаларын дамыту бағдарламасының беделін түсіруге бағытталған қадам», - дейді вице-министр.

Қазір министрлік құзыретті органдарға шаралар қолдану үшін жүгінген. Ал, вице-министрдің айтып отырған жалған ақпараты - «2009 жылы қабылданған мамандықтар классификаторы өзгерді» деген ақпарат.

«Білім және ғылым министрлігі Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін қажетті шараларды қолға алып жатыр. Алайда соңғы күндері ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату және арандату фактілері болғанын білесіздер. Бұл білім және ғылым салаларын дамыту бағдарламасының беделін түсіруге бағытталған қадам. Министр өз пікірін айтып, жариялағанын білесіздер. 2009 жылы қабылданған мамандықтар классификаторы өзгерген жоқ. Қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, лингвистика, шығыстану мамандықтары да өз орнында. Ештеңе өзгерген жоқ, өзгермейді де. Болашақта жаңа классификатор дайындалған жағдайда да аталған мамандықтардың орны сақталатыны туралы ресми түрде мәлімдегім келеді», - деді вице-министр.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар