Бүгінгі күні нарықта етке деген сұраныс қызып тұрған уақытта қой өсірудің экономикалық тиімділігі басқа мал шаруашылығына қарағанда әлдеқайда жоғары. Өйткені, еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде жыл бойы жайылымда болатын қой шаруашылығын дамыту арзан өнім алудың табыс көзі. Қой шаруашылығының тиімділігі қойдың өсімталдығы және табиғаттың қатаң жағдайларына төзімділігі, қуаң жерлердің жұтаң жайылымында да өзіне қажет корек таба алатыны. Қой малының артықшылығын толық игеру үшін замана талабына қарай нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алатын сапалы жүн және ет беретін өнімділігі жоғары қой тұқымын өсіру тиімді.
Бүгінгі қой өнімінің ішінде, негізінен, одан алынатын қозы еті бағаланып отырған заманда, шаруашылық иелері жалпы өсіп-жетілуі мен еттілік өнімдері жоғары, ортаның өзгеру жағдайларына бейімделгіш және көнбіс, әрі жылдам өнім беретін тұқым өсіруге көп пейіл танытуда. Шаруалар тарапынан туындаған осындай сұранысты толық қамти аламыз ба деген сауалға ұсыныс та дайын. Бұл 2011 жылы мемлекеттік селекциялық жетістіктер реестрінде тіркелген биязы жүнді қойдың етті бағыттағы жаңа тұқымы «Етті меринос».
Тарих қойнауына үңілсек, басым көпшілігі шөл және шөлейт аймақтарда орналасқан табиғи жайылымдарда бабаларымыз қатаң табиғи жағдайларға бейімделген жергілікті құйрықты қойлар өсірген. Бұл қойлар қылшық жүнді болды. Ен дала төсінде аталарымыз малдың ыңғайына қарап, әр жердің климаттық ерекшелігіне орай, маусымдық ауа-райының ыңғайын болжап табиғи жайылымдықтарды ұтымды пайдалана білді, ал, жергілікті құйрықты қойлар өз ортасына бейімделген, шаруада орын алып жататын қолайсыз жағдайларға көнбіс еді. Осындай шаруаға оңтайлы қазақтың құйрықты қойы, еділбай, сарыарқа қойлары және басқа да құйрықты қой тұқымдарына ортақ жалпы кемшілік – заманауи өскелең талап үдесіне сай келмеуі. Біріншіден, еті өте майлы, нарықта оған сұраныс жоқ. Екіншіден, олардың жүн өнімділігі нашар: негізінен қылшық, төмен сапалы жүн талшықтары, тек киіз өнімдеріне жарайды.
Кеңес дәуірі кезінде биязы жүнді қой өсіру жергілікті қылшық жүнді қазақы қой саулықтарын ағылшынның шропшир, прекос тұқымды қошқарларымен будандастыру арқылы биязы жүнді қой тұқымдарын көбейу бағытымен жүрді. Селекция барысында әр буын будандарын ұзақ жылдар бойы мақсатты сұрыптау мен жұптау негізінде «өз төлінен өсіру» жұмыстарын жүргізе отырып қазақтың биязы жүнді қой тұқымы шығарылды. Одан кейін отандық ғалымдар жиырмасыншы ғасырдың 60-70 жылдар кезеңінде оңтүстік қазақ мериносы, қазақтың арқар мериносы, солтүстік қазақ мериносы тұқымдарын шығарды.
Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарында етті бағыттағы отандық биязылау жүнді қойдың үш тұқымы шығарылды. Қазақтың етті-жүнді биязылау жүнді қой тұқымы республикамыздың оңтүстігі мен оңтүстік шығысында шөл және шөлейт аймақтарында таралды. Қазақтың биязылау кроссбредті жүнді қой тұқымын өсіру Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарына тән болса, Ақжайықтың етті-жүнді қойы Батыс Қазақстан облысының далалық аймақтарында өсірілді.
Биязылау жүнді қой саласының жедел дамуы оның қос бағытты өнімділігіне байланысты болды. Қойдың бұл тұқымы тез жетілдігіштігімен, қозы етінің сапалы құрамымен және биязылау жүн беруімен ерекше.
Қой шаруашылығындағы осындай мақсатты жұмыстардың нәтижесінде республикамыз қой саны жөнінен әлемдегі қой өсіретін он елдің қатарына енді, кеңес одағында Ресейден кейінгі екінші орынды иеленді. Сол кезеңде республикада жүз мың тоннадан астам жүн, төрт жүз мың тоннадан астам қой еті өндірілді. Қазақстан Одақта жүн өндіруден екінші орынды, ал, әлемде жетінші орынды иеленді. Кеңес одағының республикасынан тысқары он екі елге жүн шығарылды.
Жер шарында адамзаттың көбеюіне байланысты адам тіршілігіне өте қажет ақуыз тапшылығын шешу үшін ет және ет өнімдерін өндіру қажеттілігі жоғарылады. Адам қалыпты өмір сүруі үшін жылына 80 кг ет қажет болса, көптеген елдер, оның ішінде Африка, Оңтүстік Америка, Индонезия және басқа елдер жылына бар болғаны 20 кг ет тұтынады. Яғни, адам ағзасына өте қажет малдан өндірілетін ақуыздың тапшылығын өтеу әлемдік проблемаға айналды.
Осы тұрғыдан біздің еліміздің табиғи жайылымдық байлығы мен халқымыздың мал өсіру дәстүрі ет өндірісін тиімді жолға қоюға толық мүмкіндік беретіні мемлекетіміздің игерілмей жатқан ресурстарының бірі. Республикамыздың сарқылмас байлығы табиғи жайылымдар мен шабындықтар көбіне шөл және шөлейт жерлерде орналасқан, екіншіден, соңғы жылдардағы ауа-райының өзгеруіне байланысты шөлейттену үрдісі де кең етек алуда. Сондықтан да, жайылымдық әлеуетімізді толық пайдалану мақсатында, бірінші кезекте, шөл және шөлейт жерлерімізді игеру үшін қой шаруашылығын өркендету тиімді екені белгілі жәйт. Сонымен, ет және ет өнімдері өндірісін дамытудағы басым бағыттардың бірі – қой етін өндіру десек те болады.
Дүниежүзінде 500-ден аса қой тұқымдары бар болса, оның ішіндегі биязы жүнді етті тұқымдар бірнешеу: Германияда «дейчемеринофлейшшаф», Оңтүстік Африка Республикасында «доне» және Австралияда «австралиялық етті меринос» тұқымдары. Әлемге танымал осындай тұқымдар қатарын толықтыруға Қазақстан да өз үлесін қосты, өйткені 2011 жылы биязы жүнді қойдың етті бағыттағы жаңа тұқымы «Етті меринос» селекциялық жетістік ретінде танылды.
Жаңа тұқымның қалыптасу тарихы отыз жылдық ғылыми-селекциялық жұмыстардың нәтижесімен тікелей байланысты. Биязы қойдың жаңа тұқымы «Етті меринос» ғылыми тұрғыдан алғанда, жалпы тұқым шығару үрдісінде «өз төлінен өсіру» әдісімен шығарылған алғашқы тұқым. Бұл тұқым шығару үрдісіндегі тың жол. Өйткені, жаңа тұқымдарды қалыптастыру, көбіне, будандастыру негізінде адамзат қажеттілігіне қарай ұнамды малдарды сұрыптау жолымен жүргізіліп келді. Оңтүстік Африка Республикасындағы «доне» және Австралиядағы «австралиялық етті меринос» тұқымдары да немістің «дейчемеринофлейшшаф» тұқымымен будандастыру арқылы шығарылған малдар еді.
Жаңа тұқым малдарының еттілік қасиетін қалыптастыру сексенінші жылдары қазақтың биязы жүнді қойының еттілік қасиетін арттыру бағытымен жүргізілді. Қазақтың биязы жүнді қойы негізінен Талдықорған және Алматы өңірлерінің шөл және шөлейт жерлерінде өсірілетін. Осы қойлардың жергілікті жерге бейімділігін пайдалана отырып, олардың еттілігін арттыру мақсатында етті малдар таңдалып, тұқымішілік селекция әдісімен етті бағыттағы отарлар саны көбейтілді. Мал асылдандыру жұмыстары жан-жақты және кең ауқымды ұстаныммен жүргізілді, кейбір отарларға тән өзіндік ерекшеліктерді сақтап қалу мақсатында аталық тәсілі бойынша қойлардың жаңа типтері мен тұқым ішіндік типтерін қалыптастыру қолға алынды. Тоқсаныншы жылдары осындай сындарлы сұрыптау негізінде «Сарыбұлақ» тұқымішіндік типі шығарылды. Бұл типтің қойлары ірі, еті мол және жүн сапасы да жақсы болды. Селекциялық үрдістің соңғы кезеңдерінде еттілік қасиетті күшейту мақсатында етті бағыттағы әлемдік қой тұқымдарының тектілік әлеуеттілігі пайдаланылды. Немістің «дейчемеринофлейшшаф» қошқарларының генетикалық әлеуеттілігі жергілікті қойлардың еттілік бағыттағы кейбір олқылықтарын жедел толықтыру үшін қолданылды. Осындай будандастырудан алынған тұқымдарды да өз төлінен өсіру жолымен көбейтіп, көбінесе тұқымішіндік сұрыптауға басымдылық берілді. Замана ағымына орай, селекция бағытын бойындағы қуатын құйрыққа емес, бөксесіне, арқасына, қабырғасына жинайтын қойлардың отарларын қалыптастыруға қарай бағыттадық. Біріншіден, еттілігі жоғары, яғни, бөксесі толық, кеудесі мен арқасы кең, қабырғасына ет жиналатын малдарды таңдап алсақ, екіншіден, осы малдардың тез жетілуіне және салмағына мән бердік. Жүн сапасы назардан тыс қалған жоқ. Сөйтіп ерте жетілген қозыларды сол жылы аталық ретінде пайдалану әдістерін қолдандық. Сұрыптау кезінде 6-7 айлығында 50 кг асатын қошқар тоқтылар, еттілігі жағынан және жүн сапасы бойынша қатаң сұрыптаудан өткізіліп, көбіне, қолдан ұрықтандыру жолымен қарқынды пайдаланылды. Осы әдіс өндірістік сынақтан өтіп, ғылыми жұмысымызға жаңалық ретінде енді. Ғалымдардың қолданған осы батыл шешімі өте жақсы нәтижесін көрсетті. Біріншіден, малдың еттілігі артты, екіншіден, қозылардың ерте жетілуі тектік қасиет ретінде қалыптасты.
Ұзақ жылғы селекция жергілікті малдың еттілігін арттырып, оның биязы жүнді сапасын сақтап қалды. Жаңа тұқым қойларының еттілік қасиетінің артуы және малдардың шөл және шөлейт жерлерге бейімділігі игерілмей жатқан шалғайдағы жайылымдарды орынды пайдалануға мұрындық бола алады. Осындай шаруаға оңтайлы, әрі пайдалы жағын ескерсек, жаңадан шыққан «Етті меринос» қой тұқымы халық шаруашылығы үшін таптырмас олжа.
Етті биязы жүнді «Етті меринос» қойының тұқым мал отарлары Алматы облысының «Алматы» тұқым мал зауыты шаруашылығында, «Сарыбұлақ асыл тұқым» шаруашылығында және Ескелді атындағы өндірістік кооперативінде шоғырланған. Осы малдардың негізінде «Етті меринос» атты жаңа қой тұқымының сапасын анықтап қабылдау 2010 жылы мемлекеттік комиссияда қаралып, 2011 жылы Зияткерлік комитет тарапынан селекциялық жетістік ретінде мақұлданып, патент берілгені отандық ғалымдар үшін мақтаныш.
Бұл негізгі өсіру аймағы шөл және шөлейтті құмдар болып табылатын әлемдік тәжірибедегі алғашқы биязы жүнді етті қой тұқымы. Бұл да ғылыми тұрғыдан жаңашылдық.
Жаңа «Етті меринос» қой тұқымын шығару барысында қолданылған селекциялық тәсілдердің көпшілігі әлемдік селекция үрдісіне қосылған жаңалық десек те болады. Мысалы, жаңа тұқымды өз төлінен өсіру жолымен шығару, шөл және шөлейтті жерлерге бейімделген, табиғаттың қатаң сынына көнбіс, жүні биязы қой өсіру әлемдік қой саласындағы жаңа, әрі тың тәсілдер. Жаңа тұқымды шығару барысында қалыптастырылған басқа да селекциялық тәсілдер жаңашылдығымен өте құнды. Айталық, аталық қошқарлар санатына жатқызылған тоқты қошқарларды 6-7 айлығында шағылыстыруға қосу және аталық ретінде ерте жетілген қозыларды іріктеп алу әдісі. Кеңсіріктің даму деңгейі, тұяғының мықтылығы, кеудесінің кеңдігі, жауырынның жалпақтығы, бөксесінің толықтығы сияқты селекциялық белгілердің өнімділікпен қосарлы (бисериалды) байланысын пайдалана отырып іріктеу және жұптау әдістерін қолдану да қой селекциясына енгізілген тың әдістер. Аталық бойынша өсіруде ерекше жаратылған аталық малдың өзіндік белгілерін барынша дамуына қарай іріктеу мен жұптау жұмыстарын тұрақты жүргізу де тосыннан қабылданған селекциялық шешім. Сонымен қатар, егіз немесе үш қозы тапқан саулықтардың төлдерін қарқынды пайдалану, әсіресе олардын туған еркек тоқтыларды тұқымдық мақсатта барынша қолдану өз нәтижесін берді. Жаңа қой тұқымының саулықтарының төлдегіші өте жақсы, селекциялық отарларда әр жүз бас саулықтан жүз жетпіс басқа дейін қозы алынады. Көптөлділігі бойынша сұрыптау, саулықтың сүттілігін анықтай алатын көрсеткіш, сондықтан осы белгінің тектілік деңгейде қалыптасуы қозылардың ерте жетілуіне мұрындық болғаны да ғылыми тұрғыдан түсінікті.
Жалпы шаруашылықта жаңа тұқым қойларының өз төлінен көбею қасиеттері және төлдерінің аман сақталуы жергілікті мал тұқымдарының деңгейінде. Олар жыл бойы шөл және шөлейт белдеулердегі жайылымдарда жайылуға бейімді және табиғаттың қатаң жағдайына (аптап ыстық, қалың қар, боранды аяз) төзімді. Генетикалық тұрғыдан, өз төлінен көбею қасиетінің жоғары болуы, сонымен бірге еттілік қасиетінің төліне тұрақты берілуі жаңа тұқымның тектілік әлеуетінің қалыптасқанын дәлелдейді.
Ет өнімділігі бойынша бұл қойлар доне, австралиялық етті меринос, сондай-ақ дейче меринофлейшшаф сияқты алдыңғы қатарлы етті биязы жүнді қой тұқымдарынан кем емес. Базалық шаруашылықтардағы үздік отарлардағы саулықтардың тірілей салмағы 70-72 кг-ға, жүн өнімділігі 7 кг-ға дейін жетеді. Бұл көрсеткіштер әлемдік биязы жүнді қой шаруашылығының үздік жетістіктеріне сай келеді.
Жаңа тұқымның еттілік қасиеттерінің бірі тез жетілгіштігі. Еркек тоқтылардың туылған жылы тірілей салмағының орташа тәуліктік өсімі 300-320 грамм құрайды. Бордақылауға қойылған еркек тоқтылардың ең жоғары көрсеткіші 570 граммнан асады, бұл жетістік жаңа тұқым төлдерінің генетикалық әлеуеттілігіне куә, әрі алдағы селекциялық жұмыстарға зор мүмкіндік туғызады. Қозылардың ерте жетілуі тектік қасиет ретінде қалыптасқан, өйткені ғылыми-өндірістік тәжірибе деректері бойынша 4-4,5 айлық еркек тоқтылардың тірілей салмағы 35-38 кг. Бұл отардағы қозылардың орта салмағы, тұқымдық малға енесінен бөлген кезде 50 килограммнан артық салмақ тартатын қозылар ғана таңдалады. Шаруашылықтағы қозылардың орташа ұша салмағы 18-20 кг, ет шығымы 50,0-52,0% және сойыс шығымы 51,7-53,6%. Малдың жасы ұлғайған сайын ұша шығымы 53,7%-ға, ал сойыс шығымы 57,6%-ға дейін жетеді.
Етті меринос тұқымының жүн өнімі де жақсы: әр қойдан 3,5-4,0 кг жуылған жүн алынады, жүннің ұзындығы 10-12 см, жүннің негізгі жіңішкелігі 64-60 сапа. Жаңа тұқым қойларының ерекшеліктері – дене бітімі дөңгеленген пішінде болады. Кеудесі кең, жауырыны жалпақ (жауырын арасы кең), бөксесі етті, денесінің артқы бөлігі жалпақ, әсіресе, жамбасының еті толық болып келеді, яғни еттілік пішіні айқын.
Селекция барысында тұмсығы дөңес, кеңсірігі кең қойларға басымдылық берілді, өйткені, олардың жайылымда қозғалуы ширақ, әсіресе, шалғай жайылымдарға айдағанда шалдықпайтын төзімділігі жоғары болды. Ғылыми тәжірибелер негізінде, осындай қойлардың салмағы да жоғары, жүн беруі де артық екені дәлелденді. Сонымен қатар, эксперимент нәтижесінде тұмсығы дөңес, кеңсірігі кең қойлардың тыныс алу органдары, жүрегі, бүйрегі және көкбауырының жақсы дамитыны байқалды. Бұл жаңалыққа (авторлары: Т.Қасенов, Қ. Сейтпан) зияткерлік патент алынған.
Ет сапасына тоқталсақ, енесінен бөлінген 4-4,5 айлық қозыларды дереу етке сойғанда алынатын қозы етінде енесінің сүті мен жазғы көк шөптің дәмдері жақсы үйлесіп, оның дәмдік сапасы өте жоғары болады. Басқа мал түліктерімен салыстырғанда, осы белгілері бойынша қозы еті ересек малдарға қарағанда қатты ерекшеленеді. Қозы етіне тән осындай сапалық артықшылықтар жаңа тұқым тоқтыларында жақсы жетілген.
Белгілі ресейлік ғалымдар С.В.Буйлов, В.М.Курганскийдің деректері бойынша, қой етіндегі ақуыз мөлшері сиыр және шошқа етімен бірдей. Май мөлшері және құнарлығы жағынан қой еті сиыр етінен асып түседі, бірақ шошқа етінен кем. Бірақ, қой етінде 29 мг, сиырдың майлы етінде – 75 мг, ал шошқа етінде – 74,5-126 мг холестерин болады. Сондықтан профессор Н.Петровский «кім қой етін жесе, сол атеросклерозбен аз ауырады» деген пікір айтқан.
Францияның ұлттық зоотехникалық зерттеулер орталығы нарықтағы салмағы 15-20 кг ұшаларға (әртүрлі қой тұқымдарынан алынған) деген ең үлкен сұранысты зерттеп, төмендегі жағдайды анықтады: құрамындағы су мөлшері 60-65%, протеин – 15-20%, протеиннің майға қатынасы 1,0-2,0 бірлік құрайтын жоғарғы қоңдылықтағы қозы ұшалары ең үлкен сұранысқа ие. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстандық ғалымдар жүргізген тәжірибеде, оңтайлы салмақ (18-20 кг) пен ұшадағы протеин мен майдың жағымды арақатынасы (1,0-1,3) 4 айлық гемпшир және етті меринос қозыларына тән екені анықталды. Бұл деректер жаңа «Етті меринос» қой тұқымының ет сапасы және тез жетілгіштігі жағынан артықшылықтарын көрсетеді.
Шаруашылық деректері бойынша жаңа тұқым қойларының ет өнімділігі бастапқы жергілікті тұқымның көрсеткіштерінен 15-20%-ға артық. Ұша және жұмсақ ет шығымы 5-7%-ға көп.
Жаңа тұқымның таралу аймағы кең: жаңа тұқымның асыл тұқымды малдары Алматы облысының 4 ауданында өсіріледі: Талғар, Кербұлақ, Ескелді және Көксу аудандары. Көрсетілген 4 аудандағы қолда бар 500 мыңнан астам қойдың 400 мыңнан астам басы «Етті меринос» қой тұқымы. Олар қыста жайылымда жаюға және жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға өте жақсы бейімделген. Алматы облысының басқа он екі ауданында осы малдардың тұқымдық малдары өсіріліп, жергілікті қойлардың еттілігін арттыру мақсатында жақсартушы қошқарлар кеңінен пайдаланылуда. Алматы облысынан тысқары Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысының негізгі қой шаруашылықтарында осы тұқым белең алуда. Сонымен қатар, осы жаңа тұқымның таңдаулы қошқарларынан алынған ұрықтар Ресей Федерациясының асыл тұқымды қой шаруашылықтарында қолданылуда. Таралым аймағының кеңеюі және негізгі шоғырланған аумағындағы мал басының жеткілікті болуы етті биязы жүнді қойлардың өзіндік тұқым мал базасының қалыптасқанына дәлел.
Тәжірибелер нәтижелері бойынша жекелеген тоқтылар 500-571 граммнан қосымша салмақ қосады. Бұл болашақтағы жұмыстың үлкен кепілі және рекордты көрсеткіш биязы жүнді қойлардың жүн өнімділігін төмендетпей, олардың ет өнімділігін әрі қарай арттырудың қоры болып табылады. Шаруашылық деректеріне сүйенсек, 4-4,5 айлық қозыларды етке өткізгендегі табыс, шаруа экономикасын рентабельді жүргізуге қол жеткізген. Мысалы, Алматы облысының «Арай» шаруа қожалығында 1 саулыққа шаққандағы пайда 7184-7650 теңгені құрайды.
Жаңа тұқымдағы еттілік өнімділік тектілік (генетикалық) тұрғыдан тұрақтанған белгі: қошқарлардың тірілей салмағы 110-120 кг (140 кг-ға дейін), саулықтар – 65-75 кг (103 кг-ға дейін). Малдың таза салмағынан ұша шығымы 60-63% құрайды, бұл көрсеткіштің тұқымды әрі қарай жетілдіруде маңызы зор.
Етті мериностарды шығару тәжірибесі шөл және шөлейтті аймақтарда биязы жүнді, жоғары ет өнімділігіне ие қойларды өсіру мүмкіндігін көрсетті.
Жаңа «Етті меринос» қой тұқымы – республикада экологиялық таза қой және қозы етін беретін етті бағыттағы қой шаруашылығын құру мақсатындағы құнды селекциялық материал.
Ірі ұжымшарлар мен кеңшарлардың орнына ұсақ шаруа қожалықтарын құру тұқым асылдандыру жұмыстарын қиындатқаны белгілі. Осындай жағдайларда селекциялық жұмыстарды жүргізудің үлгісі ретінде Алматы облысының «Жетісу» аймақтық қой өсірушілер одағын атауға болады. Мұнда ең үздік тұқыммал шаруашылықтарынан сатып алынған және бір жерге шоғырландырылған аталық қошқарлар шаруа қожалықтарындағы саулықтарды ұрықтандыруға пайдаланылып жүр. Осылайша, жыл сайын 140 мыңнан астам биязы жүнді саулықтар жаңа тұқым қошқарларымен ұрықтандырылып, аймақтағы қойлардың сапалық жағынан жақсарып келе жатқаны байқалады. Аймақтық қой өсірушілер одағының жаңа тұқым етті меринос қойының негізгі асыл тұқымды малдары шоғырланған өңірде белсенді мал асылдандыру жұмыстарын жүргізуі жаңа тұқымның тектік қасиетін ұштай түсуге ықпалын тигізіп, өңірдегі жаңа бағыттағы қой тұқымдарының тектік әлеуеттілігін арттыруға мұрындық болуда.
Жаңадан шыққан қойдың етті тұқымы еліміздің экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосатын әлеуметтік маңызы зор, шаруашылықтарға кеңінен таралған, қой өсірудің тиімділігін арттыратын практикалық мәні орасан зор ғылыми жетістік.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
Негізгі:
1. Сейтембетов Т.С., Төлеуов Б.И., Сейтембетова А.Ж. Биологиялық химия.-Қарағанды, 2007ж;
2. Сеитов З.С. Биологиялық химия. - 2007ж;
3. Сейтембетова А.Ж., Лиходий С.С. Биологиялық химия, 1994ж;
4. Березов Т.Т., Коровкин Б.Ф. Биологическая химия.-М., 2005, 2007ж;
5. Биохимия под. ред.. чл..-корр. РАН, проф.. Е.С. Северина.-М., 2005, 2007ж;
6. Усенова М.Ш. “Витаминдер”, 2007ж;
7. Меньшиков В:В.,Волков Н.И. “Биохимия “– М.:Физкультура и спорт, 2007г.
Қосымша:
1. Биохимия сұрақтары мен жауаптары. ҚР ҰҒА корр., проф. С.М. Адекеновтің ред.басшылығымен.-Астана, 2003ж;
2. Лениджер А. Биохимия. –Москва: Мир, 1974;
3. Марри Р., Греннер Д., Мейес П., Родуэлл В. Биохимия человека. 2003ж
ОҚО, Мақтаарал ауданы, Атакент қалашығы
Мақтарал аграрлық колледжі
«Ветеринария» мамандығының арнайы пән оқытушысы
Қалменов Төребек Нышанович
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі