Бейбарыстың әкесі дәулетті адам. Үйлері кең сарайдай. Шетелдік қымбат көліктері де бар. Бейбарыстың қалаған заты әкесінің арқасында қол жетімді болатын. Содан болар, ол тым еркетотай, әрі жалқаулау. Ал Бейбарыстың көршісі Жігердің әкесі еш асып-таспайтын, адамгершілігі мол, қарапайым момын жан. Жігер де қарапайым, еңбекқор, ақылды бала. Бейбарыс пен Жігер бір сыныпта, 7 «ә» сыныбында оқиды. Әрине, екеуінің ортақ ойлары болмағандықтан, отбасы жағдайына байланысты да достары бөлек. Әрқайсы өз деңгейіне лайық балалармен достықта.
Жігер «білімді адам - болашақтың адамы» екенін жете түсінген бала. Сабаққа тым алғыр. Мұғалімдердің аузынан түспейді. Ал Бейбарыс ақылы бар болса да, басын онша жұмыс істеткісі келмейді. Әкемнің ақшасы мол деп сенеді...
Осы екі бала айнымас достарға айналады деп ешкім ойламаған болар, сірә? Әрине, өмірде біз күтпеген көптеген жайлар болады... Сонымен балалар, мен сендерге осы екі баланың басынан өткен үлгілі бір оқиғаны баяндап берейін.
Оқиға былай басталды. Бейбарыс күндегі әдетімен компьютер алдында ғаламтордан бас алмай отырған. Бала қашанда - бала. Ол шытырман оқиғаларды, үлкендердің көзіне түсіп, мақтау есту үшін ерліктер жасауды жақсы көреді. Бәрін де оңай сияқты көреді. «Ойыннан өрт шығарын» ойынның қатты қызған шағында ғана біледі. Қорқынышы артында болады. Бейбарыс да шытырман оқиға іздеп ғаламторды шарлап отырған. Кенет «шытырман оқиғалы сапар....тек адал достар ғана жол табады...» деген жазу бар сайтты көрді. Ашты. Ол жерде «Адал болса досыңыз, аман қалар қылыштағы басыңыз. Досыңды таңда да, саяхатта. Төмендегі сандарды енгізіңіз, Ашылатын есікке, досыңызбен еніңіз» деп жазылып тұр екен. Бейбарыс қызығып кетті. Дереу ұялы телефонмен ең жақын деген достарына соғып, бірге сапарға шығуларын сұрады. Бірақ олардың әрқайсысы түрлі сылтаулар айтып, Бейбарыстың ұсынысынан бас тартты. Енді не істеу керек? Сапар қызықтырып барады. Бір өзін қабылдамайды. Сөзсіз, жанына «досым» деген адамды ертіп алуы керек. Суреттері тым тартымды. Патша сарайларының, теңіздің суреттері керемет. Өзіне қызықтырып-ақ тұр. Ол қазір бірінші кездескен баланы ертемін деген оймен тысқа шықты. Кенет, көшеден дүкенге бара жатқан көршісі Жігерді көрді. Бейбарыс Жігерді қандай бала екен деп ойлаған кездері де болған еді. Мінезі бірқалыпты, білімді, ақылды бала секілді көрінетін. Бірақ дос болайын деп ойлап көрмепті. Бейбарыс бірінші кездескен бала Жігер болғанына қуанып кетті.
- Жігер! - деп айқай салды.
Жігер өзін шақырып тұрған Бейбарысты көріп таң қалды.
- Жігер, тұра тұршы...
Бейбарыс Жігердің жанына жүгіріп келді де, дегбірін қашырып, қызығушылықты оятып, ойын әлеміне шақырған әлгі ғаламтордағы сайт туралы айтып берді. Өзімен бірге сапар жасауға қалай қарайтынын сұрады. Жігер де бала емес пе, қызығып кетті. Дереу келісті. Алдымен, анасының «сүт сатып әкел» деген тапсырмасын орындағаннан соң, Бейбарыстың үйіне баратынын айтты. Біраз уақыттан кейін айтқанындай Жігер Бейбарыстың үйіне келді. Бейбарыстың даңғарадай кең бөлмесіне кірген Жігер таң-тамаша қалды. Ойыншықтары мол екен, қызығып кетті. Дегенмен, бірден «іске кірісуді» жөн санады. Бейбарыстың әлгі сайттағы сандарды тергені сол еді иірім секілді есік пайда бола кетті. Екеуі қорқып кетті. Мұндайды кім көрген? Екеуі аңтарылып тұрғанда иірім тарта жөнелді. Барлығы шыр айналып кетті...
Естерін жиған балалар айдалада, бір ескі жұртқа тап болғанын байқады. Зәулім үйлер, әдемі гүлдер, зымыраған машиналар...ешнәрсе де көзге ілінер емес. Құдды жердің адам баспаған әлдебір қуысы дерсің. Бұрын-соңды айдалада жалғыз қалып көрмеген Бейбарыс шошып кетті.
- Ойбай, мынасы несі? Үйім қайда?
Жігер де басында аңтарылып қалды да, сәлден соң екеуінің шынымен шытырман оқиғаға тап болғанын түсінді. Енді не істеу керек? Шығатын жол қайда?
Жігер түк түсінбей тұрған Бейбарыстың жанында есін тез жинады да:
- Қорықпа. Бұл ойын әлемі ғой! Демек, ереже бойынша екеуміз бірге жүрсек қайтар жолды табамыз. Кел, одан да ары қарай не істерімізді ойластырайық.
Сонымен екеуі ақылдаса бастады. Бейбарыстың басына ешнәрсе келер емес. Жігер жан-жағына барлап қарады да,
- Қарашы, мына жер сенің есіңе ешнәрсені түсірмей ме? Бұл Ыбырай атамыздың «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесіндегі көшкен жұртқа ұқсайды екен. Бәлкім, керек заттар тауып қалармыз, - деп көшкен жұрттан бір нәрсе қалған болар деп іздестіре бастады. Бір кезде сынған пышақ, бір көзі сынған ине және бір уыс қыл тауып алды. Бейбарыс:
- Оны не істейсің? - деп сұрады.
- Керек болады.
Екі бала көштің кеткен сүрлеуімен алға жылжи бастады. Мұндай иен далада болып көрмеген Бейбарыс Жігер жанында болғанда алаңсыз болуына болатынын сезіп, сәл тынышталып, жан-жағына таң-тамаша болып келеді. Осылайша балалар ұзақ жүрді. Алдарынан тірі пенде кездеспеді. Өңкей ұшқан құс пен жүгірген майда аңдар. Олардан қалай жөн сұрайсың? Бір кезде қарындары ашқан балалардың жүрісі сыр бере бастады. Жігер әйтеуір шыдап келеді. Ал Бейбарыстың шыдамы таусылды.
- Жігер, енді осылай аштан өлеміз бе? Қайдан тап болдық,а? Нем бар еді? - деп өкініп, жыламсырай бастады.
- Сен неге жылай берерсің? Одан да не істеу керегін ойлансаңшы!
Екеуі бір кезде бір судың жағасына келді. Қараса ішінде балықтар ойнап жүр. Бейбарыс тамсанып кетті.
- Шіркін, бір балықты қуырып жесе ғой!
Жігер болса үндеместен, қолындағы қылды есіп, тауып алған инені ептеп таспен ұрып отырып майыстырды да, кіп-кішкене қармақ жасады. Бірнеше шегіртке теріп алып, қармаққа шаншып, алдарында кездескен тоғанға салды. Осылайша олар біраз балық аулады. Балықтарды тауып алған пышақ сынығымен тазалады. Бейбарыс таң-тамаша,
- Мәссаған, бұның бәрін қайдан білесің?
- Мен жазда атамның ауылында боламын. Атам «ер жігітті қиыншылықтан ақылы мен өнері алып шығу керек» деп маған көп нәрсе үйретті. Соның арқасы ғой...
- Солай ма? Ақылды екенсің, Жігер!
Балалар аулаған балықтарын тазалап, Жігер атасы үйреткен бойынша шақпақпен от тұтатып, Бейбарыс шырпыларды жинап, от жағып, балықты қақтап жеп алды. Сонымен балалар қайта жолға шықты. Қас қараюға таянды. Екеуі енді қайда түнейміз деп ойластыра бастады. Бір кезде алыстан бір жарқыраған оттарды көрді. Екеуі не де болса бара көрерміз деп, солай қарай бет алды. Жақындағанда әр жерде жағылған оттар мен от маңайындағы көптеген адамдарды көрді. Олар жақындап келіп, амандасып, әлгі адамдардан қонуға рұқсат сұрады. Олар бұлардың бейтаныс түрлеріне күдіктене қарап, оларды бастықтарына ертіп әкелді. Басшылары қария кісі екен.
- Сендер кімсіңдер? Не істеп жүрсіңдер?
Бейбарыс мен Жігер бастарынан өткен жайды әңгімелеп берді. Өздерінің қайдан келгендерін баяндады. Қонып шығуға рұқсат сұрады. Қария балаларға рұқсат берді. Жанындағы жас жігіттерге ымдап балаларға ас алғызды. Әлденіп, демалып алған балалар енді жан-жақтарына барлай қарады. Бұл жердегі адамдар біртүрлі көңілсіз көрінді. Ерлерінің де, әйелдерінің де көзінде мұң бар. Жігер:
- Ата, сіздер неге далада түнеп жүрсіздер? Неге адамдар тым көңілсіз? - деп сұраулы жүзбен қарады қарияға. Аппақ сақалы кеудесін жапқан қарт терең күрсінді де:
- Балам, біз, шарасыздықтан осындай күйге түскен пенделерміз. Біз де кезінде дүрілдеген ел едік. Содан талай заман болды....бір күндері біз мықты көрші елден қорғану үшін келесі көршіміздің қол астына өз еркімізбен ендік. Сөйтсек, біз олардың қолына еркіндігімізді де қоса беріппіз....енді міне, сол қателікті түзеу үшін өз тәуелсіздігіміз үшін күресіп едік...олар бізді жібергісі жоқ.
Қарияның жанында тұрған, көздерінен от жанған, батыр денелі жас жігіт те:
- Иә, олардың бізді жібергісі жоқ. Сондықтан біз еркін елде өркендеу үшін күресеміз! Тәуелді болсаң, еркің бұғауда, тілің мен ойың құлыпта болады екен! - деп өз ойын айтты.
Осы кезде Бейбарыс:
- Сонда не, ол еркіндікті ақшаға сатып алмайсыздар ма? Ол соншалықты қымбат дүние ме? - деп қойып қалды. Жас жігіт ашуланып кетті. Екі көздері оттай жанып, қынынан қылышын суырып алды да, Бейбарыстың кеңірдегіне тақады. Бейбарыстың төбе шашы тік тұрды. Үні шықпай қалды. Жігердің де есі шығып кетті.
- Ақша? Байлық? Ха-ха-ха. Сен сірә, әкесі бай баласың-ау деймін! Біздің жеріміздің асты да, үсті де тұнған байлық болатын. Ал, соны алпауыт ел өзімізге ұстатпады ғой. Бастағы білім мен жүректегі сезімді және еркіндікті ешқандай байлыққа ала алмайсың. Ол үшін тек еңбек пен күрес керек!
Қария баласын сабырға шақырды. Жігіт қылышын түсірді. Осы кезде Жігер үлкен бір әңгімені бастады. Өздерінің де бір кездері бодан ел болғанын, қазір тәуелсіз ел екендігін және сол еркіндік жолындағы үлкен күрестерді айта бастады. Әрине мектептен алған білімі ғой. Айналасына барлық адамдар жиналып Жігерді ұйып тыңдап қалды. Тіпті Бейбарыс та осыны мектепте сан рет оқыса да бірінші рет тыңдап отырғандай күй кешті. Шынымен тәуелсіз елдің баласы екенбіз ғой деп бірінші рет іші елжіреп кетті. Мына жандарға жаны ашып кетті...
Сонымен Жігер түннің бір уағына дейін қазақ елінің тарихын айтты. Жанында жиналған жандардың жанарларынан үміт оты ояна бастады. Өздерінің де еркін ел бола алатынына сене бастады. Жігердің әңгімесі олардың жігерін жаныды...
Ертеңінде балалар жиналған қауыммен қош айтысты. Барлығы балалармен қимай қоштасты. Тіпті «қалыңдар» деп те көрді. Бірақ саяхатшыларымыз үйге қайту керек қой! Кешегі қарияның баласы оларды біраз жерге дейін шығарып салды. Сонымен балалар сапарларын жалғастырды. Аз жүрді ме, көп жүрді ме әйтеуір бір кезде алыстан бір үлкен шаһар көрінді. Кәдімгі ертегілердегі алып шаһар. Екеуі ойланбастан солай бет алды.
Шаһарға кірсе, кедейліктен әбден тозған, үрейленіп жүрген халықты көрді. Еш жерден күлкі естілмейді. Мұндайды көрмеген балалар шошып кетті. Әсіресе - Бейбарыс. Осындай алып шаһар неге мұндай күйге түсті екен? Содан екеуі шет жақта бұларды сырттай бақылап тұрған бір қарт кісіге жақындап, амандасты. Неге адамдардың осыншалықты дәрежеге түскенін сұрады. Қария суланған жанарын бір сүртіп алды да:
- Балалар, сендер жат жұрттық сияқтысыңдар. Бұл аса дәулетті шаһар болатын. Патшамыз да жомарт, мейірімді болатын. Содан бір күні бұрынғы патшамыздың баласы уәзірлердің сөзіне еріп, әкесін зынданға қамады да, өзі патша болып алды. Адамдарды үрейде ұстасам, мықты болам деп ойлап, кез келген кезде әскерін жіберіп, адамдарды алып кетеді де, бір тапсырмалар беріп, орындай алмаса, басын кесіп тастайды. Сонымен, қала халқы қашан, кімді алып кетеді деп үреймен жүреді. Әне, келіп те қалды. Тез тығылыңдар! - дегенше, болмай бір топ әскер сау ете қалды да, әй-шайға қарамастан Бейбарыс пен Жігерді дедектете жөнелді. Оларды патша сарайына кіргізді. Патша сарайы керемет екен! Сырттағы көрініс пен мына салтанаттың арасы жер мен көктей! Бейбарыстың аузы ашылып қалды. Өзінің үйін ең сәулетті үй деп ойлайтын. Ол мынаның жанында лашық болып қалды. Әскерлер екеуін патшаның алдына алып келіп, тізе бүктірді. Қараса, патша дегендері өздері қатарлас, жап-жас бала. Әрине қабағы қату. Бірақ ол қаттылық балаң жүзіне жараспай-ақ тұр. Бейбарыс мен Жігердің үстіндегі киімдеріне таң қала қарап:
- Иә, сөйлеңдер! Менің елімде неге рұқсатсыз жүрсіңдер? - деп сұрады.
- Біз ..., - деп бастап Жігер бастарынан өткен оқиғаны баяндап берді.
- Солай деңдер. Бірақ сендер осы елге келген екенсіңдер, енді менің заңыма бағынасыңдар! Мен сендерге екі тапсырма берем. Егер соны тауып, орындасаңдар, кез келген тілектеріңді орындаймын. Ал орындай алмасаңдар, бастарыңнан айырыласыңдар!
Екі бала қорқып кетті. Енді екеуінің жаны қалт-құлт еткен қайықта қалды. Амалдап, бірге шығу керек.
Патша-бала тапсырмасын айта бастады:
- Бірінші - мені жіпсіз байлаңдар. Екінші - қалықтамасты қалықтатыңдар.
Сонымен не керек, біздің саяхатшыларымыз тапсырманы орындау үшін терең ойға кетті. Жігер де, Бейбарыс та (сәл ерке болғаны болмаса) сабақты жақсы оқитын. Олар патша-баланың екі тапсырмасын да шешті.
Бірінші тапсырмада патша-балаға ортадағы үстелге арқасын тіктеп аяқтарын бүкпей, тізелерін 900С шамасында ұстап, екі қолдарын алдыға тік созып отыруды сұрады. Содан кейін аяқтарын артқа жинамай, қолдарын созған күйі, еңкейместен орнынан тұруын өтінді. Патша -бала қанша тырысса да, орнынан тұра алмады. Жігер:
- Міне, жіпсіз байлады деген осы, - деп күлімсіреді. Патша да, уәзірлер де ешнәрсе түсінбеді. Ал екінші тапсырманы Бейбарыс орындады. Әйнек ыдысқа су құйғызды да, бетіне бір жапырақ папирос қағазын салды. Ал оның үстіне құрғақ инені қойды. Екінші, инемен қағазды ақырындап шетінен бастап суға батырды. Қағаз суға батқанда, ине су бетінде қалықтап қалды. Ғажап! Барлығы көздерін жұмып, ауыздарын ашты. Жігер:
- Қалықтамасты қалықтаттым, - деп күліп жіберді. Патша-бала аң-таң,
- Сендер не, сиқыршысыңдар ма?
- Жоқ, біз бар болғаны оқушымыз...
Сонымен екі бала бұл тапсырмалардың ешқандай сиқыр емес екенін түсіндірді. Бірінші тапсырмада патшаны жіпсіз байлаған «ауырлық центрі», ал, екіншіде инені қалықтатқан «жүзу заңдылығы» мен «су құрылымының қасиеті» екенін түсіндірді. Патша-бала жай бала қалпына түсіп екі баланың әңгімесіне еніп кетті. Үшеуі таң атқанша көп әңгімелесті. Бейбарыс мен Жігер қазақ еліндегі бейбіт өмірді, білімге деген даңғыл жолдарды, замандарындағы ғылыми-техникалық жетістіктер туралы айтты. Патша-бала да өз кезегінде әкесімен шыққан теңіз саяхаттарын, әскери жорықтар туралы әңгімеледі. Әкесін сағынғаны байқалады.
Таң атқанда патша-бала екеуінен тілектерін сұрады. Жігер:
- Менің тілегім, халқыңызды үрей құшағынан алыстатып, жөнсіз қылықтарыңызды тоқтатыңыз. Барлық адамдардың білім алуына жағдай жасаңыз. Халқыңызбен санасыңыз. Сонда халық жақсы көрер патша боласыз, - деді. Ал Бейбарыс болса:
- Мен тақты әкеңізге беріп, өзіңіз білім алыңыз деген тілек айтамын. Сіз тым жассыз, әлі көп үйренуіңіз керек. Білімді адамнан білікті басшы шығады, - деп өз ойын айтты. Патша екі сөйлемейді. Дереу әкесін зынданнан алғызып, одан кешірім сұрап, өзін азғырған уәзірлерді елден аластауға бұйрық берді. Дұрыс таңдау жасауға көмектескендері үшін, Бейбарыс пен Жігерге үлкен алғысын білдірді. Сонымен, балалар шаһар халқы қайта гүлденетініне сеніп сапарларын жалғастырды. Жолда халық жиналып, патшаларын қайтарып, үрей көлеңкесін сейілткен балаларға алғыс айтты.
Осылайша екі бала қайта жолға шықты. Тағы да көп жүрді ме, аз жүрді ме, бір кезде қас қарая теңіз жағалауына келіп жетті. Теңіз жағалап жүріп келе жатып бір үйге келді. Үйде бір қарт атай мен әжей бар екен. Балалар ол кісілерден түнеп шығуға рұқсат сұрады. Қариялар қуана рұқсат берді. Сөйтсе, олар теңізден балық аулап күн көретін, бір балаға зар болып жүрген жалғызбасты қариялар екен. Балалардың қонақ болып келгендеріне олар балаша қуанды. Екеуіне барын тосып, жөндерін сұрады. Жігер барлық оқиғаны тәптіштеп тұрып айтып берді.
Екі балаға тыстағы қораның төбесіне жақсылап төсек салып берді. Екеуі де рахаттана аспанға қарап, жұлдыздарды тамашалады. Бейбарыс жұлдыздардан көзін алмай:
- Жігер, қарашы, жұлдыздар қандай керемет!- деді тамсанып.
- Иә, атам, әкем, мен үшеуміз ауылға барғанда осындай аспан астында талай рет ұйықтағанбыз.
- Ал, мен бірінші рет...Әкем үнемі фирма жұмысымен, анам сұлулық салоны мен мейрамхана жұмысымен үйде болмайды.
- Бейбарыс, менің әкем айтады, «Құдай ешнәрсені бекер жаратпаған. Адамдардың да жаратылуында мақсат бар» деп. Мысалы ана жұлдыздардың да өз мақсаты бар. Құдай оларды аспанды безендіру үшін және жол табу үшін жаратқан.
- Сонда олар жұлдыз жорамал жасау үшін емес пе?
- Әрине жоқ! Өзің ойлашы, егер адам тағдыры жұлдыздарға немесе түсініксіз ырымдарға тәуелді болса, онда адамның адам болғаны не керек?
- Иә...
Осылай әңгімелесіп жатып, балалар қалың ұйқыға кетті.
Таңертең оянып, төмен түссе, әжей оларға ас дайындап қойыпты. Атай кешегі құрған торын қарауға кетіпті. Балалар ас ішіп отырғанда, қарт әже оларға «Қалыңдар, бізге бала болыңдар» деп қолқа сала бастады. Тіпті жылап та жіберді. Балалар не айтарларын білмей қалды. Осы кезде атай айқайлап:
- Әй, балалар, көмектесіп жіберіңдерші! Мынаны ала алмай жатырмын! - деп балаларды шақырды. Барып қараса, торға балық емес, үлкен сандық түсіпті. Үшеулеп үйге алып, келіп ішін ашып қараса, міне керемет, шекелері торсықтай екі сәби бала жатыр. Біреуі - қыз бала, екіншісі - ұл бала. Әжей мен атай балаларды бас салып құшақтап, сүйіп, қуанып жатыр,
- Құдайға шүкір!
- Құтты қонақ келсе, қой егіз табады деген. Бұл енді біздің балаларымыз болады.
Бейбарыс мен Жігер де қариялардың қуаныштарына мәз болып қалды. Егде жаста мұндай қуанышқа кенелерміз деп ойламаған қариялар аяқ астынан балалы болып, қуаныштары қойнына сыймай жатты.
- Ал, балалар, енді мына балалардың аттарын өздерің қойып кетіңдер,-деп атай үлкен ұсыныс айтты. Бейбарыс қызды Нұрлы Ай деп, Жігер ұлды Ер Батыр деп атады. Өздерін құтты қонақ санаған қарттардан рұқсат сұрап, сапарларын жалғастыруға аттанды. Жолда Бейбарыс:
- Жігер, саған көп рахмет. Маған көп нәрсе үйреттің. Сен нағыз адал дос болуға лайық екенсің, - деп ағынан жарылды. Жігер де:
- Бейбарыс, сен де мен ойлағаннан басқа адам екенсің. Мен де сенімен айнымас дос болғым келеді, - деп оған өз ойын айтты. Екеуі осылайша қиындықта да, қуанышта да айнымас дос болуға уәде берді. Уәденің сиқырлы сөздерінен бе, әлде шынайы адал достықтың арқасында ма, белгісіз, кенеттен әлгі иірім пайда бола кетті. Екеуі қатты қуанып кетті. Барлығы шыр айналды...шыр айналды...түрлі-түсті иірім достарды өзіне тарта берді...тарта берді...
* * * *
Бейбарыс пен Жігердің дос болып жүргеніне барлығы таң қалады. Бейбарыстың достары: «Бейбарысқа не болған?» десіп, ал Жігердің достары: «Жігер Бейбарыспен қалайша тіл табысып жүр» деп таң қалумен болды. Ал, ол екеуі болса ешкімге мән берместен бір-біріне қарап күліп қояды. Басқаларға не деп түсіндірсін? Ең бастысы екеуі нағыз дос! Мұның қалай болғаны тек екеуіне аян құпия...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі