Бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып, қоғамды толғандырған сауалдарға журналистер арқылы жауап беру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік қызметінің бір қыры. Бұндай дәстүр бүгін де жалғасты, Ақордаға отандық және шетелдік БАҚ өкілдері жиылып, олардың қоғам өміріндегі маңызды сан-салалы сұрақтарына Елбасы жауап берді.
Айта кетерлігі, алдағы күндері Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапармен Өзбекстанға, сосын жұмыс сапарымен Түркіменстанға баруы жоспарланған. Әлемдік ауқымды шараның бірі - ЭКСПО-ның аяқталғаны кеше ғана. Оның сыртында қаншама кездесулер, форумдар мен алқалы жиындар үздіксіз жүріп жатты. Осындай қауырт кестелер арасынан БАҚ-пен жүздесуге уақыт тауып, журналистер тарапынан көтерілген сан-салалы сауалдарға салиқалы жауап қайтару - бұл да Президент жұмысының бір ерекшелігі. Айтпақшы, дәл осы мәселені журналистер де бүгінгі баспасөз мәслихатында көтеріпті. Оған Елбасы: «Президенттің жұмысы - қол қоюмен немесе бұйрықпен, заңмен немесе кездесулермен шектелмейді. Жұмыстың 90 проценті бұқаралық ақпарат құралдарына көрінетін ақпараттан тыс жатыр. Сіздерге айтарым - бұл ауыр жұмыс. Өз тәжірибеңмен бірге, денсаулықтың мығымдығы мен энергияны, психологиялық және эмоциялық энергияны талап етеді. Әрине, өз қалауыңдағы жұмыс болғандықтан, бұл да көмек бола алады» деп жауап берген екен.
Сонымен Ақордада отандық және шетелдік журналистермен кездесуінде қандай мәселелер көтерілді? Елбасы қоғамның өзекті мәселелері бойынша не айтты? Осыған бір шолсақ...
ЭКСПО өзін өзі толықтай ақтады
Жақында ғана аяқталған халықаралық көрменің буы әлі басылмағаны белгілі. Сондықтан болса керек баспасөз мәслихатында алғашқы сауалдардың бірі осыған қатысты болған-тын. «Шығындалған ақша осы жерге келушілердің, саяхатшылардың есебінен қазіргі уақытта қайтарылды. Осыған дейін атап өткенімдей, Астананың барлық қонақ үйлері, мейрамханалары, концерт залдары мен дүкендері толып, өте жақсы серпін алды. Астана бюджетінің түсімі осы жылдың ішінде бірнеше есеге артты. Бизнесмендер де өз ақшаларын тапты. Мұның барлығы да елдің қоржынын толықтырды», - деді Қазақстан Президенті. Бұл ретте Президент ЭКСПО-ның ең басты жетістігі ретінде осы көрмені жеңіп алып, өткізудің өзі екеніне назар бұрды. «162 мемлекет өткізгісі келді. Көрмелердің тарихы 100 жылды құрайды. Әр тақырыпта, әр бағытта дүниежүзінде көрмелер өткізіледі. Осының алдында Миландағы көрмені барып көрдім. Ол уақытша жасалған ғимараттардың ішінде өтті. Біткеннен кейін барлығын таратып алып кетті. Сондықтан ең маңыздысы, біз жас ел болғаннан кейін Қазақстанды дүниежүзіне көрсете білуіміз керек. Мұның төңірегінде әлі көп жұмыс жасау қажет», - деді Елбасы. Президенттің атап өтуінше, көрме біткенімен ғимараттардың барлығы бекер қалмайды. «Біздің павильонымыз Қазақстанның музейі ретінде қалады. Екі павильонда қаржы орталығы болады. Бір павильонда Қазақстанның көрмесі болады. Мұнан бөлек, бір павильонда ІТ-стартаптар паркі ашылады. Онда жастарға, ғалымдарға жаңалықтар ашуға барлық мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар тағы бір павильонда мектеп оқушыларын білімге, мамандыққа баулитын орталық болады. Оны корейлермен бірге жасап жатырмыз. Ол да жастарға пайдалы», - деді Елбасы.
Айта кетерлігі, көрмеге 4 миллионға жақын адам келген. Жалпы кіріп шыққан адамдардың саны 25 миллионнан асқан. 1400 қазақстандық компания құрылыс және басқа да жұмыстарына қатысты, олар 640 млрд теңгенің қаражаты игерді.
АҚШ санкцияларының Қазақстанға қатысы жоқ
Мәслихат барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесуін тарқата айтып берді. «Мемлекет басшысының телефонмен сөйлесулері - бұл әдеттегі іс. Қоңырау шаламыз. Ол президент болып сайланған кезде, қарашада телефон шалдым. Ол уақытта ұзақ әңгімелестік. Ол біздің өңірдегі, Ресейдегі, Қытайдағы ахуалға қызығушылық танытты. Одан кейін біз АҚШ пен араб елдерінің кездесуі өткен Эр-Риядта кездестік. Кейін ол маған қоңырау шалды. Оның алдында АҚШ Энергетика министрлігінің басшысы ЭКСПО-2017-ге келіп, мен қабылдаған едім. Ол риза болып, экспонаттарға, көрме ұйымдастыру деңгейіне таң қалды. Барғаннан кейін ол бастығына баяндап, ол маған қоңырау шалуға шешім қабылдаған сияқты», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, америкалық әріптесімен ең алдымен қазақстандық-америкалық қарым-қатынас жайында сөйлескен. Сосын Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың компаниялары Қазақстанға 40 млрд доллардан астам инвестиция салғанын, америкалық бизнестің қатысуымен елімізде 500 компания жұмыс істейтінін айтқан. «Мен қазіргі уақытта болып жатқан санкциялардың аталған компаниялардың жұмысына ықпал етпеуін сұрадым. Ол мұның Қазақстанға қатысы жоқтығын растады және АҚШ Қазақстанмен бұл қарым-қатынастарды одан ары дамытуға мүдделі екендігін қуаттады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетерлігі, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен АҚШ басшылары Владимир Путин мен Дональд Трамп жайлы не ойлайтынын жеткізді. «Әлбетте, мен бізге жақын саналатын Ресеймен қарым-қатынас туралы сұрай алмадым. Бұл туралы алғашқы әңгімеміз өте сәтті болды (...) Мен Ресей мен Ресейдің басшысын Батыстың онша қабылдамайтынын, шынында, ол мүлде бөлек адам екенін тіке айттым. Сол кезде ол маған: «Сен білесің ғой, біз Германияда Путинмен кездестік. Ендігі кезекте бәрі жағдайға байланысты» деп жауап берді. Ондағы да, біздегі де жағдайға байланысты екені белгілі. Бірақ, меніңше, бұл рельстен ауытқып, қарым-қатынасты түзеуге болатын секілді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент сондай-ақ, екі елдің қарым-қатынасы реттелер деген сенім білдірді. «Ол (Дональд Трамп) Ресейдің үлкен мемлекет екенін айтқан еді. Әйтеуір бір күні біз бұл сұрақты шешеміз. Сөзсіз, АҚШ пен Ресей ең ірі ядролық держава екені белгілі. Әлемдік мәселелерді Ресейсіз де және АҚШ-сыз да шешуге болмайды. Сондықтан, аяғында бұл позиция жағымды жаққа қарай өзгерер деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Жаңа әліпби жайында...
Қоғамда көп талқыланған өзекті мәселенің бірі - латын әліпбиі. Мәслихатта бұл мәселе де елеусіз қалмаған. Журналистер тарапынан қойылған сұраққа Елбасы да өз пікірін білдірді. Президент қазақстандық ғалымдардың ұзақ уақыт жұмыс істеп, барлық тарихты қарап шыққанын, Өзбекстан, Түркия елдерінің тәжірибесі сараланғанын айтқан. «Жалпы әліпби дегенде компьютерге бірден қоя салу үшін ілік болмау керектігін мен ғалымдарға айттым. Ноқаты, үтірі бар, тек қазақ дыбысына тән 8 әріп бар. Міне соларды нақтылау қажет. Барлық мәселе осында», - деді Елбасы. Президент әліпби мәселесі әлі де талқыланатынын айтып, әліпбиге көшу жобасы соңына дейін тыңғылықты дайындалуы тиістігін ескертті. «Қазақ тілінде щ, ю, я әріптері жоқ. «Японияны» қазақтар «Жапония» дейді. «ч», «ю», «я», «ь», «ъ» белгілері жоқ. Яғни біз осы әріптерді қолдану арқылы нағыз қазақ тілін бұрмаладық. Сол себепті енді негізі тілге көшпекпіз. Бұл бүкіл мемлекет үшін маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сәбіз сөзінің талқылауға ұсынылған жаңа әліпбимен жазылып, айтылуына қатысты қоғамдық қызу пікірталасқа орай ойын білдірді. «Кеше маған сәбіз деген сөздегі «ә» әріпін қалай айту қажеттігі интернетте жүр деп айтты. «Ә-ні» «а» жанында «е» екі әріптен тұрады. Сонда «saebiz» деп оқылады екен» деп. Немісте «мектеп» дегенді үш әріппен ш әріпін S, c, h әріптерімен береді. Француз сөзіне бір сөзді айту үшін 10 әріп керек. Сондықтан олай деу дұрыс емес», - деді Елбасы.
Айта кетерлігі, 2022 жылдан бастап 1 сынып латын әліпбиімен оқиды. Бұл ретте Президент әлемдегі ақпараттардың 70 пайызы латын әріпімен таралатынын, ғылыми-техникалық прогрес те осы тілде басым жүріп жатқанын еске салды.
Баланы білімді етіп дұрыс оқыту үшін дұрыс оқулықтар керек
Мәслихатта журналистер соңғы уақытта сыннан көз ашпай келген білім саласына қатысты Президент пікірін сұраған. Журналист биылғы гранттар бөлудегі былықтан бастап, оқулықтардағы олқылықтарға да тоқталып, Президенттен «Сіз осыдан хабардарсыз ба?», - деп сұраған еді.
«Неге олай болды? Гранттар алу үшін тиісті балл болуы керек қой. Тиісті балл алмағаннан кейін анау деп, мынау деп шыға келеміз. Солай білімді бола ма? Әр адам өзінің біліміне сай өтуі керек. Мына Назарбаев Университетіне түсем деген жыл сайын 10 мың адам арыз береді. 10 мың адамның көп дегенде 450-500-і ғана түсе алады. Ол жерге ешкім араласа алмайды. Басқарып отырған жапонның азаматы. Бізде адамбыз ғой, маған да туған-туыстарым, достарым келіп: «Мына жерде отырсың ғой айта салсаңшы» дейді. Мен ол жерде Катсу деген кісі бар, сонымен сөйлес», деймін де қоямын», - деп күлді Елбасы. Сонымен қатар Қазақстан Президенті ғылым мен білімге келгенде қатал, талапшыл болуымыз керектігін айтты. «Білімімен түсетін болса сонда соңында келе жатқан, мектепте отырған балалар «оқуға түсу үшін нағыз білім керек екен ғой», деп ойланады. Заңды бұзған болса қараймыз. Заңды түрге келтіреміз. Заңды бұзбаған болса өткен балалар грантты алуы керек. Өтпегендері алмайды. Басқа да шаруа бар ғой. Дүниеде елдің барлығы университет бітіріп жүрген жоқ. Әлем халқының 2 процентінің жоғары білімі бар. Қазір дүниенің жартысы сауатсыз», - деді ҚР Президенті.
Сосын Елбасы мазмұны жаңартылған оқулықтарға қатысты қазақстандықтардың сынына орай пікір білдірді. «Мән-жайды анықтайық. Балаларды дұрыс тәрбиелеп, дұрыс оқыту үшін, сұранысты қанағаттандыру үшін дұрыс оқулықтар керек. Ата-аналар да риза болуы тиіс. Білім және ғылым министрлігіне проблеманың неден туындағандығын анықтап, түсіндіруді тапсырамын»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ресми Астана Сириядағы қақтығысқа не істей алады?
Мәслихатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы жағдайды ретке келтіру мақсатында Астанада өтіп жатқан келіссөздер турасында пікір білдірді. Айтқандай, Астана процесінің кезекті раунды бүгін басталған болатын. Расында бұл әлемдік ауқымдағы мәселе екені даусыз. Ал ресми Астана қақтығысты тоқтатып, бейбітшілік орнату үшін бұл үдеріске қалай қатысып отыр?
«Бұл мәселе бойынша Женева келіссөздері жүріп жатыр. Онда көптеген елдер қатысуда. Олардың тығырыққа тіреліп қалған кездері де болды. Сол уақытта Иран, Ресей, Түркия мен өзге де елдер Қазақстанның барлық мемлекеттермен қарым-қатынасы жақсы болғандықтан, маған келді. Келіссөздерді жүргізу алаңы керек еді. Біз келісімімізді бердік, келіссөздер жүріп жатыр, келесі раунды бүгін басталады. Осы келіссөздердің арқасында кейбір жерлерде соғысты тоқтатып, деэскалацияның үш ошағын құруға мүмкіндік туды. Бейбітшілік орнай бастады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президентінің сөзіне сәйкес, бүгін деэскалацияның келесі алаңы талқыланатын болады.
«Біз бұған көп үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймын. Соңғы жылдары ол аймақтардан 5 миллион адам ауып кетті. 186 мың адам қырылды деп айтып жатыр. «Не үшін?» деген сұрақ туындайды. Міне, сондықтан, біз Қазақстанда тұрақтылықты қадір тұтамыз. Әлемдік тарихтың ең әйгілі ескерткіштері қирап қалды. Мәдениеті тоналды. Қандай күнәлары үшін олар жазалап жатыр?» - деді Мемлекет басшысы.
Президент тағы да бұл сұрақтарды шешуге Қазақстан бейбіт түрде шыққанын еске сала кетті.
«Меніңше, бейбітшілікке дейін әлі алыс секілді. Бірақ, әр мемлекет өз қарым-қабілетіне қарай үлесін қосуы керек. Біз жұмыстағы өз бөлігімізді атқарып жатырмыз. Бұл жұмысты жалғастыру беруіміз керек деген ойдамын», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Сириядағы деэскалация аумағына бітімгерлерді бағыттау мүмкіндігі жайында пікір білдірді. «Бізге деэскалация бөлігіне қатысты қойылған мәселе бар. Біріншіден, біздің Конституцияға сәйкес, шиеленіс ошағына әскерилерді тек Парламент шешімімен бағыттай алаймыз. Екіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жарғысы бойынша осындай күштердің қатысуы қарастырылмаған. Алайда БҰҰ бұндай күштердің бағыттауы туралы шешім қабылдаса, онда біз БҰҰ мүшесі ретінде сол жерге өзіміздің әскерилерді жібере аламыз»,-деді Президент.
Теңгеде секіріс болмайды
Жұртты толғандыратын тағы бір сауал - теңгеге қатысты. Халық арасында «девальвация тағы болады» деген әңгіме есіп жүргені де белгілі. «Оның бәрі алып-қашпа әңгіме. Дәл қазір оған ешқандай алғышарт жоқ. Теңгенің еркін бағамы дұрыс. Егер оны тізгінде ұстар болсақ, мемлекет қаржысын жұмсауға тура келеді. Әрине, мұнай бағасы 135 доллардан 40 долларға құлаған жағдайда күрт өзгерістер болады. Қазір ондай алғышарттар жоқ. Мұнай қазір 52-55 доллар бағаны ұстап тұр» - деді Президент.
Елбасы да Головкиннің боксын тамашалайды
Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев Головкин мен Альварес жекпе-жегіне қатысты да пікір білдірді. Президенттің пайымынша, мұндай оқиғалар қазақстандықтардың басым бөлігін теледидар алдына жинайды. «Бұл өте маңызды кездесу. Мексикалық Альварес - өте танымал адам, жоғары санаттағы боксшы», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы бұл кездесуде отандасымыз Геннадий Головкиннің жеңіске жететіндігіне үміт артатындығын баса айтты. «Ол орта салмақта кәсіби бокстың короліне айналып, Мұхамед Әли мен Майк Тайсонмен бір қатарда тұрады деп сенемін. Бұл ол үшін өте маңызды. Оған үлкен табыстар тілейік. Осы уақытта көршілерімізге сапарлайтындығыма қарамастан көремін. Барлығымыз да оған жанкүйер боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент смартфон ұстай ма?
Тағы бір төтенше сауал смартфондар мен мобильдік қосымшаларды пайдалануға қатысты қойылған болатын. «Әрине, пайдаланамын, SMS-тер аламын. Телефонымның нөмірін сіздерге берейін бе?»,-деп әзілдеді Мемлекет басшысы. Сосын әзілден шын сөзге көшкен Елбасы қазіргі заманғы коммуникацияларды пайдалану қажет болғанымен, оларға қатты әуестенудің сәті түспейтінін жеткізді. «Алайда барлық қажетті ақпарат менде бар. Қажет болғанда ғаламторды бір шолып шығамын. Кезінде біз қарағаннан гөрі көп оқығанға үйренгенбіз. Қазір жастар барлығын интернеттен табады. Олардың кезінде біз оқыған кітаптарға қарамайтынына күйінемін»,-деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы бүгінде еліміз бағыт алған цифрлық экономикада ескерілген барлық қадамдар сауатты түрде ұйымдастырылуы керектігін қадап айтты. Елбасы өз сөзінде бұл бағытта тиісті проблемалар бар екенін, сондықтан да барлық ауылдық жерлерді интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары дер кезінде іске асырылуы қажеттігін жеткізді. «Барлық адамдарға интернет жеткізілуі керек. Сол кезде тұрғындардың жаппай интернет сауаттылығы бізге «Цифрлық Қазақстанды» алға жылжытуға көмектеседі»,- деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Дереккөз: inform.kz
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Ғабит Алпысов
Неміс немесе ағылшын тілінің құрылымы басқа. My/your... School деп мектеп күйінде тұра береді, ал бізде менің/сенің... мектке - бің/біміз/іңіз... мектеп күйінде қалмай ауысып кетебереді. Біздің тілге келмейді. Бізге түркі тілдеріндегі əліпбилер келеді. Өйткені тілдеріміз ұқсайды.
Толе би ауданы.
Иа китап жетпейди алгашында 11жылдык ашылады деп айткан кезде китапта болады деген.Сонымен келе барлык жакка сураныс бердик китап жок сатып алындар деди .Ауданга 8жыл болган 10-11дин окулыктары келмегенине деди .Амал жок алдык.Мине биыл кайта солай болып жатыр.Не сонда акша болинбейме .Коп балалы отбасылар калай алады.Уйнде 6ты балашасы барлар барлыгыны китап алып берип отыр деймисиздер каражаты жетпейди.Алмаса мугалимдер алмаска коймайды.Будан болек аудандарга осы китапка деп акша болмей ме.Осы депутаттар неге осы китап маселесин колга алмайды.Бул китап деген ен керек нарсе емес пе?Баска нарселерди истеп жатырмыз ,даму устиндемиз деп корсетип жатыр.Ал былай ишине унилмейди де.Китап жетиспейтининде олардын бастарыда ауырмайды.Осы китап маселесине конил болейк те.Барлыгынын каражаты бирдей емес.