2015 жылы «Сауат ашу» пәніне өзгерген «Әліппені» 2019 жылы қайта қалпына келтіреміз. Оның латынмен немесе кириллицамен шығатынын келесі жылдың басында нақты шешеміз. Бірақ біз кейінге қалдырмаймыз. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Министр телеарнаға берген сұхбатында биылғы оқу жылында үлкен өзгерістердің болмағанын айтып, тек 2, 5, 7-сыныптардың оқулықтары жаңартылған мазмұнмен сабақ бастағанын жеткізді.
«2019 жылдан бастап барлық мектепке 0-сыныпты енгіземіз. Оқулықтардың жаңартылған мазмұнына кезең-кезеңмен көшудеміз. Былтырғы жылы жаңа бағдарламаны 1-сынып бастаса, биыл 2, 5, 7-сыныптар қосылды. Жаңа оқулықтар басылып, бәріне жіберілді. Келесі жылы бұл бағдарламаға 3, 6, 9-сыныптар көшеді. Биыл 73 мың мұғалім жаңартылған мазмұн бойынша деңгейін көтеру курсынан өтті. Келесі жылы тағы 70 мың мұғалім бұл курстан өтеді. Мұғалімдерге қиынға соғып жатқан жоқ. Біз мектептерді жаңартылған мазмұнға 2020 жылы толықтай көшіреміз», - деген министр биыл 1500-ден астам мұғалім ағылшын тілін үйреніп, ағылшын тілінде сабақ беруге кіріскенін айтты.
Пәндерді ағылшын тілінде оқыту тек қалаларда ғана болмайтынын айтқан министр қазақтың баласы қай жерде болса да бірыңғай жоғары, сапалы, заманауи білім алуы үшін бұл бағдарлама жаппай жүзеге асатынын жеткізді.
«Қазақтың баласы қай жерде болса да бірыңғай жоғары, сапалы, заманауи білім алуы керек. 2019 жылдан бастап 10, 11-сыныпта информатика, физика, химия және биология сынды 4 пән ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Қазір 95 пайыз ата-ана балаларына пәндерді ағылшын тілінде оқытуға дайын», - деді министр.
2015 жылы «Сауат ашу» пәні деп өзгерген «Әліппе» әлі күнге не үшін қайта қалпына келтірілмей жатқанын түсіндірген Ерлан Кенжеғалиұлы жаңа әліппенің латынмен дайындалуы мүмкін екенін тілге тиек етті.
«Оқулықтарды өзгертуге 4 жыл сайын қаржы бөлінеді. Яғни, 2015 жылы «Сауат ашу» деп өзгерген пән 2019 жылы қайта «Әліппе» деген атаумен 0-сыныптан бастап оқытылатын болады. Балалар «Әліппеден» жоғарылап «Ана тілге» көшеді. Ал «Әліппенің» латын мен кириллицаның қайсысында болатынын келесі жылдың басында шешеміз. Бірақ біз созбаймыз», - деді Білім және ғылым министрі.
Министр сұхбатында грант мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше әр мамандыққа бөлінген гранттардың саны 3 жыл бойы өзгеріссіз сақталғанда ғана мектеп бітіруші бұндай тосын жағдайға тап болмайды.
«Әр мамандыққа әртүрлі грант бөлінеді. Мысалы, жалпы медицинаға 2000 грант бөлінсе, тіс емдеуге 45 грант, педагогикаға 5000 грант берілсе, экономикаға 45 грант қана бөлінеді. Сөйтіп, экономиканы оқығысы келген бала 135 балмен түсе алмай, педагогикаға 65 балмен өтіп жатыр. Біз бұл мәселені шешеміз. Алтын белгілердің мәселесін де депутаттармен бірге талқылап жатырмыз. Меніңше әр мамандыққа гранттардың саны 3 жыл бұрын белгіленуі керек. 3 жыл өзгеріссіз қалса балалар да алдын ала болжап отырады», - деді Ерлан Кенжеғалиұлы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Мейрамгүл
Жаңа әләпби дегенің жақсы ғой, бірақ ана талқыда жүрген әліпби қабылданбасын!
Болат
Мынау қашан қазақша үйренеді?
Дастан
Ереке, тек алға! Дұрыс бағыттасыз!!!
Қадиша
Билік халықтың наразылығын көрмей ма?
Кахар
Білім көтеруге, ағылшынша үйренуге неше миллиард қаржы ел қазынасынан бөлінуде. Ағылшынша үйрене, үйрете алмайтын ауыл мұғалімдері ағылшынша білмейтін балдарға қалай білім үйретеді. Қазақты пышықсыз бауыздамақ па?
Серік
Қазақ тілін жоюға əрекет басталып кеткен сияқты.
Аманжол
Болған Әліппені Сауат ашуға одан кейін Сауат ашуды Әліппеге сөйтіп аудареееп жүре беріңдер,
Ерболат
Ал керек болса???? Ромашка болды ғой "любишь не любишь"
Әділ
Жаратылыс пəндерін ана тілінде бəрі бірдей түсінбейді, ал ағылшынша түсіндіру тіпті қиын. Бұлар оқытушыларды 10 есе артық айлықпен шетелден алып келсе көресіңдер.
Мөлдір
Латын әліппесін тезірек енгізсе екен деймін. Бірақ берілген латыншаны өзгертсе екен деймін, себебі диграфтар ұнамайды халықтың көбіне.
Байтұрсын
Іштен шыққан жау жаман
камшат
Әліппені қайта шығару керек, себебі осыған дейін оқығандар озбаса кері кеткен емес
Марал
Әліппенің бірнеше нұсқалары ұсынылып жатыр. Дегенмен, өзіме авторлары Айболған Кенжеғұлқыз, Оразова Жанна Орынбасарқызы әліппесі ерекше ұнады. Әліппе 4 тараудан тұрады. Әріптер қосарланып өтіледі. Балаларға үйретуге жеңіл және тиімід.