Өлең, жыр, ақындар

Жөлек қашан пайда болған?

1810 жылы ағасы Әлім ханның орнын басқан Омар хан Ұратөбені, Түркістанды алып, 1818 жылы өзін Әмір ул-мүсілімін (мұсылмандардың билеушісі) деп жариялайды. Сыр бойына жасалған қоқандық басқыншылық тарихы осы Омар ханның есімімен тығыз байланыста өрбіді.

Орта жүз хандарының ордасы болып келген Түркістанды 1816 жылы Омар хан жаулап алды, басқыншыларға тойтарыс бере алмаған қала билеушісі Тоқай Темір қашып құтылды.

Қоқандықтар Түркістан қаласын басып алғаннан кейін, Cыр бойындағы қоңырат, бестамғалы руларына ықпалын жүргізу үшін, бекіністер сала бастады. Алғашқы қоқандық бекіністер Омархан (1809-1821) кезінде салынған.

Олардың салынған уақытын көрсетуде Т.  А. Бейсембиевтің мәліметтерінде қоқандықтар 1814 жыл Шолаққорған, 1815-1820 жылдары Күмісқорған, Жаңақорған, Жөлек бекіністерін салған. Қоқан хандығының өз ішінде басталған билік үшін саяси текетірес кезінде қоқандықтар басып алған Сыр бойындағы бекіністерді Кенесары ханның кері қайтару жоспарлары болды. Бекіністерге шабуыл жасауға қазақтардың өзі ұсыныс жасады. 1845 жылы орыс әскеріне қолға түскен Кішкенбай Бекбасаров Сыр бойындағы қазақтарға қатысты «Қоқан ықпалынан қысым көрген қазақтар Кенесарыдан көмек сұраған. Олардың өтініштеріне орай, Кенесары 4000 адам жинап, Қоқан хандығына аттанды. Ол төрт бекініске шабуыл жасады: Жөлек, Жаңақорған, Бабайқорған, Тұрсынбайқорған. Сонымен бірге Ақмешітті төрт күн қоршап тұрды» деп хабарлады. Бекіністе тараған ауруға байланысты, қоршауды тастап, Сарысуға оралуға мәжбүр болды. Шабуыл кезінде Кенесарының бірнеше адамы ауруға шалдығып, қайтыс болды». 1845 жылы желтоқсанда Түркістаннан Ақмешітке дейінгі аймақта және Кенесары ауылдарында тырысқақ індеті тарап, Ақмешітті қоршау кезінде Кенесарының баласы Жапар сұлтан да ауруға шалдыққан. Ақмешіт бекінісіне жасалған шабуылдан кейін Кенесары қосынында басталған тырысқақ індетіне байланысты күнде бір жылқы құрбандыққа шалынған. 1847 жылы Кенесары хан қаза тапқаннан кейін Түркістан төңірегіне қоқандық ықпал бұрынғыдан да күшейе түскен.

Қоқан иелігіндегі қазақ жерлеріне жүргізілген барлау мәліметтері бойынша генерал-майор Ладыженский 1852 жылдың 21 тамызында Орынбор шекаралық комиссиясына, Орынбор генерал-губернаторына берген хатындағы деректерге сүйеніп, Сыр бойында Қоқандық бекіністердің салынған мерзімін анықтай аламыз. Ондағы деректерге сүйенсек, қоқандықтар Түркістан қаласынан бір күншілік жерде Жаңақорған, одан бір жарық күндік жерде Жөлек, одан екі күншілік жерде Ақмешіт, оған жақын жерлерге Күмісқорған, Қосқорған және Шымқорған бекіністерін салған.

Ақмешіт бекінісі

Жаңақорған бекінісі

Желек бекінісі

Фотода бекіністің қоршауын қоқандықтар саз балшықтан тұрғызған және сыртына жағалай саялы ағаштар отырғызғаны көрінеді. Бекіністің ішінен орыс әскерлерінің салған шіркеуінің мұнарасы мен әскери казармалардың шатырларын байқаймыз. Сонда шамамен 1815 жылдары салынған Жөлек қорғанын 1853 жылы орыстар қоқандықтардан соғыссыз тартып алып, 1861 жылы патша әскерінің  гарнизонына айналдырған.

Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт бекіністері 30 жылдан сәл ғана астам уақытта, Шымқорған 25, ал Күмісқорған мен Қосқорған 15 жыл бұрын салынған. Ақмешіт 1818 жылдары салынған деп дәлелденген.Сонда Жаңақорған бекінісі 1813, Жөлек бекінісінің салынған уақыты 1815 жылға тура келеді.

Жақындап қалған орыс әскеріне қарсы қорғанысты күшейту мақсатында қоқандықтар 1850 ж. Жөлек бекінісін нығайтты. 1853 жылы орыс әскері Жөлекті алса, қоқандықтар Жөлек пен Түркістан аралығындағы қазақтарға ықпалын жоғалтпау үшін Жаңақорған бекінісін күшейтеді.
Бұл бекініс «қоқандық баскесерлердің ұясы» болғандықтан талқандалды. Оның орнына салына бастаған Дінқорған бекінісі де орыс әскерлері тарапынан қиратылды. Осылайша, 1864 жылдың сәуірінде орыс әскерінің алдыңғы шебі болған Жөлек пен Түркістан қаласының арасындағы 190 верст аумақта қоқандықтардың бір де бір бекінісі қалмаған.

1853 жылы Ақмешіт түбіндегі шайқастан кейін Ресейдің Сыр бойында соғыс қимылдары тоқтап, Жетісу жеріндегі әрекеті белсендірек болған еді.

Қорыта келгенде Жөлек ауылының тарихы 19 ғасырдың 1815 жылынан басталады деуге толық дәлелдер бар.

Ал енді Жөлек (Жулек, Джулек, Джюлек) атауының пайда болуында түрлі болжамдар айтылады. Дегенмен Жөлек атауы «желек» сөзі негізінде аталып кеткен деуге негіз көбірек. Өйткені Қоқандықтар 1815 жылы қорғанды тұрғызған кезде оның ішіне, айналасына түгел тал, терек ағаштарын отырғызған. Жемістерден жүзім, алма, шие, өрік т.б өсірген. Бақша өнімдерін еккен. Архив материалдарындағы жазбаларға сүйенсек Сыр бойындағы Жөлек аумағындағы табиғаттың кереметтігіне сүйсінген дәлелдер көп. Саялы ағаштармен қоршалған Жөлек қорғанының әсемдігі, оның жасыл желегі алыстан көз тартатыны айтылады. Сонымен қатар Жөлек қорғаны маңындағы жергілікті қазақтар отырықшы болып, егін шаруашылығымен айналысып, түрлі жемістер отырғызған, қолөнер, өнеркәсіп дамыған. Жөлек 19 ғасырдың басындығы Сыр бойында өркениет пен сауда-саттықтың дамуында алғашқы елді мекендердің бірі болғандығы ақиқат шындық.
 
Демек, сырға толы Жөлектің тарихы Қызылорда мен Шымкенттен әріде, Түркістаннан беріде жатқанын байқаймыз. Қасиетті мекен Жөлегімізді қадірлей білейік, тарихынан тәлім алып, бүгінгісімен марқайайық. Жылдан-жылға еліміздің абыройы артып, туған жеріміз түлей берсін, ұрпақтарымыз ұлағатты болсын, абырой мен азаматтық биігінде көрініңіздер!  

 

Пайдаланылған материалдар:

«Менің Отаным – Қазақстан» сериясы аясында жарық көрген «Жаңақорған» ғылыми-көпшілік кітабынан алынды. Орыс саяхатшысы әрі жазушы Пашино Петр Ивановичтің (1836-1891) «Туркестанский край в 1866 году» атты жолжазбасының «Укрепление Джулек» атты бөлімінде [302, 53-62] Бұхар әмірінің Жөлекке сапары, ислам дінінің таралуы, бақсы емі, қазақтардың көктас қоюы қамтылған.

Мұсаев Қайрат Қыдырәліұлы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз