Ерте заманда бір өгізді үш адам баққан екен. Біреуі өгіздің басында жем, су беріп тұрады екен. Екіншісі өгіздің орта бүйір, қабырға тұсында тұрып өгіздің аш-тоқтығын бүйіріне қарап, оны сылап-сипап аялап тұрады екен. Үшіншісі — өгіздің арт жағында тұрып түрлі нәжістерін тазалап күтіп тұрады екен. Сөйтіп жүргенде бір күні өгіздері симей, тезек тастамай қалыпты. Сонда артындағы адам, бұған не болды екен, білейін деп, ортадағы адамға келу үшін жолда үш ай жүріпті. Одан кейіп екеуі кеңесіп, мұны тамаққа жақын басынан білейік деп, басына дейін үш ай жүріпті. Сонда басындағы адам: «Өгіз ауырды, алты айдан бері шөп жемейді, су ішпейді», — депті. Бұлар енді не қыламыз деп кеңесіп отырғанда, аспаннан бір қара құс ұшып келіп өгізді іліп ала жөнеліпті. Бұл құс тауға барып қонса, тау көтере ал май ойылып кұлай бастапты. Құс өгізді қайтадан алып ұшып, бір бәйтеректің басына қонған екен, о да көтере алмай, сытырлап сына бастапты. Құс өгізін алып одан да ұшып, мидай далада жайылып жүрген бір текенің мүйізіне қонған екен, оны теке шыбын қонған құрлы көрмей маңқиып тұра беріпті. Құс өгізді жұлмалап жей бастапты. Сол кезде осы текені аңдып жатқан бір мерген бар екен, құс өгіздің жауырынын бытырлатып, күтірлетіп тас-талқанын шығарып, етін жеп жаурынын сілкіп лақтырып тастағанда аңдып жатқан мергеннің көзіне тиіпті. Мерген көзіме шөп түсті деп жауырынды лақтырып жіберіпті. Сол күні алыстан жол жүріп келе жатқан бір керуен жолда жауын жауып, жер саз, жол ауыр болып, кеш болып кеткен соң сол жерге қонған екен. Түнде жер сілкінгендей, не айналғандай болыпты. Керуендер қорқып, пірлеріне сиынысып жатқан- да таң ата бастапты, керуендердің жер қозғалды деп жүргені, манағы мерген лақтырған жауырынды түнде тамақ аңдыған бір түлкі жейін деп қозғап айналдырған екен. Таң атқан соң қараса, керуендердің басы күн шығысқа қарап қалыпты. Таң ағарып атарда керуеннің қастарынан бір таудай зат жылжып ұзай бастапты. Керуендердің бір иті бар екен, манағы жылжып бара жатқан затты тарпа бас салып, үстіне мініп алыпты, керуендер келсе, адам айтқысыз зор түлкі екен. Керуендер жиылып, сыбанып союға кіріскенде, бір жағын сойып, бір жағын аударып союға шамалары келмепті. Керуендер түлкінің терісін үлкендеріне байлапты. Бұл кісінің жаңа туған баласы бар екен, түлкінің терісін сол балаға киім қылайын десе, тұмақ түгіл бөрік те шықпай қалыпты.
Жолдасбай
Ешқандай да мағана жоқ ия әңгіме емес ия ертегі емесәншейін былдыр батпақ бірдеңе түсініксіз.
Айсұлу
Керемет әңгіме! Грек мифологиясына ұқсап кетеді екен
Аяна
Әңгіме жанры - "Өтірік әңгіме". Өтіріктер — қазақ халқының тұрмыс-салтына байланысты туындаған фольклорлық мұралардың ең көн жанрларының бірі. Өтірік мазмұндағы туындыларды дүние жүзі халықтарының қай-қайсысының да фольклорынан ұшырастыруға болады.
Өтiрiк әңгіме өтірік өлең сияқты бала қиялын ұштауда, бейнелi ойлауға жетелеу, ұтқырлыққа, тапқырлыққа тәрбиелеуде аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан да халы ақындары мен балалар жазушыларының шығармашылығында бұл жанр жалғасын тауып, өрiстi дамып келедi.
Сабит
Ғалымдар абсурд, сюрреалист дүниені оқу/уайымдау шығармашылық ойды ынталандырады деп айтады. Сол себепті сананы абсурд тұңғиығына батыру пайдалы. Креатив шыңдалады.