Өлең, жыр, ақындар

Табиғат - тал бесік

Латыпова Нұрсауле Аманжолқызы

Тақырыбы: Табиғат - тал бесік

Мақсаты: 
1. Білімділік: оқушылардың қоршаған ортаға деген махаббат құндылықтары жайлы түсініктерін кеңейту; 
2. Дамытушылық: шығармашылық қабілеттерін, жақсылық жасай білу іскерліктерін, ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізе білуге дағдыландыру:
3.Тәрбиелік: табиғатты қорғауға, елін, жерін сүюге, мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеу, Табиғат-Анаға сүйіспеншілікпен қарауға жетелеу; 
Көрнекі құралдар: интерактивті тақтаға әзірленген слайдтар, табиғат туралы нақыл сөздер.

Барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.

Психологиялық жаттығу «Мейірімді жүрек»

Қайырлы күн, күнім, далам, орманым, 
Қайырлы күн, гүлім, құсым, көлдерім. 
Қайырлы күн, өсімдіктер, жәндіктер 
Қайырлы күн, бар тіршілік иесі! 
- Өте жақсы! Барлығымыз орындарымызға отырамыз.
1. Тіршілік атаулының бар арманы – ауа 
2. Тіршілік көзі – су 
3. Табиғат байлығы – өсімдіктер 
4. Орман сәні – құстар 
5. Табиғаттың сұлу мүсіні – хайуанаттар 
Мұғалім: Бізді қоршаған орта: жан-жануарлар мен өсімдіктер, Жер мен Ай, Күн мен алыстағы жұлдыздар – осылардың  барлығы да табиғат деген ауқымды білдіреді.

1- жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар және оқушылар! «Табиғатты сүю - Отанды сүю» біздің табиғатқа жасаған  әрбір жақсы қадамымыз – Біздің болашағымыз.

2-жүргізуші: Табиғат, Жер-Ана, Отан, Туған жер, Атамекен деген құлаққа жылы естіліп, жүрекке мағыналас, мазмұны бар сөздер. Адамның өзі – Табиғат пен Жер-Ананың перзенті. Жер-Ананы сүйе білу, оны аялау-адамның азаматтық борышы.

1- жүргізуші: Табиғат...Табиғат... бұл сөзде қаншама құдірет жатыр. Өмірдегі ең сұлу, көркем де жомарт тіршілік иесі табиғат емес пе?! Жер-Ананың мөлдір суын, жайқалған жасыл шөбін, асқар тауларын сүйемін. Өз байлығын адамзатқа сыйлаған табиғаттың жомарттығында шек жоқ. Аялайық та, сүйе білейік табиғатты.

Мұғалім: Адам табиғаттың ажырамас бөлігі. Өздерің ойлап қараңдаршы, үстіміздегі киіміміз, жейтін тамағымыз, оқитын кітабымыз, жазатын қағазымыз, тыныс алар ауамыз, ішер суымыз осылардың бәрі-бәрі табиғаттан алынады. Бүгінгі сабағымызда табиғатты қорғау үшін саяхатқа шығамыз.
- Ендеше, саяхатымыздың бірінші аялдамасы «Тіршілік атаулының бар арманы –ауа» деп аталады. Сөз кезегі оқушыларға беріледі. 

Жұлдыз:

Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат, 
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат. 
Ал адамға ауа қымбат бәрінен, 
Ауа қымбат, алатұғын дем қымбат. 
Расында да ауадан қымбат еш нәрсе жоқ . Адам бар–жоғы бір-екі минут ғана дем алмай тұра алады. Сондықтан дана халқымызда «Ауадай қажет» деген сөз бар.
Болмасын ауа ешкімнің арман - мұңы, 
Ауадан асқан жан жоқ жалғанда ұлы. 
Ойлашы кімге керек боламыз біз, 
Жұтудан таза ауаны қалған күні. 

Мұғалім: Ия, балалар, ауасыз өмірді елестету мүмкін емес. Ауаны ластамау әрқайсымыздың борышымыз. Ал тіршілікті сусыз елестету мүмкін бе? 
Ендігі екінші аялдамамыз «Тіршілік көзі –су» деп аталады. Судың қаншалықты маңыздылығы бар екен ? 
 

Нұрсұлтан:

Ойлау керек Арал жайын, ел жайын, 
Пәк табиғат тозып жатыр жыл сайын. 
Өзімізді асыраушы табиғаттай – Ананы 
Азаматтық арыңменен аялауға тұр дайын! 

Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі –су. «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Қазақстан Республикасында мол сулы өзендер, көлдер теңіздер бар осы мол суды өлшеусіз, есепсіз пайдалану судың азаюына әкеп соғады.
Сонымен су – табиғаттың жаны, қара жердің сәні дедік. Ал табиғатты әдемілікке бөлеп тұрған не? Ол – өсімдіктер. 

Келесі үшінші аялдамамыз «Табиғат байлығы –өсімдіктер» деп аталады.Табиғат байлығының бір тобы –жер бетіндегі әдемі өсімдіктер. Олар туралы не айтамыз? 
Аякөз:  

Көзін ашып, бақ өсір бұлағыңа, 
Айналсын құтты қоныс тұрағыңа 
Жайқалсын өлкемізде саялы бақ, 
Бөленіп күннің нұрлы шуағына. 

Өсімдіктер, ағаштар табиғатымызды түрлендіріп тұрған түкті кілем сияқты. Халқымыз өсімдікті өмір өзегі деп алып, одан қамқорлығын еш аямаған. «Әкеңнен мал қалғанша тал қалсын» деген көрнекті сөз соның айғағы. Ысырапсыз пайдаланғандықтан өсімдіктердің кейбір түрлер азайып бара жатқандықтан олардың 300-ге жуығы Қызыл кітапқа енгізілді. Қызыл Кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз жинаса олардың әрбір данасына 360 теңге көлемінде айып төлейді.


Мұғалім: Расында да, өлкемізді саялы баққа айналдыру әрқайсымыздың қолымыздан келеді. Ал сол әдемі табиғатымызды әсем әнге бөлейтін не балалар? (Құстар) 
 

Олай болса келесі аялдамамыз «Орман сәні құстар» деп аталады. Бұл туралы не айтасыңдар? 
Диас: Табиғаттың сәні де, әні де қалықтай ұшқан құстар. Олардың әсем әндері бойымызды балқытып, еріксіз еліктіреді. Олар – біздің қанатты достарымыз. Олар – табиғат сақшылары. Егістіктің, бау-бақшаның сенімді серігі. Сондықтан ата-бабамыз құстарды қадірлеп, құрметтеген. Олар батыр ұлдарын сұңқарға, сұлу қыздарын аққуға теңеген. Қазақстанда құстардың 480 түрі бар екен. Соның ішінде азайып кеткен құстар Қызыл кітапқа енгізіліп, қорғауға алынды. Ертеде жоңғар шапқыншылығы кезінде ауыл адамдары елін-жерін тастап қаша жөнелген екен. Сол ауылда Төле би атамыз ғана қозғалмай, киіз үйін жықпапты. Қалмақтың әскер басы себебін сұраса, Төле би үйінің төбесін көрсетіпті. «Қарлығаш шаңырағыма ұя салды, балапандары әлі жас, ұша алмайды» депті. Жас әскер басы Төле бидің адамгершілігіне риза болыпты. Содан Төле би атамызды «Қарлығаш би» атапты, ал қарлығашты «Әулие құс» деп атаған екен. 

Айтсақ әніміз, ардақтасақ сәніміз, табиғаттың көркі құстарды қорғау әрқайсымыздың парызымыз. 
Құстарды табиғаттың әні десек, табиғаттың сәнін келтіретін тағы да нелер деп ойлайсыңдар? (Хайуанаттар) 

Ендеше келесі аялдамамыз «Табиғаттың сұлу мүсіні хайуанаттар» деп аталады. 
Ақтолқын: Табиғаттың сұлу мүсіні, көрікті келбеті – хайуанаттар. Бүгінде орманның сәнін келтіретін жан-жануарлар азайып келеді. Соның бірі қазақ жерінде тас дәуірінен бері тіршілік келе жатқан ғажайып хайуанаттар өкілі – Ақбөкен болып табылады. Оны халық көбіне киік деп атайды. Оның мүйізінің өзінен өкпе қабынуын, жүрек ауруын т.б ауруларды жазатын емдік қасиеті бар екен. Бүгінде ақбөкенді, жалпы қарақұйрық, құлан, арқар т.б аңдарды қорғау үшін «Дарвин», «Интас» сияқты қорлар, түрлі қорықтар құрылып, түрлі жұмыстар жасауда.  Менің ойымша, адамдардың осындай қамқорлығының, мейірімділігінің арқасында орманымыз қайтадан әдемі аңдарға толатынына сенемін. 
- Өте  жақсы, олай болса келесі кезекті оқушыларымыздың табиғатқа арналған өлең шумақтарына берейік:

Ақнұр:

Сұлу дала, менің сүйген өлкемсің,
Жаны жайсаң жаратылған еркемсің.
Қандай жақсы қазақ болып туғаным,
О, туған жер, тамашасың, көркемсің!

Диас:

Қадір тұтіп табиғат қасиетін,
Әділдіктің алдында бас иетін.
“Мал қалғанша атаңнан, тал қалсын” деп
Бабам айтқан орынды өсиетін.

Нұрай:

Табиғат қызығам сенің суретіңе,
Бас ием сенің құдіретіңе.
Тұрасың күллі әлемге нұр таратып,
Тұтқасы тіршіліктің күн бетінде.

Нұрәділ:

Адамдар, жер сенің аяулы бесігің,

Осы жер үстінде аштың сен тіршілік есігін.

Онымен кіндіктес жаның да,қаның да

Жер-жаһанды аялап тұр алақаныңда.

 

Мұғалім: Маңғыстау – табиғаты әр алуан, шөлді өлкеге тән аптапты ыстық жазы, солтүстікке тән қатаң аязды, өткір желді қысы бар, сусылдаған құмы мен сылдырлап аққан бұлағы қатар кездесетін таңғжайып өлке. Олай болса өзіміздің туған өлкеміздің табиғаты туралы толық мағлұмат алайық.

Жанель:

Маңғыстау өңірі – Қазақстанның оңтүстік -батыс бөлігінде орналасқан.  Маңғыстау өңірінің миллиондаған жылдармен өлшенетін тарихы, соған сәйкес, сан алуан табиғат жаратылыстары мен жануарлар дүниесі болған. Қазіргі кезеңде Маңғыстаудың қай түпкірінен болса да тіршіліктің маусымдық ерекшеліктеріне байланысты: хайуанаттардың, бауырымен жорғалаушылардың, сүтқоректілердің, жыртқыш аңдар мен құстардың түрлерін  кездестіруге болады. Аймаққа тән сипаттама: жазы өте ыстық, қысы суық; жылдық және тәуліктік температураның күрт ауытқуы; жауын-шашыны аз және жыл мезгілі бойынша тең таралмаған, ауасы қүрғақ; бұлтты аспаннан гөрі, ашық күндері мол.

Видеоролик тамашалау.

Ақтолқын: Сабыр Адай «Маңғыстау» өлеңін мәнерлеп оқиды.
Хормен  «Табиғатым» әнін орындау.

Қорытынды.

Жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы Табиғат-Анаға қарыздар. Сондықтан да табиғатқа немкетті қарау, онымен санаспау- ана сүтін ақтамағанмен пара-пар. Адам баласы табиғаттың ең ұлы перзенті болуымен бірге, ең ұлы қамқоршысы екенін естен шығармауымыз керек. Олай болса біз Әдебиеттік оқу пәнінен Ыбырай атамыздың «Таза бұлақ» әңгімесімен танысқан болатынбыз. Сол таза бұлақтай ақ ниетімізбен табиғатқа деген өз тілектерімізді білдірейік. «Менің балғын тілегім».


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз