Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың ханы-Абылай

«Қазақтың ханы-Абылай» (тәрбие сағаты)

 

Мақсаты:  Қазақ хандары туралы ежелгі қазақ халқының дамуы жайында мағұлмат беру.Оқушылардың патриоттық рухын көтеру, еліне-жеріне деген махаббатын арттыру.Ата - бабаларына деген құрметін,  қазақ хандығының  құрылуы туралы білмдерін толықтру.  Абылай хан арқылы бабаларымыздың ерлігін бағалай білуге тәрбиелеу, сол арқылы еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру.

Көрнекілігі: Абылай ханның үлкен суреті, слайд

 

Жүру барысы:

Ашылуы:  « Қазақ биі»

 

Анель:

Түріктің бір бұтағы қазақ еді,

Қайсар мінез өр еді,ғажап еді,

Жәнібек ,Керей хандар басын қосып,

Өмірге келген еді Қазақ елі.

 

Али:

Алтай мен Атыраудың арасында,

Жетісу,Жеті өзеннің сағасында.

Бірігіп Ұлы,Орта,Кіші жүз боп,

Хандық құрды қазақ өз даласында.

 

«Қазақ хандығының құрылуы» Ерден атаның әңгімесі (видео)

 

       «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық» - деп президентіміз Н. Ә. Назарбаев айтып өткендей бұл ғасырда өмір сүріп отырған барша ұрпақ ғылым саласында өзіндік жол салар дара ұрпақ болуы тиіс. Олай болса болашаққа нық қадам жасау бүгіннен басталады.

  Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты шығармасында Қазақ хандығының құрылу уақыты 1465-1466 жылдар деп келтірілген. Осы дерекке сүйене отырып 2015 жылды Қазақ хандығының 550 жылдығы деп атап өту ұйғарылды. Атаулы күнді тойлау идеясын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған. 2014 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1448 «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын 2015 жылы тойлау туралы» бұйрығы шықты.

    Ұлы данамыз Әл – Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген, осы орайда «Бабалар ерлігі-ұрпаққа өнеге» дегендей саналы ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіміз болсын деген мақсатпен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай

үш жүздің басын біріктіріп, халқымызды тоз – тоз болудан, елдігімізді ыдыраудан сақтап қалу үшін жанқиярлықпен күресе білген, қазақ тарихында өшпес орны қалған батыр бабамыз Абылай ханды таныту мақсатында  «Қазақтың ханы-Абылай» тақырыбында тәрбие сағатын ұйымдастырған едік. Қош келдіңіздер!

 

Күй орындалады.

 

...Күңіреніп ойлағанда алаш жайын,

Жанымды орай берсе ұлы уайым.

Кеудемде күннің нұры толғандай боп,

Жырлаймын алты алаштың Абылайын.

Арсыға асқандаймын, тауап қылсам,

Кебедей Абылайдың Бурабайын ...

Мағжан Жұмабаев.

 

Бекарыс:

Сахнаға қазақша киінген ұл бала шыгады, суретке қарап тұрып:

Ұлы Абылай хан алып ием,

Асқар таудай алып ең,

Қазағым деп жанып ең,

Қазағым деп налып ең,

Тосылғаңда қалың ел,

Өзінді-өзің танып ең,

Намыс өртеп жағып ең,

Ұлы Абылай, хан ием!

Қорғаным ең, бағым ең!

 

Көрініс

Құрманғазының "Көбік шашқан"күйі ойнап тұр. Сахнада шұбырған ел. Жоңғарлар салған жара. Жас баланы жетелеген қарт. Бала 12-13 жаста. Қарт сахна төрінде тізерлеп отырып қалады.

 

Бала:

-Ата, тұр, жүр кеттік, жау келіп қалар, мен сүйейін.

Қарт:

Жоқ, балам, енді жүре алар емеспін. Сен тоқтама, жүре бер, бірақ тыңдап ал. Сенің атаң — Абылай, Түркістанның билеушісі болған. Аты аңызға айналған. Әкең Уәли орта жүздің сұлтаны, ал сен сол екеуінің бауыры Әбілмәмбетті іздеп тап, өзіңді жан адамға ашпа. Жауға сырыңды берме. Оның сәті келер. Ал, қош бол.

Бала:

Жоқ ата, мен сені тастамаймын!

(Қартты көтеріп алып шыгып кетеді).

Жүргізуші:  XVII ғасырдың 30-жылдары Батыс Монғолияда жоңғарлардың әскери-феодалдық мемлекеті құрылды. XVII ғасырдың 40-жылдары жоңғарлар Жетісу жері арқылы Қазақстанға баса көктеп кірді. Қазақ халқы 100 жылдан астам уақыт жоңғарлармен күрес жүргізді. Қазаққа қарсы Еділ бойындағы қалмақтар да ел тонау жорықтарын бастады. 1723 жылдан басталған қазақтардың босуы "Ақтабан шұбырынды" деп аталады.

Көрініс

Төрде Төле би, қасында 1-2 ақсақал. Есіктен үсті басы алба-жұлба, шашы сабалақ-сабалақ, бірақ көзі отты, сөзі өткір бір бала кіреді.

 

Бала-Ильяс: Асалаумағалейкум, биеке!, - деп сәлем беріп, анадай жерге отырады, астына биіктеу етіп шапанын бүктеп қояды, өзі қыран бүркітке ұқсайды.

 

Төле би- Сұлтан:

сынай қарап:

Қай баласың, аты-жөнің,

Барма еді әке-шешең, аға, інің?

Адам болсаң — хан текті, құста — сұңқар,

Байқасам, келіседі соған түрің.

Құс болсаң, ақ сұңқардың балапаны,

Адам болсаң қазақтың нағыз ханы.

Шырағым, Төремісің, Қарамысың,

Жөніңді бастан аяқ айтшы қане?

 

Бала:Ильяс

 Атым да, жөнім де жоқ бір баламын,

Дәм айдап тентіреген бейшарамын.

Әке-шешем, ел-жұртым, туғаным жоқ,

Атымды сіз қойсаңыз құп аламын.

 

Төле- Сұлтан:

Ендеше, "Сабалақ" болсын сенің атың,

Сөзің пысық, жауабың берген батыл.

Қой жайсын, байқармыз одан әрі,

Сынақтан өтіп жатса мұның затын.

 

Сабалақтың мойына қоржын іліп, қолына таяқ ұстатып, шығарып салады.

«Абылай хан» Ердосби (видео)

 

Алмаз

...Малшы боп таяқ ұстап қойын бақты,

Кеш жатып, ерте тұрып, отын жақты.

Бұйырған әрбір істі көңілді істеп,

Байыпты мінезімен биге жақты.

Зейнеп

Қойдан өтіп одан соң бақты түйе,

Нені бақса сол малға болып ие.

Отын алып, жүк артып, іркіт пісіп,

Құлын байлап, сауғызды жиып бие.

 

Асылай

Сабалақ істер істен жалықпайды,

Кезіксе қиын іске тарықпайды.

Істеген істерінің бәрі бапты

Елден ерек ісінің парықтары...

 

Жүргізуші:

   Бірақ Төле бидің «құлы» болу ол үшін үлкен мектептен өткенмен парапар болғаны белгілі.  Сол кезде «Сабалақтың» бойындағы тектілік қасиеттері жұртты таңдандырып, Төле бидің назарын да өзіне аударған екен. Бұны «Абылай» дастанында:

 

Ақнұрай

«Сипаты бұл баланың елден бөлек,

Бала жоқ сол бір елде айтар тең деп.

Сабырлы, терең ойлы, сөзі батым,

Көрген жан таңырқайды мынау кім деп.

 

Диас Б.

Төле би көптен бері назар салған,

Айтқаны атқошшының  емес жалған.

Елге тұтқа бір адам болар дейді,

Дүниеде тірі жүрсе өлмей аман»

 

«Сен білесің бе?» (видео)

 

Жүргізуші: Сөйтіп Әбілмансұр Төле бидің қойын, жылқысын бақты, түйешісі болды. 18 жасында Төле бидің Сабалақ аталған түйешісі көп қолмен қалмаққа қарсы аттанады. Бөгенбай 80 жасында қалмақтың батырымен жекпе-жекке шықпақшы болады. Әбілмансұр Бөгенбайдан рұқсат сұрап қарсы шығады. Осы ұрыста қалмақтарды ойсырата жеңеді. Осы жеңістен соң "Абылай" аталады.

 

Алина Б.

Сабалақ "Абылай" деп ұран салды,

Найзаны майыстырған жұлып алды.

Құлаштай сарбестіге қамшы басып,

Ағындап шауып келіп, кезек алды.

 

Алина М:

Көз жетпей, сене алмай тұр көрген пенде,

Қалмақтың басы түсті әуел жерге,

Мұқыл терек секілді дене қалды,

Дулыға жерге түсіп, жарқ еткенде.

 

Нұрайлым:

Әкеліп қасқа атты да ханға берді.

Кім сыйламай тұрады мұндай ерді.

Батырларды қасына ертіп алып,

Қалмаққа тобын жазбай, қайта кірді.

 

Көрініс

Сахнада хан тағында Әбілмәмбет отыр.

Әбілмәмбет-Шынияз:

Шырағым   неге   шаптың Абылайлап?

Босады жүйкем қатты ағамды ойлап,

Әкең кім? Ел-жұртың кім, туғаның кім?

Жөнінді бастан аяқ айтшы жайлап.

 

Әбілмансұр-Ильяс:

Жан аға, қазақ-қалмақ ерегесі,

Мұндайда ердің қозар делебесі.

Қысылған соң аузыма түсіп кетті,

Абылай — атам, мен оның немересі.

Шын атым — Әбілмансұр әкем қойған,

Өз әкем шабындыда басын жойған.

Сұрасаң, әкем аты — Уәли хан,

Дариға-ай, кез кеткен соң шығады ойдан.

 

Әбілмәмбет-Шынияз:

 Қарағым, анықсың ба Әбілмансұр?

Сағынып жүруші еді сүлдерім құр.

Бір баланың қалғанын естуші едім,

Әбілмансұр екенің түрінде тұр.

Әбілмәмбет Әбілмансұрды құшақтап көріседі.

Әбілмәмбет-Шынияз:

Жамағат, тақ иесі осы емес пе?

Өздерің көрдіңдер ғой қылған ісін.

Халайық, әкесі еді мұның хандық,

Тәңірім жаратыпты артық жан ғып.

Мен дағы қартайып ем, еріншектен,

Шүкір енді, тағыңа ие болып өзің қалдың.

Абылайды таққа отырғызады, халық үстіне шапан жауып, басына хан қалпағын кигізеді.

Мақсат:

Хан Абылай атандың,

Дүниеде шықпай мініңіз.

Алтын тақтың үстінде,

Үш жүздің басын құрдыңыз.

 

Шаттық:

Жетім менен жесірге,

Ешбір жаман қылмадың.

Әділдікпен жүргіздің,

Әдепті іске кіргіздің.

 

Алмаз:

Батырлар «Абылайлап» асығыпты,

Ойына алмайды екен асылықты.

Жасап тұрған жауына қарсы шауып,

Қалмақты Алатаудан асырыпты.

 

Ақерке:

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас,

Ел үшін жанын қиып, жауды қуған,

Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.

 

«Абылай хан» ( Видео )

 

Мереке:

Абылайлап атой салып шабатын,

Жаудың өзі сескеніп одан қорқатын

Патшалардың патшасы хан Абылай

Көреген басшы, нағыз дипломат болатын

 

Айжамал:

Айрылып айбынды түр келбетінде,

Бөрі жеп бөлінгенді әр шетінен.

Жойылды Шыңғыс ханның жорығынды,

Қалалар Отырардай жер бетінен.

 

Диас Т:

Ежелден –ақ қазақ болып аталған,

Қатал болды әр күн,әр түн,атар таң.

Күйдірсе де ызғарлы аяз,жалынды от,

Ел боп келдік,қалып қоймай қатардан.

 

Аудиозапись «Қазақтың ханы Абылай»

 

Тәуелсіздік туралы видео жіберіліп,Ұлпанның орындауында  «Қазақ елі» әні орындалады.

 

Қорытынды:

Абылай бабаның аңсаған арманына да жеттік. Еліміз тәуелсіздік алды, басқа ұлыстармен теңесіп, көк туымызды желбіреттік. Біз бабалар өсиетін, аманатын ұмытқан жоқпыз. Олардың аруағына сиына отырып, істерін алға жалғастырып келеміз. Халқымыздың осындай біртуар ұлдарының бірі, тұңғыш президентіміз — Нұрсүлтан Әбішұлы Назарбаев. Президентіміз басқа ұлттармен достық қарым-қатынасын нығайтып, дүние жүзі қазақтарының басын қосып, құрылтай өткізді. Бұл аталар дәстүріне адалдықты, сыйластықты білдіреді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз