Ақмола облысы
Целиноград ауданы
“Алтын дән” балабақшасының
Музыка жетекшісі: Басшиева Ләйла Кәдірбекқызы
Мақсаты: Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайында қарапайым түсінік беру. Ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа мирас еткен асыл мұрасын қадірлеп, қастерлеуге, қасиетін түсінуге баулу. Ұлттық дәстүрдің ерекшеліктерімен таныстыру. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін балалардың бойына сіңіру. Балаларды ұлттық салт-дәстүрді, мұраларды танып-білуге, сыйлап, түсінуге үйрету. Балалардың ой-қиялының, шығармашылық белсенділігінің және бейнелі ойларының дамуына ықпал ету.
Қажетті құрал-жабдықтар: Суреттер, салт-дәстүрлерінен көрініс, ат үлгісі, керуен үлгісі, дорба, қамшы, ұлттық бұйымдар, керуен.
Әдіс-тәсілдері: Әңгімелеу, сұрақ-жауап, көрсету, ойын.
Күй ойналады.
Балалар залға кіреді.
Амандасу.
Балалар, біз бүгінгі іс-әрекетімізде «Ата мұраң – асыл қазынаң» демекші, нәресте дүниеге келгеннен жеті жасқа дейінгі аралықтағы салт-дәстүрімізді есімізге түсірейік. Қазіргі заманда ол рәсім бар ма, орындалып жүр ме?..
Білгенімізді айтайық, білмегенімізді үйренейік.
Осы кезде екі бала:
Бала: Туғаннан соң адам боп,
Білімсізден жаман жоқ.
Ел дәстүрін білмесең,
Жұрт айтады: «надан» деп.
Бала: Кең даланың ежелгі
Қазақ дейтін халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де,
Бар дәстүр мен салтымыз.
Дәл осы кезде күй ойналып, Тазша бала кіріп келеді.
Тазша: - Ассалаумағалейкум!
Балалар: - Уағалейкумассалам!
Жүргізуші: - Жол болсын, Тазша бала! Алқынып келдің ғой, жайшылық па?
Тазша: Ауылдың шетінде балалармен «қанталапай» ойынын ойнап, шаң қаптырып, жеңіп кеттім ғой. Соған мәз боп, көңілім масайрап келеді.
Жүргізуші: Жол болсын! Ендеше, қайда жол тарттың?
Тазша: «Дәстүр» ауылына барамын. Сол ауылда дүниеге нәресте келіп, үлкен той болып жатыр. Сол тойға бара жатқанмын.
Жүргізуші: Бізде сенімен бірге барайық. Балалармен сол дәстүр жайында әңгімелеспекші едік. Олар да білгендерін айтсын, білмегендерін үйренсін. Қалай қарайсың?
Тазша: Жоқ. Алдымен олар менімен «қанталапай» ойынын ойнасын. Егер де мені жеңсе, әрине жол бастап, «Дәстүр» ауылына қонаққа апарамын.
Ойын: «Қанталапай». Ойында балалар жеңіске жетеді.
Тазша: Ендеше, соңымнан еріңдер!
Жүргізуші: Балалар, ертеде ата-бабаларымыз алыс жолдарға немен барған?
Балалар: Жаяу, атпен, түйемен, керуенмен.
Жүргізуші: Біздің ата-бабамыз бұрын түйені көлік ретінде қолданған. Ендеше ол ауылға жету үшін керуенмен жолға шығамыз.
Біздер бұрын көрмеген,
Салт-дәстүрім өшпеген.
Үйренеміз дәріптеп,
Заманында өрлеген, - дегендей, «Дәстүр» ауылына да келіп жеттік.
Балаларды ауылдың анасы қарсы алады:
- Амансыңдар ма, балаларым? Мал жандарың, елдерің аман ба? Балалар, бұл ауылдан халқымыздың әдеп-ғұрпынан, салт-саналарынан, ұлттық салт-дәстүрлерінен түсінік аласыздар. Дүние жүзіндегі әр елдің өзіне тән салт-дәстүрлері бар. Онсыз халық болмайды, балаларым!
Жүргізуші: Ендеше, балалар, дүниеге келгеннен жеті жасқа дейінгі аралықтағы салт-дәстүрімізді еске түсірейік.
Отбасында нәресте дүниеге келді. Ең алдымен нәрестеге не қойылады?
Бала: Балаға азан шақырып ат қояды. Ат қоюға қазақ халқы ерекше көңіл бөлген. Бала есімін жақсы, беделді кісілерге қойғызып, батасын алған.
Ата: Иә, балаларым, мына шақалаққа ат қою рәсімін маған жүктеген болатын. Енді осы нәрестеге ат қояйын.
«Ат қою» рәсімі жүргізіледі.
Жүргізуші: Балалар, кішкентай балаға атты жайдан-жай қоймаған. Әр есімнің өзіне лайықты мағынасы бар. Мысалы: баланың дені сау, жаны берік болуы үшін Тасболат, Тастемір, Шымырбай деп қойған.
Бала: Балаға тіл-көз тимейді деген ниетпен ат қойылған. Мысалы: Жаманбай, Қойшыбай, Ошақбай, Тезекбай.
Бала: Мұрат-мақсатыма жеттім-ау деген ниетпен: Арман, Бақыт, Мақсат, Мұрат деп қойған.
Бала: Қыз аттарына аспан әлемінің, аңдардың, асыл тастардың, қымбат металдың, нәзік өсімдіктердің, яғни: Алтын, Еңлік, Жібек, Құндыз, Мақпал, Құралай, Раушан, Шолпан, Шынар деп қойған екен.
Жүргізуші: Ат қою рәсімінен кейін қандай салт-дәстүр жүргізіледі?
Балалар: Шілдехана тойы.
Жүргізуші: Шілдехана тойы не үшін жасалады?
Бала: Шілдехана салты - жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын той.
Тазша: Балалар, көрші үйден көңілді дауыстар естіліп жатыр. Қане, бәріміз бірге барайық.
Жол үстіндегі оқиға.
Тазша: Қанша ыссы болса да,
Коньки тептім моншада
Айтақтап кәрі шымшықты
Шошыттым мүйізтұмсықты.
Жүргізуші: Тазша бала, сенің қырық өтірік өлеңдеріңді біздің балалар да біледі.
Бала: 1. Күріш ектім үйімнің шатырына,
Көршілерді палауға шақыруға.
Бала: 2. Сұр тышқан жетті ұрланып,
Жеп қойды пілдің құлағын.
Шұнақтығына мұңданып,
Солқылдап дәу піл жылады.
Бала: 3. Тап бергенде ит төніп,
Тұра қашты кит көріп.
Маймылға үйреттім домбыра,
Күй шалды, тиегін жонды да.
Тазша: Ой, бәрекелді!
Балалар «бесік тойын» тойлап жатқан үйге келеді. Әже қарсы алады.
Әже: Қош келдіңдер, балаларым! Мен немеремді бесікке салғалы жатыр едім. Бірге тойлайық. Төрлетіңдер!
Жүргізуші: Амансыз ба, әже? Біздің балаларымыз бесік тойы туралы естіп жүрген болатын. Енді жақсы болды ғой, көзімізбен көріп, бірге тойлайтын болдық.
Бала: Бесік, қолбау, аяқбау, шүмек, көрпе, көпшік.
Жүргізуші: Бесікке баланы жатқызбас бұрын қандай ырым жасалады?
Бала: Бесік - қасиетті мүлік. Бесікті аластап, тыштырма жасап, баланы бесікке бөлейді. Бәле-жаладан сақтасын деп, ырымдап, оған тұмар тағып қояды.
Әже: Бәрекелді, балаларым! Ал, енді баламызды бесікке бөлейік. «Бесікке салу» рәсімінен көрініс. Тыштырмадан шашу шашады.
Жүргізуші: Балалар, бесік тойынан кейін қандай рәсім жасалады?
Балалар: Баланы қырқынан шығарады.
Жүргізуші: Баланы қырқынан қай кезде шығарады?
Бала: Туылғанына қырық күн толғанда қырқынан шығарады. Қырық қасық суға түсіріп, ит көйлегіне тәттіні түйіп, оны иттің мойынына байлап жібереді. Балалар итті қуып жетіп, тәттіні бөліп жейді. Ит көйлек – нәрестенің алғашқы көйлегі.
Осы кезде келіншек келіп қолқа салады:
Тұсауын сіз кессеңіз деп, қолқа сала келдім. Мен сіздерді осы тойға шақырамын.
Әже: Жарайды, барамыз.
Әже, Тазша бала, балалар көрші үйге жол тартады.
Жүргізуші: Тұсау кесу үшін қандай заттар дайындайды?
Бала: Ала жіп, қайшы.
Сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деп, ала жіппен баланың аяғын тұсаулап, оны жылдам, сүрінбей жүретін адамға кестіреді.
Бала: Ала жіпті алайық
Әжемізге барайық.
Ер жетті деп айтайық
Шашуын жеп қайтайық.
Көрініс: «Тұсау кесу».
Әже: Күрмеуіңді шешейін
Тұсауыңды кесейін
Қадамыңа қарайық
Басқаныңды санайық.
Балалар хормен: Тәй-тәй бас, балақан,
Адымдай ғой.
Бір, екі, үш,
Алға қарай жүре ғой.
Әже: Алға басқан қадамың
Құтты болсын қарағым!
Тәй-тәй балам, тәй балам,
Шақырып тұр айналаң.
Құлатпаймын мен сені
Құшағыңды жай балам!
Келіншек: Әже, орамал тон болмайды, жол болады. Сыйлығымды қабыл алыңыз!
Жүргізуші: «Тұсау кесу» рәсімінен кейін немен жалғасады?
Балалар: «Тілашар» тойы.
Бала: «Тілашар» тойы бүлдіршіннің жеке-жеке сөздерді айтуға тілі икемделе бастаған кезде өткізіледі.
Жүргізуші: Тілашардан кейін не жасалады?
Балалар: Ашамайға мінгізу салты.
Жүргізуші: Ашамайға баланы неше жасқа келгенде отырғызады?
Бала: Бала 6-7 жасқа келген соң, оған тай атап, қамшы өріп, әсем ашамай жасап, тайға мінгізіп жүргізеді. Ашамайдан соң, «тоқым қағу» тойымен жалғасады.
Жүргізуші: Мәнге толы қазағымның ғұмыры
Сан асылдың ашылып тұр тұғыры.
Кеше ғана керексіз ғып тастаған
Ғажап екен әдебі мен ғұрыбы.
Осы кезде кішкентай бала жүгіріп келеді:
«Ашамайға мінгізу» салтынан көрініс.
Ата: Уа, халайық, тойға жиналған балалар, міне, бүгін менің Рысбек немерем ат жалын тартып мінетін жасқа жетті. Оған өзім арнайы қамшы өріп, ашамай істеп, тай атап, «сен азамат болдың» деп, тайға отырғызғалы жатырмын. Ел-жұртты жинап, той жасап жатырмын. Қане, қызықтан қалмаңдар!
Ата баланы тайға отырғызады. Бата беріледі.
Жүргізуші: Тойда бос отырмайық, біздің балаларымыз шетінен өнерлі. Ән айтайық, би билейік, ойын ойнайық.
Ойын: «Теңге алу».
Ойын барысы: Балаларды екі топқа бөліп, жарыстыру.
Әр топтың алдында 20-25см жерде ойыншылар саны қанша болса, сонша теңгелер жатады. «Бастаңдар» деген белгі бойынша әр топтың балалары жүгіре жөнеледі. Бір теңгені алып, айналып келіп, екінші баланың алақанын соғу арқылы кезегін береді де, өзі тізбектің соңына барып тұрады. Ойын осылай топтағы барлық балалар ойнап шыққанша жалғасады. Ойын шартын бұзбай ойнаған және ұйымшылдық пен шапшаңдық көрсеткен топ жеңген болып саналады.
Келіншек: Біздің Еркеқыз да шашбау тағатын жасқа жетті. Еркеқызымызға шашбау тағайын.
Би: «Шашбау биі».
Осы кезде Тазша бала қолын төбесіне қояды.
Тыйым сөздер.
Бала: «Қолыңды төбеңе қойма».
Ұялып қалған Тазша қолын бүйіріне таянады.
Бала: «Бүйіріңді таянуға болмайды».
Ата: Ал, халайық, бүгін менің немеремнің тойында бізге қонаққа келген балалардың ойынын да, биін де тамашаладық.
Әже: Өркендерің өссін, қарақтарым! Бүгінгі жұма күні арнайылап жеті шелпек пісіріп едім, ауыз тиіңдер, балаларым!
Жүргізуші: Ата, әже, бүгін біздер сіздердің қаймағы бұзылмаған «Дәстүр» ауылынан көптеген салт-дәстүрді көріп, тамашалап, санамызға түйдік. Қонақ болып, дәм ауыз тидік. Ал, енді біз қайтайық!
Жолда:
Бала: Біздер бұрын көрмеген
Салт-дәстүрім өлмеген.
Үйренеміз дәріптеп
Заманымда өрлеген.
Жүргізуші: Ата-баба дәстүрлері жаңғырды
Өше жаздап, қайта маздап, жан кірді.
Салт-дәстүрлер қазынамыз таусылмас,
Бабалардан бізге қалған сан түрлі.
Ән: «Қазақтың дәстүрлері».
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі