Ақтөбе облысы, Темір ауданы
Құмсай негізгі мектебі
Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі: Қонысқұлова Жанар Қонысқұлқызы
Сабақтың тақырыбы: Іздегенде табылатын қасыңнан…
Сабақтың мақсаты:
1. Оқушыларға дос, достық туралы әңгімелей отырып, олардың достық қарым-қатынасын нығайту.
2. Оқушыларды адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу, өзімшілдіктен, менмендіктен тағы басқа жаман әдеттерден аулақ жүруге үйрету.
3. Оқушылардың адамгершілік қасиетін, бір-біріне деген достық сезімдерін нығайту.
Әдісі: сын тұрғысынан ойлау стратегиясы, сұрақ - жауап.
Көрнекілігі: шарлар, нақыл сөздер, дос туралы мақал-мәтелдер, бейнеролик, ребус.
Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі.
I.Кіріспе
Психологиялық дайындық
Достық – әдеп, сыйласым,
Дос – өмірлік қимасым.
Дос арыңдай қимасым,
Достық сезім тым - тәтті.
II. Негізгі бөлім
Мұғалім: Бүгін «Іздегенде табылатын қасыңнан...» тақырыбында өткізілетін ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Бейнеролик арқылы достық түрлеріне тоқталу.
«Данышпан» атаның өсиеті әңгімесінен бастайық. Ертеде бір ақылды қария болыпты. Бір күні ақылды қарияға бір жігіт келіп:
-Ақсақал, мен қандай жігітпін, сынаңызшы, - депті. Қарт жігітке:
- Жолдасыңды көрсет, сонан соң айтамын,-депті. Жігіт жолдасын қартқа жіберіпті. Қарт жігіттің өзін шақырыпты. Жігіт келген соң қарт:
- Шырағым, жаман емессің, –депті.
– Қалайша олай дейсіз? - депті жігіт. Қарт күліп:
- «Жігітті жолдасына қарап бағала» деген сөз бар. Адам көбінесе өзінің мінезіне ұқсас адамдармен жолдас, дос болады. Шын достар бірінің жақсы қасиеттерін екінші үлгі тұтады, бойына сіңіреді. Олар бір –біріне өте жақын, бірін – бірі тез түсінетін болып кетеді, - деген екен. Осындай жолдастық, достық қарым-қатынас арасындағы ең бағалысының бірі – адалдық.
Тақырыпты ашу сұрақтары
1. Дос деген кім? Шарты: Бір сөйлеммен айту.
Сыр бөлісетін адам
Мені өте жақсы түсінетін адам
Көмекке әрдайым дайын адам
Қандай жағдай болмасын болмасын бірге болатын адам
Сенімді адам
1. Досың бар ма? Ол кім?
2. Достық шынайы сезім бе, әлде жай ұғым ба?
3. Қыз бала мен ер баланың арасында достық бола ма?
4. Жақсы дос, жаман дос қандай болады?
5. Досыңыздың басына қиындық түсті не істейсіз?
Дос қандай болу керек? (Топтастыру)
Адал жомарт адамгершілігі мол қарапайым
мейірімді Дос кешірімді төзімді ақылды
сабырлы салмақты кек сақтамау ашықтық бүкпесіздік
Мұғалім: Екі дос. Аңыз әңгіме
— Ең әуелі «Достық туралы» ұлы ғұлама, ойшылдардың айтқан сөздерінен үзінділер келтірейік.
Ерте заманның ойшылы және асқан шешен, ежелгі рим мемлекет қайраткері Марк Туллий Цицерон «Достық өз бойына қаншама сан алуан пайдалы нәрселерді біріктірген десеңізші! Қайда барсаңыз да, ол сізге қызмет етеді, ол барлық жерде бар, ол ешқашан да мезі қылмайды, ешқашан да орынсыз килігетін жері болмайды, ол сәттілікке жаңа сәулет береді, ол ортақтасқан сәтсіздіктер де көп мөлшерде өзінің уытын жоғалтады,»-дейді. Достық адамның өмірдің өзіндей сан бояулы, көп қырлы қаситетті, сондықтан бірер сөзбен оның толық анықтамасын беру мүмкін емес. Әйтсе де, ұлы шешеннің жоғарыда келтірілген сөздерінде ұғымның басты мәндері көрегендікпен ашып көрсетілген.
Мұқағали Мақатаевтың «Достарға» өлеңін Оспанова Мерейлим оқиды.
Достарым, риза емен мен сендерге,
Аспаннан айды алып, берсеңдер де.
Қайтейін қалған көңіл қабыл алмас,
Айламен неше түрлі келсеңдер де.
Дос болмай садаға кет сенің бәрің,
Сыр ұрлаған сұмпайы өңшең зәлім,
Сыртыңнан өліп-өшіп тұрғаныңмен
Білемін, бықсып жатыр, ішің мәлім.
Әуелден сырларыңды ала алмағам,
Сол үшін торларыңа арандағам.
Айламен алуға бар, беруге жоқ
Жан кеспе қасқырсыңдар жалаңдаған.
Бұйымға жарамайтын жапырақтар
Сендермісің дос деген атын ақтар?
Шаң басқан топтарыңнан енді аулақпын,
Өздеріңмен өзің біл, ақымақтар.
Жүргізуші:
Өтеді өмір дөңгелеп
Жөні бөлек, жөн бөлек
Менің де жаным шөлдейді
Досы жоқ көңіл бір бөлек
Десе де тірлік базарлы
Достың жөні бір бөлек
Қас - қағым мынау жалғанда
Сағынатын дос керек.
Достықтың негізі – достардың өмірге көзқарастары мен түсініктерінің ұқсастығы, бірлігі.
Ыбырай Алтынсаринның «Достық» өлеңін Қалмырзаев Ұлан оқиды.
Әй, достарым, жігіттерім,
Болмасқа болушы болма,
Қолыңнан келсе қыл қайыр,
Кісіден алушы болма.
Жақсының жүзі жәннетті,
Бір көруің ғанібетті,
Жаманның ісі міндетті,
Зар берсе де алушы болма
Жоғары қарап оқ атпа
Өзіңнің түсер қасыңа
Ақылсыз жанды «Досым» деп,
Басыңды қосып сыр айтпа
Күндердің күні болғанда
Мұғалім: Халықта Досыңнан тап!» деген қарғысқа жақын сөз бар. Бұл - достың бәрінің бірдей еместігі, адамға ең ауыры - досыңның арамдығы, екіжүзді опасыздығы екені еске салатын сөз. Шынында да ішек - қарнына дейін түгел білетін адамыңның қасына айналуынан, қарсыласың жаққа шығып кетуінен қауіпті, өкінішті, не бар?!,Бұдан дос- дұшпаныңды айыра білудің қаншалықты маңызды екені көрінеді. Әйтпесе опық жеп, бармақ тістеп қалуың оңай. Сондықтан достықтың белгісі – достың сырын өз сырыңдай сақтау. Даналар айтқан ғой – Сыр сақтау - тіліңнің астына шоқ салып алғаннан да қиын деп. Тіліне ие бола алмайтын жеңілтек пәтуасыз жандарға «Досым ғой» деп сыр ашу жамандыққа апарып соқтыруы мүмкін
Ендігі кезекті көрініске береміз «Тақтайға қағылған шеге»
Рөлдерде: Автор: Мерейлим, әкесі:Рамазан, баласы: Ұлан
Мерейлим: «Мінезі нашарлау, бұзақы бір бала болыпты.
Әкесі: Баламау үстің неге шаң-шаң, бүгінде төбелесіп келдіңбе?-дейді
Баласы: Мен емес әке өздері ғой тиіскен
Әкесі: бұған шара қолданбасам болмайды!- дейді
Мерейлим: Күндердің күнінде әкесі оған бір дорба толы шеге беріпті.
Әкесі: Баласына «Жолдастарыңмен әрбір керіскен, төбелескен кезіңде тақтайға бір шеге қағып отыр» - депті.
Баласы: Бала бірінші күні тақтайға 10 шеге қағыпты.
Мерейлим: Содан кейінгі күндері өздерін тежей жүріп, күн сайын шегені аз қағуға тырысыпты. Сөйтіп, әйтеуір бір шеге қақпаған күнге де жетіпті. Әкесі: тақтайдың жанына келіп баласының шеге қаққан тақтайына қарап:
Әкесі: Бүгіннен бастап керіспеген, төбелеспеген әрбір күніңде бір шегеден суырып отыр,- депті.
Мерейлим: Бірнеше күн өткеннен кейін тақтайда шеге қалмапты.
Әкесі: Демек нәтиже шыға бастады. Балам тақтайға дұрыстап қарашы. Көптеген тесіктер пайда болды, енді бұрынғыдай біртегіс болмайды. Жолдастарыңмен керісіп, төбелескен кезде былапыт, жаман сөздер айтылады. Әр жаман сөз жанға бір жарақат салады. Соңынан жолдасыңнан мың рет кешірім сұрасаң да, ол тесіктер бітелмейді. Дос асыл тас тәрізді. Сенің қуанышыңа ортақтасады. Көңілің жабырқаса, көмекшің болып, қайғыңды басады.
Мұғалім: Дос ақылшы, көмекші, сырлас, жақын, адал, шыншыл деген ұғымды білдіреді. Өмір адамға бір - ақ рет беріледі, сондықтан да дос өмірдегі қиыншылық пен қызық кезеңдерді бөлісу үшін қажет. Достықтың екі түрі болады: адал дос, амал дос.
Достасу, серік табу адамның бақытына бақыт қосады. Достасудан бірлік, бірліктен тірлік, тірліктен жеңіс, жеміс, қуаныш, бақыт туады.
Дос болу – киелі ұғым. Достық аспандағы жарық жұлдыз, теңіздегі гауһар тас. Жұлдыз да, асыл тас та кіршіксіз мөлдір. Бұл екеуін ешкім де, еш құдірет те кірлете алмайды.
Тапсырма: Бағандағы сөздерден адал достыққа тән қасиеттерді тауып айтыңдар.
Қуаныш, Күлкі,Сараң
Өзара сыйластық,
Көреалмаушылық
Еңбек, Өзара көмек
Арам, Шыншылдық,
Сұлулық, Сараңдық
Сүйіспеншілік, Түсіністік, Қатыгез
Мейірімділік, Қамқорлық
Кешірімділік, Адалдық
Жауапкершілік, Әдептілік, Қайырымды
Сергіту сәті. Суреттер беріледі, сол суреттер бойынша қандай мақал жасырынғанын дұрыс тауып айту.
Ситуациялық сұрақтар:
1. Бір күні көптен бері кездеспеген досыңмен жолығып кездесіп қалдыңдар. Әңгіме – дүкен құрып дәмханада отырғанда кенет анаңның “тез қайт”- деп бұйырғаны есіңе түсе кетті. Сен осы кезде не істер едің?
2. Достарыңмен табиғат аясында демалып отыр едің, қасыңда енді ғана таныса бастаған әдемі қыз (жігіт) отыр. Кенет сенің 10 жыл бірге оқыған сыныптас досың көрші елді - мекенге барып келу керектігін сенен өтініп сұрап телефон шалды. Сенің осы кездегі әрекетің қандай болар еді?
3. Поезд жүріп келеді. Сен алып ұшып, сағынып туған ауылыңа 7 - 8 жылдан кейін келе жатырсың. Көптен бері көрмеген сыныптастар мен дос - жарандарыңды болашақ жарыңа мақтан етіп келе жатқаныңда алдарыңа бір қайыр сұраған мүсәпір кейпіндегі ұсқынсыз бір адам келе қалды. Бұл сенімен бірге оқыған, бірге ойнаған, бір нанды бөлісіп жеген ажырамастай боламыз деп кішкене күндеріңде бір – біріңе уәде берген қимас досың болып шықты. Сенің оны көргеннен кейінгі әрекетің қандай болады деп ойлайсың?
Мақалды жалғастыр
1. «Кемшіліксіз …. іздеген адам …. қалады».
2. «Дұшпан …. айтады, дос….айтады».
3. «Жаңылмайтын … жоқ, сүрінбейтін тұяқ …….».
4. «…. жаңасы жақсы, … көнесі жақсы.».
5. «……….ақшаң болғанша, көп досың …».
6. «Досы көппен …. , Досы жоқпен … ».
7. «Досы … , өзі де жақсы».
8. «…. басқа қарайды,… аяққа қарайды».
9. «Ақылсыз ….ақылды дұшпан ….».
10. « Досың мың …., … біреу болса да көп».
11. « … адам тамыры жоқ … тең»
12. « … дос болсаң, Сасқанда ақылың айтар. … дос болсаң, Топ ішінде бетің қайтар».
Жауаптары
1. «Кемшіліксіз дос іздеген адам доссыз қалады».
2. «Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады.
3. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ».
4. «Киімнің жаңасы жақсы, достың көнесі жақсы».
5. «Көп ақшаң болғанша, көп досың болсын».
6. «Досы жоқпен сырлас, Досы көппен сыйлас».
7. «Досы жақсының-өзі де жақсы».
8. «Дос басқа қарайды, Дұшпан аяққа қарайды».
9. «Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық».
10. «Досың мың болса да-аз, Дұшпаның біреу болса да-көп».
11. «Доссыз адам тамыры жоқ ағашпен тең»
12. «Білімдімен дос болсаң,
Сасқанда ақылың айтар.
Білімсізбен дос болсаң,
Топ ішінде бетің қайтар».
Мұхтар Шахановтың «Достық туралы» өлеңін Тартипов Рамазан оқиды.
Айқындалмас жақының мен алысың,
Доссыз жүру мүмкін емес сол үшін
Өз көңілінен сенім таба білмеген,
Досқа досша ұсына алмас қол ұшын.
Доссыз менің өмірімде бар ма сән,
Досым барда арманға асам, алға асам,
Мақтау күтпен, адамшылық арыңды
Көкірегімді оққа төсеп қорғасам.
Адам деме жалған күліп алдасам,
Не берсем де сеніп бере алмасам.
Тар кезінде талшық етер жаныма
Жарты құртты бөліп бере алмасам
Дос құшақтан босамасын қолдарым,
Осы менің, осы менің арманым
Достығыма сенетін жан аз болса
Құрбым, менің әлсіз болғаным
Мұғалім: Ал енді балалар өзімізге жақсы дос іздейік.
«Дос іздеймін»
Мұғалім: Кез - келген адамның өзіне лайықты досы болғанын армандайтыны белгілі. Сіздің кейбіреуіңіздің, мүмкін осындай шынайы досыңыз бар шығар. Ал қайсібіреуіңіздің көптеген таныстарыңыз, жақындарыңыз болса да, олардың арасынан өзіңіздің нағыз досыңызды таба алмай жүрген боларсыздар? Ал үшіншіңіз, мүмкін, өзіңіздің тұйық, ұялшақ мінезіңізден өзіңізді жалғыз санап, досыңыздың болмағына қынжылатын боларсыз. Кез - келген жағдайда да нағыз дос ешкімге кедергі келтірмейді. Ендеше өзімізге қандай дос қажет екендігін бейнелейтін газет шығарып, бір сәт ойынға араласайық. Осы сәттен бастап мен тегін хабарландырулар жариялайтын ерекше газеттің редакторы рөлін атқарамын. Газет «Дос іздеймін» деп аталады.
Сіздердің әрқайсыңыз бұл газетке дос іздейтініңіз жөнінде хабарландыру бере аласыз. Бұл хабарландыруда сөздердің саны мен әріптердің өлшемдеріне ешқандай шек қойылмайды. Хабарландыру әр түрлі формада болуы мүмкін. Сіз мысалы үміткер досыңыздың қандай қасиеттерінің болғанын қалайсыз, тіпті оның суретін салсаңыз да болады. Өзіңіз туралы айтсаңыз да болады. Бір сөзбен айтқанда хабарландыруды қандай түрде беремін десеңіз де өз еркіңізде. Тек ұстанатын нәрсе – дос іздеген хабарландыру өте көп болады, сондықтан сіз өзіңіздің хабарландыруыңыздың көркем безендіріліп, басқалардың назарын бірден аударатын жағын ойластырғаныңыз жөн.
Қолдарыңызға қағаз, қалам және сурет салатын болсақ қарындаш алыңыз да іске кірісіңіз. Бес минут уақыт беріледі.
Қадыр Мырзаәлидің «Бостан – босқа шытылмайды қабақтар» өлеңін Ұзақбаев Ислам оқиды.
Бостан – босқа шытылмайды қабақтар
Байқайсың ба,
Сенде қызық әдет бар:
Шын дарынды дұшпаныңды жамандап
Қабілетсіз достарыңды мадақтар.
Жағу емес,
Ұғу емес керегі
Қай кезде де әділетті, зере құл
Мықты болсаң,
Кемістігін досыңның,
Жетістігін дұшпаныңнан көре біл.
Ән: Хор. Достарым. 8-cынып оқушылары
Қорытынды:
Ал, сендер достарыңмен әрқашан бірге болу үшін, мен сендерге бір аңыз айтып берейін. Сендер оның кейіпкері боласыңдар.
— Ертеде бір ата болыпты. Бір күні балаларын шақырып:
— Міне, сендерге бір — бір таяқшадан беремін. Оны сындырып көріңдерші. (балалар сындырады)
— Қалай сынды енді, біріккен таяқшаны сындырыңдаршы. Бір — бірлеп жүрсеңдер сендер де тез сынасыңдар, бәрің бірге жүрсеңдер ешкім сендерді сындырмайды. Тату — тәтті болу керек. Бірлік бар жерде тірлік бар. Сендердің достарыңа қуанып, біздің әсем гүліміз одан сайын жайқала түсіпті.
Қорыта келгенде, менің сіздерге айтарым:
Қиын кездерде бір-біріне көмек көрсетіңдер.
Досыңды алдамай, оған адал бол.
Досыңды қорлама.
Досыңмен қызықты шақтарды бөлісе біл.
Досыңды барда да сына, жоқта да сына.
Досыңның кемшілігін кешіре біл.
Достық - адамдардың бір-бірін жаны қалап, шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес, мұраттас болуы. Қай кезде, қай жаста болса да, адам өміріндегі достықтың орны бөлек. Сондықтан оған өте жауапкершілікпен, байсалды қарау қажет. Достықтың алғашқы белгілері мектептен, сыныптан басталады. Сондықтан барлық уақытта да достығымызғы адал да берік болып оны мәңгілік сақтай білейік.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі